Басты мұрат – азаматтардың өмірін қорғау

Басты мұрат – азаматтардың өмірін қорғау

Мемлекет басшысы COVID-19 індетінің таралуына қар­сы іс-қимыл шаралары жөнінде кеңес өткізді. Жиынға ви­деоконференциялық байланыс режимінде Үкімет мүшелері, қала мен облыс әкімдері, бірқатар меморган басшылары қатысты. Қасым-Жомарт Кемелұлы дер кезінде қабылданған қатаң ка­рантин уақыттан ұтуға және эпи­­демияның ушығып кетуіне тосқауыл қоюға мүмкіндік бер­ге­ніне назар аудартты. Алайда өкі­нішке қарай, ТЖ режимі жойы­ла салысымен, барлық ка­ран­­тин шаралары да босаңсыған. – Биылғы 11 мамырда шек­теу­лер алып тасталған кезден бе­рі КВИ оқиғалары 7 есе кө­бей­ді. Басым көпшілігінде бұл кей­бір меморгандар жұмы­сын­дағы кемшілікпен байланысты бо­лып отыр. Назар аударар жайт, ор­талық және жергілікті дең­гей­лерде мемлекеттік басқару жүйе­сі төтенше жағдай режимінен тыс тиімді жұмыс істеуге әзір­лен­беді. Ведомствоаралық ко­мис­сия (ВАК) өзіне жүктелген мін­детті орындай алмады. Мұны мойындауымыз керек. Биліктің орталық және жергілікті орган­дарының жұмысын үйлестіру Денсаулық сақтау министр­лі­гі­нің қолынан келмеді, – деп ба­ға­­лады ағымдағы ахуалды ел Пре­зиденті. Ауыл-аймақтағы мезгілінен кеш қолға алынған және тиім­ді­лігі шамалы болған шаралар ви­рустың ақыры жүйе құраушы өн­дірістерде, еңбек ұжым­да­рын­­да тарауына соқтырды. Аты­рау облысындағы онсыз да оқ­шау жұмыс істеген Теңіз кен ор­ны күт­пеген жерден індет жұқ­тыру­дың ірі ошағына айна­лып шыға келді: онда 1 222 адам корона­вирус кеселіне шалдық­қан. Алматы қаласы тек тұрғын­дардың ғана емес, сонымен қа­тар медицина қызметкерлері­нің ауыруы жөнінен алдына қара сал­май келеді.  Нұр-Сұлтан қа­ла­сында көптеген ұйым санитар­лық талаптарды күн сайын бұзуын жалғастырды. Өңірлерде ауруха­на­дағы орынның жетіспеуі кесі­рінен жедел жәрдем жеткізген сырқаттарды қабылдамау жағ­дай­лары тіркелді. Бұған қоса, медициналық кадрлардың, дәрі-дәрмектің, өкпені жасанды жел­дету аппараты секілді медицина­лық жабдықтардың өткір тап­шы­­лығы туындады. – Жұмысындағы жөнсіздік үшін Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көл­гіновке және Алматы әкімі Ба­қытжан Сағынтаевқа ескерту жа­риялаймын. Шымкент қала­сы­ның әкімі Мұрат Әйтеновке, Ақ­төбе облысының әкімі Оң­да­сын Оразалинге және Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақовқа, сондай-ақ ВАК бас­шы­сы, вице-премьер Ералы Тоғ­жановқа сөгіс жариялаймын. Атырау, Қостанай, Батыс Қа­зақ­стан облыстарының әкімдеріне өз­деріне сеніп тапсырылған өңір­­дегі жағдайды түзеу қажет­тігін ескертемін. Бұл барлық облыс басшыларына да қатысты. Ахуал ақпараттық жұмыстың нашарлығы кесірінен ушыға тү­суде. Біздің халықпен сұхбат­тасу жүйеміз лайықты дәрежеде жұ­мыс істемейді. Ақпарат айдыны теріс сипаттағы хабарлардың құр­сауында қалған, медицина мамандарының ерлікке бара-бар еңбегі көрсетіліп жатқан жоқ, – деп меморгандар жұмы­сын­дағы кемшіліктерді тізді Қ.Тоқаев. Цифрландыру саласын жар­ға жыққаны үшін Цифрлық да­му, инновациялар және аэро­ға­рыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұма­ғалиевке ескерту берілді. Мемлекет басшысының бай­ламынша, ведомствоаралық ко­­мис­сия қажетті жедел әрі қа­таң үйлестіруді, мониторингті және тап­сырмалардың орын­далуына ба­қылауды толыққанды қам­та­ма­­сыз ете алмады. – Пандемиямен күреске, кері әлеуметтік және экономикалық ықпалдарды жоюға бағытталған барлық шешімді Премьер-Министр басшылық ететін Мем­лекеттік комиссия аясында пы­сықтауды жүктеймін. Мем­комиссия ең маңызды деген ресурстарды бөлу ісіне бір ор­та­лықтан бақылау орнатуы тиіс. Ағымдағы эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру бойынша шұғыл шаралар қабылдау мақ­сатында Мемкомиссияға биылғы наурыз-мамырдағыдай қатаң ка­рантин енгізу мәселесіне қатысты жаңа ұсыныстарды 2 күн мерзімде пысықтап, менің қарауыма ен­гізуді тапсырамын! – деп мәлім­деді Қазақстан Президенті. Ол зертханалық зерттеулердің тиімділігін жоғарылатуды, реа­генттер мен шығыс материал­дарын үздіксіз жеткізу мәселесін шешуді, ПТР-лабораториялардың санын және қуатын арттыруды жүктеді. – Азаматтар зертханалар ал­дында алапат кезектер қалып­та­сатынына және кезегін күт­­кендердің санитарлық норма­лар­ды сақ­тамайтынына шағым­дануы әділетті. Осының барлығы вирус жұқтыру қаупін тудырады. Сол себепті ПТР-тестілеуді қа­таң түрде тек онлайн жазылу немесе Call-орталыққа қоңырау соғып, тіркелу арқылы өткізген жөн. Сонда КВИ жұқтыруға жол берілмейді, әрі тест тапсыру орталықтандырылған түрде іріктеліп, есепке алынады. Инфекция ошақтарында, әсіресе, ауылдарда жұмыс істеу үшін мобильді-жылжымалы зертханаларды өрістету төтенше маңызды. Мобильді қызметтерді ары қарай дамытуға қаражат бөлінуі қажет, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Ол азаматтарды қажетті дәрі-дәрмекпен және емдеумен қамту керегін нықтады. Бұл үшін Үкіметке және өңір әкімдеріне барлық қаржылық және ин­фра­құрылымдық ресурстарды жұмылдыруға тапсырма берілді. – Шілденің соңына дейін инфекциялық койка-орындар санын 50%-ға арттыруды тап­­сырамын. Бұл ретте панде­мияның екінші толқыны кел­­генін назарға алу керек. Осы мақсатта өңірлер барлық ре­зервтерін, соның ішінде жеке және ведомстволарға қарас­ты медицинаның әлеуетін пай­далануы қажет. Үкіметке дәрі-дәр­мекпен қамтамасыз ету мәселесін 5 күн ішінде шешуді тапсырамын, – деді Президент. Мемлекет басшысы мемор­гандардың коронавирусқа қарсы күрес жөніндегі жүргізіп жатқан ақпараттық жұмыстарының маңыздылығын айрықша атап өтті. Оның айтуынша, бұл жұмыс бастапқы кезеңде жақ­сы ұйымдастырылды. Бірақ ме­мор­гандар соңғы кезде бұл істі босаңсытып жібергендей. – Әкімдер мен министрлер қарапайым халықпен байланыс орнатуды қойды. Олар арыз-шағымдарға дер кезінде жауап бермейді. Салдарынан тұр­ғындардың көпшілігі қайда барарын білмей, торығуда. Өкі­летті қызмет орындарынан дұрыс жауап ала алмаған тұр­ғын­дардан шағымдар көп түсіп жатыр. coronavirus2020.kz сайтына 40 мыңдай сұрақ келіп түсті. Бүгінде оның үштен бі­ріне ғана жауап берілді. Мұндай көз­қарас кесірінен теріс әрі жал­ған ақпараттар өршіп тұр. Бұл біздің жұмысымызды одан сайын қиындатуда, – деді Президент. Ол ақпараттық жұмыстарға қатысты тәсілді түбегейлі өзгерту қажетін баса айтты. Жауапты тұл­ғалар өткізетін тұрақты бри­фингтерді жолға қойып, індет жұқтырған кездегі іс-әрекеттердің алгоритмі жөнінде халықты нақ­ты әрі сапалы ақпаратпен қамту жүктелді. – Телеарналарда тікелей эфир арқылы дәрігерлерден кеңес алып, тұрғындардың сұрақ­тарына нақты жауап беретін бағ­дарламалар ұйымдастыруға не кедергі? Азаматтарға емделудің протоколы мен алгоритмін жет­кізу керек. Дәрі-дәрмектер мен оны пайдалану жөнінде түсіндіру қажет, – деді Мемлекет басшысы. Әкімдер мен министрлерге бюджетті қайта қарау және кон­ференция, дөңгелек үстел, сал­танатты шаралар, консал­тингтік және PR-қызмет секілді қажетсіз шығындардан бас тарту жөнінде тапсырма берілді. Бұл қаржының барлығы эпидемиямен нақты күреске бағытталуы керек. Қасым-Жомарт Тоқаев бағаны тұрақтандыруға, азаматтарды қажетті азық-түлікпен, жұмыспен қамтамасыз етуге, экономикалық белсенділікті арттыруға және цифрлы технологияны дамытуға қолдау көрсету керегін атап көрсетті. Экономикалық өсімді қайта қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар жүйелі әрі толыққанды орындалуы тиіс. Бұл мәселе әрбір әкімнің ерекше бақылауында болуы қажет. Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкіметті шұғыл шаралар қабыл­даумен қатар, пандемияның ұзаққа созылуына дайын болуға шақырды. Тиісінше, орта мер­зімді перспективаға арналған Қазақстандықтардың өмірі мен денсаулығын сақтау ұлттық жоспарын әзірлеуді тапсырды. – Иә, бұл – қауіпті ауру. Оны емдейтін вакцина әлі жасал­ған жоқ. Бірақ оны қауіпті екен деп байбалам салып, үрей­ге бой алдырмау керек. Сон­дай-ақ жөнсіз әрекетке барып, дәрігерлерге тіл тигізіп, сани­тарлық режимді бұзуға жол беріл­мейді. Ал науқастанып қалғандар сары уайымға, пессимизмге салынбағаны жөн. Ем алумен қатар, ағзаның күші, адамның көңіл күйі оның құлан-таза айы­ғып кетуіне ықпал етеді. Денсаулық сақтау министрлігі және санитарлық дәрігерлердің ұсынымдары мен талаптарын естен шығармауды сұраймын. Мұның бәрі мемлекеттің ең басты игілігі – сіздердің, Қазақстан азаматтарының өмірі мен ден­сау­лығын қорғауға арналған, – деп түйді Мемлекет басшысы. Кеңес барысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев, Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов, ШҚО әкімі Даниал Ахметов сөз сөйледі.  

Айхан ШӘРІП