Жасампаздық пен ерен еңбек дәуірі
Жасампаздық пен ерен еңбек дәуірі
366
оқылды
Аталған еңбек Қазақстан Рес­публикасының қалыптасуы мен дамуына және оның негізін қалаушы – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев­тың тарихи рөліне арналған басылымдар библиогра­фия­сынан ерекше орын алары сөзсіз. Бұл шығармашылық  жобаны  Қа­зақстан Республикасының Тұң­ғыш Президенті – Елбасы Кеңсе­сі­нің басшысы Махмұт Базар­құл­ұлы Қасымбеков бастаған бір топ авторлар ұжымы ұсынды.  Олардың  қатарында Асқар Молдағаринов,  Әділ Тұрсынов, Нұрлан Ыбы­райым, Нұрлан Жұмабеков және Әлі­бек Қуантыров бар. Онлайн-таныстырылымға бел­гілі ғалым-сарапшылар қатысты, олар: Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақ­стан­ның стратегиялық зерттеулер инс­титутының директоры, әлеу­меттік ғылымдар докторы, ҚР ҰҒА академигі Зарема Шәукенова, ҚР Конституциялық кеңесінің бұрын­ғы төрағасы,  заң  ғылымдарының докторы, профессор Игорь Рогов,  Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университетінің ректоры, та­рих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі Ерлан Сыдықов,  ҚР  Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры жанындағы Әлемдік эконо­мика және саясат институты ди­рек­­торы Ержан Салтыбаев және та­ғы басқалар. Ой-пікірлерін ортаға салғандар ара­сында алыс және таяу шет­ел­дердің сарапшылары да болды, мә­селен: Мичиган университетінің про­фессоры, Еуропа, Ресей, Еу­ра­зия зерттеулері орталығы дирек­торы­ның орынбасары Тимур Ко­жаоглу (АҚШ), ғылым докторы, Еу­разия  Жазушылар одағының тө­ра­ғасы Иакуб Өмероглу (Түр­кия), Әзербайжан Республикасы Мил­ли Меджлисі депутаты, Әзер­байжан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Саяси зерттеулер институтының ди­ректоры, саяси ғылымдар док­торы, профессор Эльман Насиров, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қа­зақстандағы филиалының дирек­торы, экономика ғылымдарының докторы, профессор Александр Си­дорович (Ресей), түрколог, та­рих ғылымдарының докторы, про­фессор Қадыралы Қоңқабаев (Қыр­ғыз Республикасы). Онлайн-таныстырылымды Ел­басы Кеңсесінің басшысы Мах­мұт Қасымбеков бастап берді.  – Мемлекет құрудың ха­лық­аралық тәжірибесінде Тұңғыш Пре­зиденттің басшылығымен Қа­зақстан жүзеге асыра алғандай қо­ғамды түбірімен және тиімді өз­гертудің мысалдары қазір аса көп емес. Сондықтан Қазақстан мем­лекеттілігінің негізін қалаушы, көрнекті реформашы-стратег, жаһандық ауқымдағы саясаткер ретінде Нұрсұлтан Назарбаевтың бірегей тұлғасының феномені бірнеше ондаған жылдар бойы өз елі­мізде де, сыртта да қоғамның зор қызығушылығын тудырып келе жатуы әбден заңды, – деді Махмұт Базарқұлұлы. – Мыңжылдықтар тоғысында, Кеңес Одағы құлаған қиын кезеңде Елбасы бастамашылық еткен осы тарихи үдерісті  тұжырымдамалық тұр­ғыдан бөле-жармай тұтас күйін­де қабылдау идеясы  «Жасам­паз­дық дәуірі» кітабының басты өзе­гіне айналды. Кітапта Нұрсұл­тан Әбішұлы саяси басшы­лық жасаған жылдарда еліміз жеткен басты же­тістіктерге, Елбасының мемле­кет­тік және қоғамдық көпқырлы қыз­метіне жан-жақты және терең зерт­теу арқылы талдау жасалған, – деді спикер. – Басылым атауы Елбасының ір­гелі идеялары мен ой-толғам­дары­ның жүзеге асқан көрінісіндей белсенді, қажырлы еңбекке, бар­лық ортақ ресурстар мен жұмыл­ды­рылған күштерге,  тынымсыз із­де­ніс пен жаңалыққа, маңызды ашы­лымдар мен серпінге толы сол за­манның биік рухын дәл таны­тады. Кітапта  Тұңғыш Прези­дент­тің алдағы ондаған жылдардағы елі­міздің дамуының басты бағыт­та­рын анықтап берген, өзара қи­сын­ды байланысқан және страте­гия­лық маңызы зор шешімдерінің то­лық сипаты көрініс тапқан. Ав­тор­лар ұжымы түрлі сала бойынша та­қырыптық материалдар мен фак­тологиялық базаны жинақтау, жүйелеу бағытында зор жұмыс ат­қарып шықты, – деп жалғастырды сөзін жоба жетекшісі. – Тұңғыш Президенттің Қа­зақ­­стан халқына арнаған Жолдау­лары­на, сол кезеңдердегі бағдар­ла­малық, нормативтік және құ­қық­тық құжаттарға, статистикалық де­ректерге талдау жасау арқылы жүр­гізген зерттеу тақырыбының өзе­гін мемлекет құру, әлеуметтік-эко­номикалық және қоғамдық-сая­си даму, сыртқы саясат, Қазақ­станның болашақтағы перспек­ти­валары сияқты маңызды салалар құрайды, – деді М.Қасымбеков. – Елбасының  кітапта айтылған шы­ғармашылық-жасампаздық идея­лары мен істері қазақ­стан­дық­тар­дың бүгінгі және болашақ ұрпа­ғы үшін ешқашан құнын жо­ғалт­пай­ды. «Жасампаздық дәуірі» кі­табы тәуелсіз Қазақстан тари­хы­ның  мемлекетіміз үшін айрықша маңызды кезеңінің құнды дерек­көзі ретінде ғалымдар мен сарап­шылар қауымының, қалың жұр­т­шылықтың зор қызығушы­лы­ғын тудырады деп ойлаймын, – деп түйіндеді сөзін жоба жетекшісі. Мичиган университетінің про­фессоры, Еуропа, Ресей, Еура­зия зерттеулері орталығы дирек­торы­ның орынбасары Тимур Ко­жаоглу былай деді: – Ұсынылып отырған еңбекте Н.Назарбаев негізін қалаған Қа­зақстанның стратегиялық даму ба­ғытының айқын ерекшелігі бо­лып саналатын, Елбасы жүзеге асыр­ған өзгерістердің қисын­ды­лы­ғы, жүйелілігі, тұтастығы, ау­қым­­дылығы атап көрсетілген. Ел­­ба­сының мемлекеттік идеоло­ге­ма­сының экономикалық даму доминанттылығы, жаңғырулардың эволюциялық сипаты, экономи­калық және саяси реформалардың жүйелі үндестігі, прагматизм мен сыртқы саясаттағы көпвектор­лы­лық, қоғамдық сананың жаңғыруы сияқты негізгі қағидаттарына ай­рық­ша көңіл бөлінген. Өткен ғасырдың 90-жылдары­ның басындағы нақты жағдай бұ­рынғы Одақтың барлық республи­ка­сын ауыр қиындыққа ұшыратты. Қазақстан үшін «уақыттың сын-талабын жіті сезініп, респуб­ли­када және сыртта болып жатқан қоғамдық-саяси үдерістер сипаты­на дұрыс баға бере алатын жаңа буынның көшбасшысы ауадай қа­жет болды», – деді сөйлеуші. АҚШ профессорының пі­кірін­ше, орын алған жаппай дағ­дарыстың қиын түйінін батыл ше­шудің қажеттігі айқын көрініп тұрды. «Мемлекетті жаңғырту, еге­мендікті нақты іс жүзіне асыру, тү­бірімен өзгеріп кеткен геосаяси жағдайлар кезіндегі елдің лайықты орнын айқындау» сияқты күн тәр­тібіндегі міндеттер шынымен аса ауқымды еді. – «Жасампаздық дәуірі» кіта­бы­ның өзіндік ерекшелігі – Қазақ­стан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев­тың саяси философиясы мен мем­лекеттік стратегиясын тарихи-сая­си ретроспектива арқылы  шебер астастыра алуы. Авторлар Елба­сы­ның елді таныту жолындағы мем­лекеттік және қоғамдық көп­қыр­лы қызметінің негізгі қырларын жүйе­лі қарастырған. Басылымның зерттеушілік және дүниетанымдық  тұрғысындағы маңыздылығы, міне осында, – деп  түйіндеді сөзін Т.Кожаоглу. Еуразия Жазушылар одағының төра­ғасы Иакуб Өмероглу өз баян­дамасында «Назарбаев фе­но­мені­нің» талданған ерек­ше­лік­теріне тоқталды. – Кітапта Елбасы феноменінің маңызды сипаттамалары мен қыр­ларын айшықтап көрсететін аргу­мент-уәждемелер келтірілген. Ме­ні Н.Назарбаевтың прагма­ти­касы мен логикасының қуаты таң­ғалдырады. Әлемдік тәжірибеде бе­рік орныққан Нұрсұлтан Назарбаев феномені кі­тап маз­мұнының бүкіл өн бойы­нан көрініс тауып отырады. Түрлі мін­­берден сан рет айтылған «тәуел­­сіз Қазақстанның негізін қа­лаушы, да­на стратег, ұлы рефор­матор, қа­­зіргі заманның көрнекті саяси көш­­басшысы» деген саяси сипат­тама­лар – Елбасы қайрат­кер­лігі­нің көпқырлылығы мен бел­сенді­лі­гінің айқын дәлелі, – де­ді баян­да­машы. – Ұсынылып отырған талдау, – деп сабақтады сөзін түрік сарап­шы­сы, – шын мәнінде, әрдайым «жүйе­лі де ауқымды ойлай отырып, уа­қыт көкжиегінің арғы жағына көз салуға ұмтылған, оқиғалар мен үдеріс­тер барысынан тұтас жылдар мен онжылдықтарға алға озып ке­туге тырысқан» Елбасының сая­си ұстанымының органикасын нақты көрсетеді. Басқосудағы сөзді жалғастыр­ған Әзербайжан Милли Меджли­сінің депутаты, профессор Эльман Насиров: – Қазақстан мен Әзербайжан – тамыры, түбі бір, тарихы ортақ,  бү­гіні де ұқсас түркі мемлекеттері. Екі елдің тарихы дәстүр сабақ­тас­тығы, толеранттылық пен әлемге ашық­тық тұрғысынан да, Каспий жағалауына қатысты мүдделерінің ор­тақтығы мен тығыз экон­о­ми­ка­лық байланысы жағынан да көбіне үн­десіп жатады, – деді. Дипломатиялық қатынас ор­нат­қан кезден бері Қазақстан мен Әзер­байжан егемендіктің ны­ғаюының, ауыр дағдарыс жағ­дайын­дағы өтпелі кезеңнің күрделі тұс­тарынан абыроймен өте алға­нына тоқталған спикер қазіргі таң­да ынтымақтастықтың  страте­гия­лық сипат алып, орнықты да­мып келе жатқанын айтты. Бұл ретте Э.Насиров кітапта Каспий жағалауына қатысты ын­тымақтастық мәселелері, Е­л­ба­сы­ның интеграциялық идеялары шынайы көрініс тапқанын атап өтті. Ол сондай-ақ түркі интег­ра­ция­сы мәселелеріне ерекше тоқ­талып, Нұрсұлтан Назарбаев түркі бір­лігі саласының көрнекті идео­логінің бірі екенін айтты. – Түркішілдікке деген өзге көз­қарастардан Нұрсұлтан Назар­баев­ты ерекшелендіріп тұратын не­гізгі сипат – сезімге берілу мен попу­лизмнен алыс, Түркі әлемінің ин­теграциясы арқылы ортақ пайда мен жете ойластырылған байыпты ұстанымға негізделген айқын стра­тегияның әзірленуі. Бір сөзбен айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаев – бір өзі бір дәуірдің бей­несіндей адам. Осы екі ком­по­нент бұл кітапта мінсіз, үйлесімді қа­быстырылған. Түркі әлемінің өкі­лі болып саналатын бәріміздің Ел­басы көшбасшылығы фено­менінен үйренеріміз көп, мақтан тұтарымыз мол, – деп қорытты өз сөзін Әзербайжан сарапшысы. Экономика ғылымдарының докторы, профессор Александр Си­дорович өз сөзінде былай деді: – Н.Назарбаев дәуірі – жа­сампаздық  дәуірі. Ол – бұл сөздің кең әрі ең терең мағынасындағы жа­сампаздық. Елбасының бас­шы­лығымен мемлекет құру ісіндегі, эко­номикадағы, демократиялық қа­ғидалар негізінде саяси да­му­дағы, экономиканың әлеуметтік ба­ғытындағы жетістіктері әлемге кең танылған тәуелсіз Қазақстан мем­лекеті бекем орнығып, дамып ке­леді. Н.Назарбаевтың көптеген халықаралық бастамалары ха­лықаралық ұйымдардың, өңірлік интеграциялық бірлестіктердің құрылуы, бейбіт бастамалардың орындалуы, өзара сенім шара­лары­ның қабылдануы арқылы нақт­ы жүзеге асты. «Посткеңестік кеңістіктегі тү­бірлі өз­герістердің қиын кезеңін­де мем­лекеттің басында тұрған Нұрсұлтан Әбішұлы еңсе көтерт­пестей ауырт­палықтарға қарамас­тан, басты мұрат – мемлекетті құру міндетін орын­дағанын» айтқан спикер  «оның қызметі – халықтың тағды­ры­нан бөлек емес, керісінше жұрт­тың даму жолындағы талап-сұра­ны­­с­ының, өз рөлі мен құн­дылық­та-рын сезінуінің көрінісі» екенін атап өтті. Елбасының Мәскеу универ­си­тетінде сөйлеген сөзін еске алған Александр Владимирович «Еура­зия одағын құру идеясы Еуразия кеңістігіндегі елдердің халқының мұң-мұқтажын тап басып, жаңа қа­ғидаттар бойынша бірлесуге деген үмітін жаңғыртқанын» айт­ты. Кеңес Одағы күйрегеннен кейін­гі кезеңде ортаға тасталған бұл күтпеген ұсыныс-үндеу ең әуе­лі тәуелсіздік идеясына қайшы сияқ­ты көрініп, жас мемлекеттер та­ра­пынан түсінбеушілік тудыр­ғаны да рас, алайда тарих Елба­сы­ның тікелей атсалысуымен Еура­зия экономикалық одағын құру арқылы әр мемлекет үшін, соның ішінде Қазақстан үшін де өз тәуел­сіздігін сақтау және нығай­ту­мен бірге жаңа мүмкіндіктерге жол ашыл­ғанын көрсетіп берді, – деді баяндамашы. Өзгеріс жасау міндетін орындау бағытындағы ұстанымның біре­гей­лігін Н.Назарбаевтың басқа да шешімдерінен көруге болатынын айт­қан спикер, сондай-ақ  ХХІ ға­сырда елдің жаңа астанасының  бой көтеруі  феноменін атап өтті. Н.Назарбаевтың табыс страте­гиясы өз халқының тарихына және ел ішінде де, мемлекетаралық қа­рым-қатынаста да құнын жой­май­тын достық, ынтымақтастық, өза­ра түсіністік сияқты баға жетпес құн­дылықтарға негізделгені ай­тыл­ды. Қырғыз Республикасының про­фессоры, түрколог, тарих ғы­лым­дарының докторы Қадыралы Қоңқабаев жарық көріп отырған «Жасампаздық дәуірі» кітабы Қа­зақ­стан Республикасының Тұң­ғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев феномені зерт­телген еңбектер қатарынан лайықты орын алатынына сенімді екенін айтты. Спикер өз сөзінде Тұңғыш Пре­зидент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев феноменінің сыртқы саясаттағы қырына тоқталып өтті. – Тарихи тұлғаның стратегиясы жас мемлекеттің қалыптасуы мен әрі қарай дамуы барысында алдына қойған барлық  басты мақсаттарына табысты қол жеткізуін қамтамасыз етті. Осы уақыт ішінде сыртқы сая­сат­та жасалған барлық қолайлы жағдайлар әлемдегі көлемі жө­ні­нен тоғызыншы елдің егемендігін, қауіпсіздігін  және аумақтық тұтас­тығын айтарлықтай нығайтуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ бай мә­дени-гуманитарлық жылна­маны ашып көрсету, Ұлы дала елін жаңғырту және көршілес мемле­кеттермен өзара тиімді байланыс орнату барысында халықаралық ын­тымақтастық айрықша рөл ат­қарды, – деді ол. Сондай-ақ Қазақстанның жә­не оның Тұңғыш Президентінің яд­ролық қарудан,  ядролық  сы­нақтар өткізуден бас тартуға не­гізделген, елді ядролық қарусыз әлем қалыптастыру жолындағы қоз­ғалыстың алғы шебіне алып шық­қан қауіпсіздік мәселелеріне де­ген жаһандық ұстанымына кітап авторлары тарапынан жан-жақты талдау жасалғанын айтты. Елбасының бейбітшілік бағы­тын­дағы бастамалары республи­ка­ны әлемдік діндер мен конфес­сия­лар өкілдерінің ашық диалогінің, бітімгершілік үдерістерін тал­қы­лаудың тиімді алаңына, Еуразия эко­номикалық кеңістігіндегі ме­гаөңірлік интеграциялық үрдістер, Ор­талық Азия елдері мен түр­кі­тілдес мемлекеттер ынтым­ақ­тас­тығы мүддесін өзара жақындастыру ге­нераторына айналдырғанын атап өтті. – Нұрсұлтан Назарбаевтың ха­лықаралық аренадағы аса бел­сенді, көпвекторлы және бей­біт­сүйгіш саясаты Қазақстан Респуб­ли­касының Біріккен Ұлттар Ұйы­мына мүше мейлінше беделді, сал­мақ­ты және жауапты елдердің  қа­тарынан өзінің лайықты орын алуына септігін тигізді, – деп аяқ­тады сөзін Қ.Қоңқабаев. Онлайн-таныстырылымда одан кейін сөз алған ғалымдар мен са­рапшылар көтерілген мәсе­ле­лердегі ойшылдық бастауларының қуат­тылығын, талдаулардың жүйе­лілігі мен нақтылығын, фак­то­ло­гиялық тұрғыдан бай да мазмұнды екенін, стилистика жағынан са­налуандығын атап өтті. Олардың ортақ пікірінше, баяндалу мә­не­рінде кезек алмасып отыратын өткірлік пен философиялық сипат кіта­птың зияткерлік деңгейін биік­тетіп, оқырманды ұдайы ши­рыққан көңіл күйде ұстап оты­ра­тыны бұл еңбектің табысты, оқы­лым­ды боларына еш күмән қал­дырмайды. Қазақстанның стратегиялық зерт­теулер институтының дирек­торы, академик Зарема Шәукенова былай деді: – Елбасының 30 жылға  жуық уа­қыт дана басшылығы кезінде Қа­зақстан үлкен биіктерді бағын­дырып, шын мәнінде әлемдегі беделді мемлекетке – Орталық Азия көшбасшысына айналды. Сондықтан «Жасампаздық дәуірі» ұжымдық монографиясының жа­рық көруі – дер кезінде іске асқан маңызды оқиға. Осы жылдар ішінде ел дамуы­ның мемлекеттік тәуелсіздік алу, ау­қымды жаңғырудың жүзеге асы­рылуы мен қоғам өмірінің барлық саласының реформалануы, ор­нық­ты билік құрылымының қа­лып­тасуы тәрізді елеулі белестері артта қалды. Бейбітсүйгіш сыртқы саясат пен Тұңғыш Президенттің ха­лықаралық бастамалары бар­шаның қолдауына ие болды. Ел­басының жоспарлы ісі мен күш-жігері арқасында Қазақстанның барлық этносы мен конфессиялары өкілдерінің арасындағы татулық, дос­тық, бірлік пен келісім мем­ле­кетіміздің табысының маңызды факторының біріне айналды, – деді Зарема Кәукенқызы. – Елбасының  ішкі саясатты іс­ке асыру бағытында жете ойлас­тырылған прагматикалық қадам­дары егемендіктің қалыптасуының күрделі кезеңдерінде қоғамдық құрылыстың бір түрінен мүлде өзге екіншісіне көшудің қиын беле­сінен ешқандай  катаклизм, сілкі­ніс, азаматтық текетірессіз өтуге мүм­кіндік туғызды, – деді З.Шәу­кенова. Оның пікірінше, авторлар ұжымы «Тұңғыш Президенттің бас­шылығымен осы жылдары елде жаңа саяси модель қалыптасқанын айшықтап көрсете алған». Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университетінің ректоры, ака­демик Ерлан Сыдықов басы­лымның негізгі контексіне тоқтала келе, оның басты құндылықтарын  атап өтті: – Біріншіден, Қазақстан Рес­пуб­ликасының татулықты, келі­сім­ді, өркендеу мен адами құнды­лықтарға деген ілтипатты қарым-қатынасты сақтау идеясына адал­дығы, «бұл кезеңнің ең ұтымды да дәл сипаттамасы – «Жасампаздық дәуірі» образ-метафорасы». Екіншіден, кітаптың мерейтой жылында шығып отырғаны: биыл тәуел­сіздігіміздің  және оның кө­шін бастаушы – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мерейлі белесі. Үшіншіден, жас мемлекетімізде болып өткен оқиғалардың барлы­ғының бел ортасында тұрған, ал­ды­мен кез келген ахуалды бол­жап-жобалап, артынан өзінің көзд­е­геніне іс жүзінде қол жеткізе алған ең білікті әрі құзыретті сарапшы Нұрсұлтан Назарбаевтың тұлғасы­ның және оның дәуірінің синх­ронды баяндалуы. Төртіншіден, бұл басылымның өркендеген Қазақстанды құрып, дамытып, онда өмір сүретін, еңбек ететін  барша қазақстандықтарға,  әсіресе жастарға – студенттерге, мек­теп оқушыларына – тәуелсіздік алған Қазақстанда  туып-өскен, 1986 жылдан бергі тарихи кезеңнің көптеген тарихи өзгерістерінің қыр-сырын біле бермейтін ұрпаққа арналғандығы. Академик Е.Сыдықовтың пікі­рін­ше, Қазақстан тарихының рес­ми оқулықтарында кездеспей­тін, қалтарыста қалған көптеген жайт­тардың жазылғаны басылымның басты ерекшелігі болып саналады. Бесіншіден,  ел тағдыры үшін зор жауапкершілік  жүктеліп, билік тіз­гіні берілген Ұлт көш­бас­шы­сының рухани жағынан және ті­ке­лей өз өмірі тұрғысынан  кітапта ай­тылғанның бәріне тікелей қа­тыстылығы көрініс тауып, оның ба­сынан өткерген күрделі сезім­дерінің кейбір сәттерінің бедерлі түрде берілгені. Соңғысы – авторлар ұжымы жүйе­леп, оқырманға ұсынған та­ри­хи-саяси, әлеуметтік-эконо­ми­калық дереккөз ретіндегі жобаның баға жетпес маңызы. ҚР Конституциялық кеңесінің бұ­рынғы төрағасы, профессор Игорь  Иванович  Рогов консти­ту­ция­лық  құрылыстың тарихын, 1993, 1995 жылдардағы Консти­туция­ның  әзірленіп, қабылдануы үде­рістерін жариялап көрсету мә­се­лелеріне егжей-тегжейлі тоқ­тал­ды. – Артта қалған ауқымды жол­дың, алынған асулардың биігі тұр­ғысынан бүгін бізге сол белес­терді тәуелсіз Қазақстанның қа­лып­тасуы мен дамуында баға жет­пес рөл атқарған Нұрсұлтан Назарбаевтың  жеке тұлғасы арқы­лы терең байыптап, баға беру және жүйелеу айрықша маңызды. Осы орайда, Елбасы Кеңсесінің басшы­сы, саяси ғылымдар докторы, про­фессор М.Қасымбековтің бас­шы­лығымен бұл ұжымдық моног­ра­фияның жарыққа шығуы аса елеу­лі оқиға, – деді ол. – Елдің Ата заңы – Қазақ­стан­ның Тұңғыш Президенті бас­та­машы болған, ұзақ жылдық ұжым­дық еңбектің нәтижесі. Кі­тапта тәуелсіз, экономикасы дамыған, әлем­дік қоғамдастыққа кіріккен мем­лекет құру жолындағы біздің іл­гері басқан жолымызды регла­менттейтін негізгі құжат ретіндегі Конституцияның қалыптасу үде­ріс­тері өте айшықты көр­сетілген. 1993 жылғы Конституцияның жә­не қолданыстағы қазіргі Конс­ти­ту­цияның жобасын әзірлеу ісі­нің басында үнемі Елбасы тұрды. Бұл ретте  көріп отырғанымыздай, ол тек жұмысқа жетекшілік жасап қана қойған жоқ, Конституция әзірлеудің халықаралық тәжіри­бесін шұқшия зерттеп, Консти­туция мәтінімен тікелей өзі де жұ­мыс істеді, – деп жалғастырды Игорь Иванович. Сөз сөйлеушінің  пікірінше, ав­торлар конституциялық  құнды­лық­тарды қалыптастыру үдерісіне өте сауатты түрде талдау жасаған. Атал­ған іске Конституция әлеуеті­нің жан-жақты жүзеге асырылуын қам­тамасыз ету жөнінде Елбасы­ның қатаң нұсқауы  септігін тигізді. – Н.Назарбаевтың  «Конс­ти­туция мен заңдарды мүлтіксіз орын­дағанда ғана мемлекет тәуел­сіздігі мызғымайды» деген сөзі әрқашан Тұңғыш Президенттің стратегиялық бағытының айнымас ақиқаты болды,– деді спикер. ҚР  Тұңғыш Президенті – Ел­басы қоры жанындағы Әлемдік эко­номика және саясат институты­ның директоры Ержан Салтыбаев былай деді: – Бұл – аса маңызды мәселе жө­ніндегі, бас кейіпкері Ұлт көш­бас­шысы мен оған шынайы сенім артқан Қазақстан халқы бірлесе, ауыр ізденіс, қажымас еңбек ар­қылы аталған Дәуірді сомдағаны тура­лы кітап. Авторлар Тұңғыш Пре­зиденттің қызметі арқылы ел­дің қазіргі келбеті оның көш­бас­шысының  шешімімен қалай қа­лып­тасқанын көрсете алған. Әңгі­ме тек ұлттық мемлекеттіліктің жаң­ғыруы мен қуатты инсти­тут­тардың құрылуы туралы ғана емес, сонымен бірге күрделі геосаяси жағдайдағы бірегей сыртқы саясат  стратегиясының  қалыптасуы  жө­нінде болып отыр. Қазақстанға әлемдік арена­дан лайықты орын алуына мүм­кін­дік туғызған көш­басшының стра­тегиялық ұстаны­мының маңы­здылығы Елбасы­ның ха­лықаралық бастамаларының мы­салы арқылы көрсетілген. Сарапшының пікірінше, ав­тор­лар Елбасы айқындаған «да­му­дың қазақстандық жолына» терең тал­дау жасаған, аталған жол бола­шақ ұрпақ үшін тек мұра ғана емес, елдің алдағы ондаған  жыл­дар­дағы орнықты өркендеуінің берік негізі бола бермек. Іс-шараға қатысушылар «Жа­сам­паздық дәуірі» кітабы көптеген ғы­лыми-зерттеулер мен көркем шы­ғармалар үшін дерек алынып, сілтеме жасалатын баға жетпес мол фак­тология, зерттеушілік мәлімет көзі екенін бірауыздан  құптады.  Кітап өз оқушысын тауып, «Назарбаев феномені» деген ұғымның, Елбасы қызметінің тарихи реформаторлық ауқымының және «дамудың қазақ­стандық жолының» жете түсінуіне жол ашады. Сарапшылар бұл кітап оқырман кітапханасынан лайықты орын аларына сенім білдірді. Онлайн-таныстырылым кітап соңындағы мына сөздермен түйін­делді: «Кейінгі ұрпаққа Елбасы Ор­талық Азия көшін бастаған табыс­ты, қалыптасқан мемлекетті – бүкіл әлемге сыйлы, қуатты экономи­ка­сы мен мүмкіндігі тең ашық қоға­мы бар елді мұраға қалдырды. Мем­­леке­тіміздің келесі даму ке­зең­­дері үшін идеялық іргетас бола ала­тын оның зият­керлік бай жә­дігерінің маңы­зына баға жетпейді. Нұрсұлтан Назарбаев – уақыттан озып кет­кен, Қазақстанның бола­шақ ұрпағы үшін ой-толғамдары мен іс-әрекеті ешқашан құнын жо­ғалтпайтын жаһандық деңгей­дегі аса көрнекті мемлекет қайраткері».