Қазақстан аумағындағы төтенше жағдай аяқталған күнге, яғни 11 мамырдағы мәліметке сәйкес елде жүріп-тұру мәртебесін реттемеген 115 мың шетелдік болған. Бұл жөнінде ІІМ Көші-қон комитетінің басқарма бастығы Асқар Алдоңғаров мәлімдеді. Бірақ аталған шетелдіктердің біразы 11 мамырдан соң құжатын туралаған. Алайда бұл әңгіме бірінші рет айтылып, жазылып жүрген жоқ...
Қазақстан шекарасы шегенделмеген бе дерсің. Айтуға негіз бар. Өйткені елімізде 13 мың шетелдік заңсыз жүргені анықталған. «Соның ішінде 4 мың шетелдікке виза берілді. 17 мың шетелдік уақытша тұруға арналған рұқсат алды. 78 мың жұмысшыға көшіп келуге рұқсат берілді және құжат мерзімдері ұзартылды. Қазақстаннан 3 000 адам шығып кетті», – дейді Асқар Алдоңғаров. Яғни, әлі 13 мыңдай шетел азаматы мәртебесін рәсімдеп үлгермеген.
Бір ескеретіні, 10 шілдеге дейін шетелдіктер Қазақстаннан қандай да бір құжаттарды рәсімдеусіз кете алады.
Полиция сәуір айында карантинге жабылған Алматыдағы дүкендерді тонаған қылмыстық топты ұстады. Ұсталған төрт адамның үшеуі өзге ел азаматтары болып шыққан. Полицияның хабарлауынша, қылмыстық топ өз әрекетін карантинге жабылған Алматыда тек түнгі уақытта іске асырған. Күдіктілер шағын дүкендерге кіріп, тұтынушылық тауарларды ұрлаумен айналысқан. Олар дүкендегі дабылды өшіру үшін жарықты алдын ала сөндіріп отырған. Күдіктілер қамауға алынып, олардың осыған ұқсас үш қылмыстық эпизодқа қатысы бар екені дәлелденді. Ұсталғандардың үшеуі – Грузия мен Әзербайжан азаматтары екені анықталды. Тағы біреуі – отандасымыз.
Мұндай топтардың ұсталуы бірінші болып тұрған жағдай емес. 2017 жылы Алматы облысының полицейлері бір тәулік ішінде қылмыс жасады деген күдікпен мемлекетаралық іздеуге жарияланған Өзбекстанның екі азаматын ұстады. Тәртіп сақшылары таратқан ақпаратқа сәйкес, екеуі де Өзбекстан тарапы жолдаған бағдарға сәйкес анықталып, Іле және Талғар аудандарында қамауға алынған. «Талғарда Хорезм облысының құқық қорғаушылары іздеу жариялаған Өзбекстанның 44 жастағы азаматы ұсталды. Сондай-ақ Іле ауданының аумағында Хиуа аудандық сотының шешімімен өзбек әріптестеріміз іздестіріп жүрген 24 жастағы жігіт қолға түсті. Ұсталған тұлғалар қамауға алынып, қылмыс жасаған жерлеріне экстрадицияны күтуде», – деп хабарлады Алматы облысы ІІД баспасөз қызметінен.
Сол уақытта Алматы облысында Қазақстан аумағында заңсыз жүрген 900-ге жуық шетел азаматын ұстады. Олардың көбі – еңбек мигранттары. Көрші елден келіп, жалдамалы жұмыс істеп жатқандар күннің суығында от жағылмайтын лас лашықтарда тұрып, қара шай мен макаронды талғажау етсе де, елімізден кеткісі келмейді.
Қазақстанның көші-қон заңдарын белінен басып жүрген шетелдіктер жетерлік. Әсіресе, көрші елдерден келіп, құрылыс нысандарында нәпақасын тауып жүргендер көп. Мәселен, бұл жұмысшылардың барлығы – Өзбекстан азаматтары. Келгендеріне біраз уақыт болса да, құжаттарын рәсімдемеген.
Келімсектердің көбі өмір сүруге еш жағдай жасалмаған, суық әрі лас жерде тұрып-ақ жұмыс істеуге дайын. «Себебі өз елімізде екі қолға бір күрек табылмай отыр», – дейді олар. Төле би ауылындағы 300 балаға арналып салынып жатқан мектептің құрылыс жұмыстарына да шетелдіктер тартылыпты. Егер Өзбекстан азаматтарының еңбегі заңсыз пайдаланғаны анықталып жатса, жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлеуге міндеттеледі.
Құрылыс нысандарында ұсталған шетел азаматтары жеке басын анықтау үшін Ішкі істер департаментіне апарылатын болады. Егер бұл азаматтардың Қазақстан аумағында жұмыс істеуіне заңдық рұқсат қағазы жоқ болса, әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Қалай болғанда да, шетел азаматтарының тағдырын сот шешеді. Олар Қазақстан аумағынан тіпті шеттетілуі де мүмкін.
Солтүстікқазақстандық сақшылар да 2018 жылы іздеуде жүрген 17 қылмыскерді ұстады.Олардың барлығы көршілес Ресей елінің азаматтары екен. Өз елінде түрлі қылмыс жасап, жылдар бойы құқық қорғау органдарынан жасырынып келген. Тәртіп сақшыларының айтуынша, қаскөйлердің алтауы ұрлық-қарлықпен айналысқан. Ұсталғандар жайында материалдар жинақталып, Ресейге жіберілген болатын.
Ал жақында Қазақстан азаматы алаяқтық және ҚХР-дың төрт азаматына уақытша тұруға рұқсат беретін қағаз алу үшін пара беруге итермеледі деген айыппен сотталды. Ол Қытай Халық Республикасының төрт азаматынан Қазақстанда уақытша тұруға рұқсат қағаз беру үшін шенеуніктерге пара ретінде беремін деген сылтаумен 80 мың теңгені алаяқтық жолмен иеленді деген күдікке ілінді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 1-бөлімінің ерекше маңызды істер бойынша тергеушісі Данияр Биғайдаров:
– Алматы облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі бұған дейін сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деп айыпталып, А. үстінен қозғалған сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. 11 маусымда Алматы облысы Ескелді аудандық сотының үкімімен Тоқтамұратұлы 300 АЕК көлемінде, яғни 800 мың теңге айыппұл төлеуге міндеттеліп, мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды, – дейді.
Міне, біздегі салғырттық салдары осылай болып тұр. Жең ұшынан жалғанған жемқорлықты азайтпасақ, осылай сыртан келген келімсектерді тайраңдатып қоятынымыз анық.