Әл-Фараби идеясын балабақшаға енгізуді ұсынды
Әл-Фараби идеясын балабақшаға енгізуді ұсынды
399
оқылды
 «Ұлы ойшылдың ғылыми және рухани мұрасы» атты конференцияға ғалымдар, тарихшылар және екі елдің жетекші университеттерінің оқытушылары қатысты. Қазақстан тарапынан Гуми­лев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Дулати атын­дағы Тараз мемлекеттік уни­верситетінің профессорлары, ал Қырғыз Республикасы тара­пынан Арабаев атындағы Араб мемлекеттік университетінің ға­лымдары қатысып, әл-Фараби философиясы туралы ойларымен бөлісті. Ғалымдардың айтуынша, ағартушының әлемді тануға деген құштарлығы адам болмысын ашатын ғылыми трактаттар мен туындыларды жазуына себеп болған. Арабаев атындағы Араб мемлекеттік университетінің өкілі, тарих ғылымдарының докторы Назира Курбанованың айтуынша, әл-Фараби адам бойындағы құндылықтарды жо­ғары бағалайды. «Адамгершілік пен бақытқа қатысты керемет ойлар айтқан. Қайырымдылық дегеніміз не және мінсіз адам қандай болады? Осыған қатысты да туындылары бар. Мың жыл бұрын жазылғанына қарамастан, адами құндылықтар өзгеріссіз қалады. Әл-Фарабиді барлық сала қызықтырған. Ұлы ғұлама ғылымдарды жік­теуді арифметикадан бастап, метафизикамен, яғни пәлсапамен аяқтаған. Оның ең танымал шығармаларының бірі – «Қайырымды қала тұрғындары». Трактатта қайырымды қалада әділдік, парасат, мейірім үстемдік етеді», – дейді ғалым.     Қырғыз мемлекеттік универ­ситетінің профессоры Назира Усупованың пайымдауынша, әл-Фарабидің идеяларын жалпы білім беру үрдісіне тек университеттер ғана емес, мектептер, тіпті мектепке дейінгі балалар ор­талықтарына да енгізетін уақыт жетті. Әл-Фарабидің ойлары, қазіргі уақытта өзектілігі мен маңызын жоғалтқан жоқ.  

Тұмар МЫРЗА