Жалпы, әділетті салық салу жүйесі және тиімді қаржылық реттеу мәселесі былтыр Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында қозғалған.
«Жалпы ішкі өнім мен халық табысының артуына қарамастан, қоғамдағы мүліктік жіктелу үдерісі сақталып отыр, тіпті күшейіп барады. Бұл – алаңдатарлық фактор. Сондықтан оған ерекше назар аудару керек. Ұлттық табыстың әділ бөлінуіне баса мән бере отырып, салық жүйесін жаңғырту қажет деп санаймын», – деген еді Мемлекет басшысы.
Содан кейін Ұлттық экономика министрлігі осы жұмыстарды жүзеге асыра бастаған сыңайлы.
– Жүргізілген цифрландыру мен жүйелерді жаңғыртуды ескере отырып, қолданыстағы рәсімдер қайта қаралды. Мемлекеттік қызметтер бойынша электронды форматқа ауыстыру, оларды көрсету мерзімдерін қысқарту, жеке практикамен айналысатын тұлғалардың қызметін тоқтату рәсімін оңтайландыру ұсынылады. Салық есептілігін тапсыру мүмкіндігі кеңейтіліп, енді оны бірреттік парольді пайдалану арқылы ұсынуға болады, – дейді министр Руслан Дәленов.
Дәл осы тұстағы салық есептілігін электронды форматқа ауыстыру деген тармаққа «Ақжол» партиясы қарсы шығыпты. Фракция мүшелерінің пікірінше, мұның жетілдіретін жері шаш-етектен.
– Біріншіден, ауыл-аймақта интернет қолжетімсіз. Екіншіден, электронды шот-фактура шағын бизнес, орта бизнес, үлкен бизнестің бәріне тиімсіз, – дейді депутат Дания Еспаева.
Ал жеке тұлғаларға салынатын мүлік пен жер салығын біріктіру идеясы көптің көңіліне қонған сияқты. Халық қалаулылары оны бірауыздан қолдады. Әрине, салықтың мөлшері сол қалпында сақталады. Элементтері де (салық салу объектісі, салық базасы, мөлшерлемесі, есептеу және төлеу тәртібі) онша өзгеріске ұшырамайды. Ең бастысы, бұл – тұрғындардың ары-бері сабылмай, екі салыққа бір түбіртек алуына жасалған қолайлы жағдай.
Руслан Дәленов азаматтарға ыңғайлы болу мақсатында көлік салығын төлеу мерзімін биылғы 31 желтоқсаннан келесі жылдың 1 сәуіріне ауыстыруды және тұрақты әлеуметтік маңызы бар автомобиль тасымалдарын қосымша құн салығынан 3 жылға босатуды ұсынды. Шенеуніктің сөзінше, тарифтердің тиімсіздігінен және субсидиялауға қаржы жетіспегендіктен, тасымалдаушылар шығынға батып жатыр екен.
Айтпақшы, заң жобасында қазақстандықтарға қызметі мен тауарларын электронды түрде өткізетін шетелдік интернет компанияларды қосылған құн салығын төлеуге міндеттеу нормасы бар. Бейресми тілде «Google салығы» деп аталғанымен, бұл салық тек іздеу жүйелеріне ғана емес, компьютерлік бағдарламалар саудасына, ойындарға, электронды кітаптарға, деректер базаларына, фотосуреттер, кескіндер, музыка сатылымдарына, домендерді тіркеуге және басқа да электронды қызмет түрлеріне қатысты. Сарапшылар аталмыш тәжірибенің пайдасы мол деседі. Біріншіден, интернет компанияларды түгел тіркеуге мүмкіндік туады. Екіншіден, қазынаға қомақты қаржы құйылады. Мәселен, Apple компаниясы 2020 жылдың алғашқы үш айында Өзбекстан бюджетіне 59,2 мың доллар, Google Commerce Limited компаниясы 85 мың еуро, Netflix International B.V. компаниясы Өзбекстан бюджетіне 4,3 мың еуро төлепті.
Шенеуніктер бұл заң жобасын әзірлегенде Ресей тәжірибесіне жүгінгенін мойындайды. Ресейде электронды сауда қызметтеріне 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап салық салынады.
– Қосымша құн салығы жылына 2 миллиард теңгеге бағаланып отыр. Бірақ егер қызметтер ауқымы артса, салық көлемі де көбейеді. Біз оны бақылаймыз, – дейді Руслан Дәленов.
Ұлттық экономика министрлігі жаңа құжатқа «инвестициялық салықтық кредит» ұғымын енгізбек. Кредит корпоративтік табыс салығы және мүлік салығы бойынша 3 жылға пайызсыз беріледі. Алайда тиісті шарттар орындалмаса, өсімпұл есептеледі.
Қоқыс өртеп энергия өндіру туралы заң жобасы да осы отырыста қаралды. Мәжіліс депутаты Шавхат Өтемісовтің айтуынша, заң жобасы тұрмыстық қатты қалдықтардан термиялық жолмен электр энергиясын алуды көздейді. Айрықша әдіс экономикалық һәм экологиялық жағынан пайдалы. Себебі жыл сайын республикада 5 миллион тонна қалдық жиналады. Оның тек 15 пайызы ғана өңделеді. Халық қалаулылары енді жаңа жобаға сай кешендер салынса, полигондар азаяды деп үміттенеді.
Алайда «Ақжол» партиясы заң жобасының кейбір тармақтарына қатты шүйлікті.
– Банктерге кезекті салық жеңілдігін енгізу идеясы көңілге күдік ұялатады. Оның мемлекетке не пайдасы бар? Сондықтан біз сіздерден жай ғана түсіндіруді емес, ресми экономикалық есептеулер күтеміз. Онсыз да салықтардан босатылған, қоғамға ашық жұмыс істемейтін банктерге тағы да жеңілдік жасағаннан мемлекет не ұтады? – деген сауал тастады Азат Перуашев.
Ендеше заң жобасы неліктен бірауыздан мақұлданды? Ақжолдықтар неге қарсы болмады? Тым құрығанда неге қалыс қалмады? «Көп айтса – көнді, жұрт айтса – болдының» кері ме, әлде басқа себебі бар ма?
– Бұл бірінші оқылым ғой. Сондықтан «Заң жобасындағы біз көрсеткен кейбір кемшіліктер екінші оқылымға дейін ескерілуі керек» деген талап қойдық. Егер пікіріміз қабылданбаса, біз екінші оқылымда қолдамаймыз, – дейді Дания Еспаева.
Иә, Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген заң жобасын алда ұзақ сапар күтіп тұр. Мәжілістің екінші оқылымынан өтсе, сенаторлардың талқысына түседі. Тек содан кейін ғана Президенттің қол қоюына жіберіледі. Яғни, қазір пәлен-түген деп нақты тұжырым жасауға әлі ерте.