Осылайша, Сооронбай Жээнбеков билік элитасын Атамбаев кадрларынан тазалады. Тіпті, Атамбаевты қырғыздың социал-демократия партиясының төрағалығынан да алып тастады. Аталған партияның елдің саяси өмірінде ықпалы мол. Парламенттегі 120 орынның 38-ін алып отыр. Енді партия толығымен Жээнбековтың қарамағында деуге болады.
Жалпы, Алмазбек Атамбаевтың тек 1 ғана қылмыс бойынша (Батукаевты түрмеден заңсыз босатқан) айыпталуы «жолының болғаны» деуге келер. Неге? Себебі бұған дейін прокуратура оған бірнеше ауыр айып тақты. Біріншісі – Атамбаев Кой-Таш ауылында жерді заңсыз алып, онда қазіргі үйін салған. Екіншісі – «Ака Инвест» фирмасы арқылы ақша жымқырған. Үшіншісі – Бішкек жылу электр стансасын жаңғырту, жөндеу барысында жемқорлыққа қатысы болған. Төртіншісі – Бішкек жылу электр стансасының көмір сатып алу ісіне араласып, жемқорлыққа жол берген. Ал оның Кой-Таш ауылындағы үйін шабуылдау барысында арнайы жасақ сарбазының өлімі де экс-президентке айып ретінде тағылмақ болған. Дегенмен сот үкімі тек Батукаевтың ісі бойынша ғана шығарылған. Сот процесі барысында саяси сауда жүргені көрініп-ақ тұр. Батукаев пен Атамбаев арасында қандай байланыс болғаны белгісіз. Бірақ 2013 жылы билікке келген экс-президент ұзақ жылға сотталған нағыз қандықол қылмыскерді «ауыр кеселге ұшырағаны үшін» деген жалған дәрігерлік анықтама негізінде бостандыққа заңсыз шығарғаны белгілі болды. Қылмыс әлемінің серкесі түрмеден босаған бойда Ресейдің Грозный қаласына тартып кеткен. Батукаевтың кесірі көпке тиді, экс-министр, экс-бас прокурор, тіпті зертхана қызметкері де істі болды.
Атамбаевтың ісінен хабарсыз адам оны оңай беріле салды деп ойлап қалуы мүмкін. Әрине, олай емес. Ол алдымен Жээнбековпен жабық, кейін ашық күресуге тырысты. Өзіне тағылған айыптың барлығын жоққа шығарды. Социал-демократиялық партияның басында қалуға тырысты. Ұсталған өз адамдарын қорғап бақты. Тіпті, Ресейге барып, В.Путиннен қолдау табуға да тырысты. Ең соңында Кой-Таш ауылында өзін ұстауға келген арнайы жасаққа қарсы оқ атты. Жақтастарын жинады. Бәрі де нәтиже бермеді. Биліктің аты билік. Жээнбеков дегеніне жетті. Өзінің экс-үзеңгілесін 11 жылға түрмеге айдап салды. Жалпы, Атамбаев Орталық Азияда сотталған алғашқы экс-президент. Әрине, нақ осы елде бұрынғы басшылар Асқар Ақаев пен Құрманбек Бәкиевке де үкім шыққан, алайда сырттай. Бірі – Ресейде, екіншісі – Беларусьте. Әзірге еліне оралар ойы жоқ секілді.
Алмазбек Атамбаев сотталса, елде саяси дағдарыс орнауы мүмкін бе? Басында осындай ой болғанымен, қазір жағдай тыныш секілді. Оның жақтастары тағы көшеге шығуын жоққа шығаруға болмайды. Жоқ, әзірше Бішкек тыныш. Соңғы ереуіл наурыз айында болған, екі мың демонстрант өз жақтасын түрмеден босатуды талап еткен. Алайда Атамбаевты емес, экс-депутат Сабыр Жапаровты абақтыдан шығарғысы келген. Саяси дағдарыс жайлы болжамға келесі бір себеп бар. Қырғыз саяси жүйесінің әлсіз тұсы – ел оңтүстік пен солтүстікке бөлінген. Әр тарап өз өкілін қолдайды. Былтыр Шу облысының өкілдері солтүстіктің тумасы Атамбаевты ешкімнің қолына беріп қоймаймыз деп оның үйін күзетті. Яғни, ол азаматтар үшін заң, қылмыс, тергеу, үкім деген ұғымдардан бұрын саяси-географиялық бөлініс маңызды. Өз кезегінде Жээнбеков оңтүстіктің өкілі саналады. Кезінде Ақаев пен Бәкиев те осылай аймақ бойынша бөлінді. Бөлініс соңы талай жанның құрбан болуына әкелді. Бұл жолы ондай қателікке жол беріле қоймас.
Сонымен, Атамбаевтың түбіне не жетті? Түрлі болжам айтуға болар. Меніңше, саяси ашкөздік. Президент қызметінен де-юре кетсе де, де-факто қол үзе алмау. Билік басында жанама түрде қаламын деген теріс ниет. Алайда қос төңкерісті бастан кешірген Қырғыз Республикасы басқа ел. Саяси элита да өзгерген сыңайлы. Саяси қуыршақ ұстағысы келген экс-басшыны қаламады.
Нұрмұхамед БАЙҒАРА