– Елордамызда «Абу-Даби Плаза» нысанының салынып жатқанына ұзақ уақыт болды. Құрылыс барысында кейбір мәселе әлі де бар. Сондықтан Абу-Даби қаласына барып, оның жоғарғы басшылығымен кездесуге тура келді. Онда Aldar Properties компаниясымен құрылысты биыл аяқтау жөнінде келіссөз жүргіздік. Бұл компанияның осындағы мердігерлері уақыт жағынан біраз кешіктіріп жатыр. Компания жетекшілерімен кездесуде осы мәселені, тұрғындардың ғимараттың ашылуын асыға күтіп жүргенін жеткіздік. Дегенмен бұл нысанның құрылысы мүлде тоқтап тұр деп айтуға болмайды. Ондағы Shopping орталық жұмыс істеп тұрса, Sheraton қонақүйі осы ақпан айында ашылады. Тек ең басты ғимараты қалып тұр. Президент бастап барған делегацияның қатарында болып, келіссөз кезінде осы мәселелерді сөз еттік. Абу-Дабидегі серіктестеріміз құрылысты осы жылы аяқтауға уәде берді. Енді алып ғимараттың құрылысы биыл аяқталуы тиіс. Мұны ары қарай созуға болмайды, – деді елорда әкімі.Әрине, елімізде бұл сияқты жұмыстары ұзаққа созылған «сақалды» құрылыстар жетерлік. Сонымен қатар осы саладағы жемқорлық та азаяр емес. 2019 жылдың қорытынды жиналысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Превенция департаментінің басшысы Анар Жарова: «Мониторинг көрсеткендей, жергілікті атқарушы органдарда жемқорлық қылмыстар көбінесе білім беру саласында (54), жер қатынастары (29), ауыл шаруашылығы (27), сәулет және құрылыс (25), тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы (19) салаларында жасалады» деп атап өткен болатын. Осыдан-ақ құрылыс саласындағы пара беру мен алу тыйылмай отырғанына көз жеткіземіз. Өйткені мұның алдыңғы жылдары да құрылысшылар жемқорлықпен талай сотты болған еді. Мысалы, 2017 және 2018 жылдың нәтижесінде де құрылыс саласы атойлап алдыңғы орыннан көрінгені бар. Бір ғана Алматыда лицензиялау бағытындағы бекітілген нормаларды бұзу мен біліктілік талаптарына сәйкес келмеуі және мерзімінен бұрын қайта жаңғыртқаны үшін 102 құрылыс компаниясы лицензиясынан айырылды. Белгіленген лицензиялау нормаларын, сондай-ақ құрылыс жұмысын сапасыз жүргізгені үшін Артемида LTD және CentralAsianHolding ЖШС жұмысын тоқтатты. Ал 2020 жылдың басынан бері талапқа сай жұмыс істемеген алты компания анықталды.
2019 жылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында 104 парақорлық тіркелген. «Статистикалық мәліметтер бойынша, тек 2019 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет аталған салада 104 қылмысты қарады. Оның 91-ін жемқорлыққа қарсы қызмет тіркеп, 56-сын тергеп, кейін 49-ы сотқа жіберілді. 20-дан астам лауазымды тұлға жауапқа тартылды», – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өкілі. 2019 жылы аталған қылмыстардан мемлекетке 2,5 млрд теңге залал келген. Жалпы, 2017-2019 жылдар аралығында ТКШ және энергетика саласында 300-ден аса пара беру фактісі тіркелген. Нәтижесінде, 288 іс сотқа жіберіліп, 78 адам жауапқа тартылды.2017 жылы Ақтөбеде құрылысы он жыл бұрын басталып, әлі аяқталмаған, қала көркін бұзып тұрған нысандар бары айтылды. Құрылыс қызметінің сапасын бақылау мақсатында 874 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Нәтижесінде, 104 заң бұзушылық анықталған. Заң талаптарын орындамаған 19 нысанды бұзу туралы шешім шығарылды. 95 адам айыппұл төледі. Мәселен, Бөгенбай батыр көшесінде тағы бір мейрамхана бой көтеруі тиіс болатын. Құрылыс жұмыстарының басталғанына 10 жылға жуықтапты. Жеке кәсіпкер өз меншігіндегі жерді биік дуалмен қоршап қойған. Алайда қаражаттың аздығынан құрылысты әзір бастамайтынын айтып, жер учаскесін сатылымға шығарыпты. Құрылыс халықаралық әуежайға апаратын тасжолдың бойында тұрғандықтан, қала келбетіне нұқсан келтіріп тұр. Мамандардың айтуынша, қалада мейрамхана саламын деушілердің саны артқан. Коммерциялық мақсатта жер алғандардың дені бизнестің осы түрімен айналыспақ. Қалада құрылысы көп жылдан бері тоқтап тұрған нысандардың дені мейрамханалар, жанар-жағармай құю бекеттері мен дүкендер. Құрылыс бастау мақсатында аттестациядан өтуге 273 адамнан өтініш түскен. Алайда оның 85-і ғана өтті. Ақтөбеде құрылысы ұзаққа созылған 22 нысанның жиырмасында құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр. Ал қалған екі нысанның жері көзделген мақсатта қолданылмай отыр. Мұндай мәселе еліміздегі басқа қалаларда бар. Мысалы, Қарағанды қаласындағы С.Мұқанов көшесінде салынған автовокзал бірнеше жыл болды, қаңырап тұр. Бұл нысанға миллиондар кеткені бар. Құрылыстағы былықты тізбелей берсек, таңды-таңға атыруымыз мүмкін. Сондықтан еліміздегі құрылыс саласына тәртіп орнатар уақыт жеткендей. Әйтпесе, «сақалды» және сапасыз құрылыстың зары бітпейді.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ