АҚШ-тың Калифорния штатындағы атыс кезінде екі адам мерт болды
АҚШ-тың Калифорния штатындағы атыс кезінде екі адам мерт болды
фото: ашық дереккөз
346
оқылды
Калифорния штаты Ред-Блафф қаласындағы Walmart сауда желісінің сұрыптау орталықтарының бірінде атыс болып, соның салдарынан 2 адам қаза тауып, төрт адам жараланды, деп хабарлайды CNN. Куәгерлердің айтуынша, белгісіз адам сұрыптау орталығының ғимаратын төрт рет айналып шығып, кіреберісті көлікпен соғып, қиратқан. Содан кейін қылмыскер автокөліктен шығып, жартылай автоматты винтовкамен ғимарат ішінде болған қызметкерлерге оқ жаудырған. Куәгерлер шамамен 60 мәрте оқ даусын естігендерін айтады. Қызметкерлер үрейленіп, шабуылдаушының оғына ілігіп кетпес үшін ғимараттан қашып шығуға тырысқан. Жергілікті полиция шабуыл жасаған адамды атып үлгерді. Кейінірек ол ауруханаға жеткізілді. Сонымен қатар, Ред-Блаффтағы Әулие Елизавета қоғамдық ауруханасына зардап шеккен алты адам жеткізілді. Екеуі қаза тапты, қалған төртеуінің жағдай қанағаттанарлық деп бағаланып отыр. Оқ атқан адамның жағдайы белгісіз. Ауруханадағылар оның жараланғанын немесе мерт болғанын хабарламады. Walmart компаниясы бұл оқиғаға қатты қайғырып отырғандарын мәлімдеді. «Қазіргі уақытта біз қызметкерлеріміз бен олардың отбасына қолдау көрсетуге тырысып жатырмыз. Полиция тергеу жүргізіп жатыр, біз олармен байланыста болып, көмектесеміз», - делінген компания мәлімдемесінде.