Алматыда бүгіннен бастап коронавирус бойынша ПТР тест өткізу орындары жұмысын қайта бастады. Бұл туралы ақпаратты Medical Partners Korea таратты.
Медицина мекемесі өз сайтында «Дүйсенбі күні, яғни 29 маусымнан бастап «Нұрлы-Тау» алдындағы мобильді тест өткізу орны мен «Халық Арена» алдында жаңа мобильді орын жұмысын бастайды. Жұмыс кестесі күн сайын сағат 09:00-ден 16:00-ге дейін» деген ақпарат жариялады.
Азаматтарды тіркеу де осы орындарда жүргізіледі. Компания онлайн тіркеуді жақын күндері іске қосуды көздеп отыр. Төлем карточка арқылы жасалады.
Сонымен қатар хабарламада 18 маусымда талдама нәтижесін алмаған азаматтар шілденің 5-не дейін тесттен өте алатыны айтылған.
Бұған дейін Medical Partners Korea компаниясы тестілеуге қажетті құралдардың жетіспеушілігінен және шетелден уақытында жеткізілмей жатқанын мәлімдеп, тест жасау жұмыстарын тоқтата тұратындарын хабарлаған. Бұл жағдай ауру асқынып тұрған шақта ел арасында біраз дүрлігіс тудырған болатын.