Энергетикалық тәуелсіздік орнады
Тәуелсіздік жылдарындағы жетістік сол, мемлекетіміз өз аумағымызда Бірыңғай электр энергетикалық жүйені (БЭЖ) құра алды. Әйтпесе, сонау 1920 жылы Лениннің «коммунизм дегеніміз – кеңес билігі плюс бүкіл елді электрлендіру» деген ұранына құрылған ГОЭЛРО жоспары және кейінгі КСРО бағдарламалары нәтижесінде Қазақстан өз ішінде тұйықталған жүйеге қол жеткізе алмады. Салдарынан, әр облыс көршілердің токпен қамту жүйесіне кірді. Мысалы, оңтүстігіміз – Өзбекстан мен Қырғыз Республикасы, батысымыз бен солтүстігіміз – Ресейден энергия сатып алатын. Яғни, әр өңіріміз өзге республикаларға тәуелділікке түсті. Бұл Кеңес Одағы күйрегенде өңірлердің жарықсыз қалуына соқтырды. Әрине, бұған төл стансаларымыздың дағдаруы да үлес қосты. Содан Елбасының тапсырмасымен еліміздің бір облысынан екіншісіне сым тарту, тірек-бағана тұрғызу бойынша ғаламат жұмыс қолға алынды. Ақырында, ГРЭС, ЖЭС бар, Қазақстандағы электр стансалары, электр беру желілері мен шағын стансалар ортақ жүйеге біріктірілді. Бір өңіріміз іргедегі екіншісін қуатпен жабдықтай алатын күйге жетті. Сонымен бірге көрші елдермен де байланыс үзілген жоқ: ішкі тұтыныстан артылған қуат сым бойымен Ресейге экспортталады. Қазіргі кезде ұлттық электр желісіне 35-1 150 киловольт (кВт) кернеуіне ие 297 электр беру желісі кіреді, олардың жалпы ұзындығы – 24,4 мың шақырым. Бұл – Жер шарын жартылау орауға жетеді. Сонымен қатар жүйе құрамында кернеуі 35-1 150 кВт болатын 76 қосалқы электр стансасы бар. БЭЖ-ді «KEGOC» АҚ бір өзі басқарады. Еліміздің салалық жүйелі операторы – сол. Отандық БЭЖ шартты түрде 3 аймаққа бөлінген: солтүстік, оңтүстік және батыс. Солтүстік аймақ – елдің ауқымды бөлігін – ШҚО, СҚО, Павлодар, Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Ақтөбе, Алматы облыстарын, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларын қамтиды. Оңтүстік аймаққа – Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстары, Шымкент қаласы және Байқоңыр жатады. Батыс аймақ – Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарын жабдықтайды. Энергетика министрлігінің түсіндіруінше, осы батыс аймақтың «республика аумағы бойынша Қазақстанның БЭЖ-імен электрлік байланысы жоқ». Оқшауланып қалған. «Бүгінде Қазақстанның БЭЖ-і орнықты жұмыс істеп тұр. Экономиканың және халықтың электр қуатына деген қажеттілігі толығымен, сенімді әрі жүйелі түрде қамтамасыз етілген» деп сендірді меморган.Импортқа тәуелді емес сала
Қазақ елінің экономикасы мен тіршілігі қыз-қыз қайнап, бойындағы қажыр-қайраты тасқындауы үшін бүгінде әртүрлі меншік нысанындағы 150-ден астам электр стансасы екпінді түрде қуат өндіруде. Бұлар өз ішінде «ұлттық маңызы бар», «өнеркәсіптік мақсаттағы» және «аймақтық мақсаттағы» электр стансасы болып бөлінеді. «Қазақстанның электр стансаларының жалпы қуаты 2020 жылы 22 936,58 МВт-ты құрады. Жаңғыратын энергия көздерінің (ЖЭК) жиынтықты қуаты, шағын су электр стансаларын қоса алғанда, 1 361 МВт болады. Оның ішінде 37-сі – күн электр стансасы (797,6 МВт), 21-і – жел электр стансасы (335,9 МВт), 4-еуі – биоЭС (2,82 МВт). Бұл ретте республикада 2019 жылғы қарашада электр жүктемесі жылдық шырқау шегіне – 15,18 мың МВт-қа жетті», – деді Энергетика министрлігі. Қазақ елі сол бұрынғыдай қатты отын жағып бой жылытатын ел болып қалуда: бізде генерацияланатын бүкіл қуаттың 69,7%-ы көмірден алынады. Тағы 20%-ы – газдан, 0,1%-ы – мазуттан өндіріледі. Суды құрықтаған ірі гидроэлектр стансаларының еншісінде – 9%. ЖЭК үлесі небәрі – 1,2%. Былтырғы 2019 жылы Қазақстан 105 миллиард 193,1 млн кВт/сағ электр энергиясын тұтыныпты. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 1,9%-ға көп. Дегенмен биылғы көрсеткіш аздау болуы мүмкін: коронавирус пандемиясымен күрес аясында енгізілген ТЖ режимі, одан кейінгі шектеу шаралары отандық барлық зауыт-кәсіпорындардың толық қуатында жұмыс істеуіне тосқауыл қойды, біразы наурыздан бері жабық тұр. Өңірлер бойынша қарасақ, өткен жылы оңтүстік аймақ, яғни Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстары, Шымкент мегаполисі Байқоңырмен бірігіп, энергия шығынын бірден 740,6 млн кВт/сағатқа немесе 3%-ға арттырған. Бірақ ең көп қуат тұтынатыны – солтүстік аймақ: бір жылда тағы 1 миллиард 197,3 млн кВт/сағатқа немесе 2%-ға артты. Батыс аймақтағы тұтыныс өсімі 26,9 млн кВт/с немесе 0,2% болды. Ең көп шығын – ірі өндіріс орындары мен ірі кәсіпорындарда: олар 35 миллиард 50,6 млн кВт/сағ немесе жалпы көлемнің 33,3%-ын жұмсады. Еліміз бір жылда 105,2 млрд кВт/с қуат тұтынғаны әлгінде айтылды. Ал осы кезеңде, 2019 жылы Қазақстан 107,46 млрд кВт/с электр өндіріпті. Артығы көршіге сатылды. Саладағы жетістіктерімізді Еуразиялық одақ елдерімен салыстыра кету қызықты. Ресей – 1 триллион 91,7 миллиард, Беларусь – 38,8 млрд, қырғыз елі – 15,6 млрд, Армения 7,8 млрд кВт/с энергия өндірді. Бір жыл ішінде Ресей – 1 триллион 762 млрд, Беларусь – 37,8 млрд, Қырғыз Республикасы – 13,3 млрд, Армения 5,9 млрд квт/с қуат шығындапты. Экспортқа тоқталсақ, Ресей – 16,7 млрд, Қазақстан – 2,2 млрд, Армения – 1,6 млрд, Беларусь – 1 млрд, Қырғыз Республикасы 0,7 млрд кВт/с электрін өзге елдерге сата алған. Импортқа келсек, Ресей – 5,1 млрд, Армения – 0,15 млрд, Беларусь 0,05 млрд кВт/с қуатты шетелден сатып алды. Қазақстан мен Қырғыз Республикасы өзін-өзі толық қамтамасыз етуші елдер саналады және импортқа тәуелді емес.Түйткілі көп сектор
Бұл салада КСРО кезінен бері көп проблема қордаланып қалды. Олардың біразын Энергетика министрі Қазақстанның отын-энергетикалық кешенін дамытудың 2030 жылға дейінгі жаңартылған тұжырымдамасында көрсетті. Атап айтқанда, электр энергетикасының шешуді талап ететін жүйелі мәселелері қатарына салаға құйылып жатқан инвестициялардың жеткіліксіздігі; мемлекеттік саясаттың үйлесімсіздігі; цифрлы технологиялардың тапшылығы; еліміздің батыс аймағының БЭЖ-ден оқшауланған жұмысы; кәсіби кадрлардың жетіспеушілігі; энергетикалық кәсіпорындарда жарақаттану және апат оқиғаларының көптігі: еңбекақы көлемінің төмендігі жатқызылды. Тұжырымдамада тіпті өңірлерді электрмен және жылумен жабдықтау жүйелерін дамытудың ұзақмерзімді жоспарының жоқтығы ашық айтылған. «Жасыл» қуат көздерін насихаттауға бюджеттен миллиардтап грант берілсе де, инвестиция төгілсе де, ауылдар мен фермерлік шаруашылықтар жаңғыратын қуат көздерімен қамтылмады. Стансалардың негізгі және көмекші құрал-жабдықтарының тозығы жетті. Энергия өндіруші ұйымдар – стансалар мен жылу-электр орталықтары қуат үнемдейтін және экологияны қорғайтын технологияларды енгізуге құлықсыз. Кесірінен, қалалықтардың көк түтінге қақалуы, ұлт денсаулығының нашарлауы, дерттердің өршуі, қыста қап-қара қардың жаууы секілді үрейлі құбылыстар белең алуда. Белгілі академик, экономика ғылымдарының докторы, экономист Рашит Кәренов Қазақстанның заманауи энергетикасының басты кемшілігі – оның тез бітетін ресурстар көзіне сүйенуі дейді. – Мұнай, газ, көмір секілді тез таусылатын энергия көздерінің өндірісі мен тұтынысына иек арту – төтенше тәуекелді іс. Бұларды қарқынды өндіру ресурс қорын ұдайы толықтыруды, ол үшін геологиялық барлауға орасан шығын шығаруды, артынша жаңа кен орындарын игеруге мол инвестиция салуды талап етеді. Ендеше шикізаттың әр тоннасы мен текше метрі барған сайын қымбаттай бермек. Бара-бара бұл ресурстар өндірісін өсірмек түгіл, қолданыстағы көлемде сақтап тұру мүмкін болмай қалады. Кейбір қазынаны ақыры түгесіп тынамыз. Қуат көздерін шетелге шикізат түрінде сату Қазақстанға тиімсіз, бұл шындап келгенде шетелдік өндірушіні қолдау. Өйткені еліміз жатжұрттық өндірушіні отынмен және шикізатпен қатар жабдықтайды, – дейді академик Р.Кәренов. Ғалымдардың байламынша, Қазақстан синтетикалық сұйық отын түрлерін және көмірден мұнай-химиялық өнім алу технологияларын игергені жөн. Қалай болғанда, ХХІ ғасырда адамзаттың қуат пен жылу өндіру саласын үлкен өзгеріс күтіп тұр. Дамыған елдер осы істе алға кеткенде, оларды мемлекетіміз ескіше көмір жағып қуып жете алмасы сөзсіз.Елдос СЕНБАЙ