Оған үшінші мегаполис тұрғындарының орналасу аумағының жылдан-жылға кеңейіп жатқаны әсер етсе керек. Одан бөлек, шеткі аймақтарға қоғамдық көліктің қатынамауы, барының тозығы жетуі де тұрғындардың шағымдануына негіз болуда. Шымкент қаласының әкімдігі осындай олқылықтардың орнын толтыру үшін жуырда қоғамдық көлік жүйесінің жаңа концепциясын қабылдады. Демек, енді бұл салада үлкен өзгеріс болмақ. «Жолаушыларды тасымалдау қызметіндегі реформа тұрғындарды мазалаған мәселелердің шешімі бола алады», – дейді жауапты мамандар.
«Автобустық тасымалдауды дамытудың 2018-2020 жылдарға арналған кешендік бағдарламасы (жол картасы)» негізінде Шымкент қаласының әкімдігі тарапынан жаңа автобустарды лизингке алу жоспарланған. Жаңарту мақсатында жасалған механизмге сәйкес, бұл шараларға «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ оператор болып бекітілген-ді. 2019 жылы бірінші кезеңдегі 300 автобус қаржылық лизингке сатып алынды. Айта кетейік, осы бағытта «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ тарапынан екі жеке тұлға бірлесіп (ӘКК үлесі – 42,3 %, жеке тұлғалардың үлесі – 57,7 %) «Shymkent Bus» Басқарушы компания» ЖШС құрылды да, автобустарды пайдалану үшін келісімшарт түзілген. Бүгінгі таңда автопарк 18 қалалық тұрақты маршрутқа қызмет көрсетеді, онда 500-ден аса қызметкер жұмыс істейді. Ағымдағы жылдан бастап барлық маршрут әлеуметтік мәні бар маршруттар болып табылады, сондықтан оларға субсидия беріліп келеді.
Шымкент қаласының әкімі М.Әйтеновтің айтуынша, осынау бағдарлама аясында биыл екінші кезеңмен сыйымдылығы үлкен, сығымдалған табиғи газбен (метан) жүретін 590 жаңа автобусты қаржылық лизингке алу көзделуде. Қазіргі таңда 50 автобус әкелінген. Автобустар отандық өндіруші «СарыарқаАвтоПром» АҚ-да жиналған.
Үшінші мегаполистегі жолаушылар тасымалының жұмысын жақсарту мақсатында жыл басынан бері мамандар тарапынан жүргізілген зерттеуде сауалнамаға қатысқандардың 75 пайызы қоғамдық көлікті жаңғырту қажетіне мән берген. Себебі жолаушыларды тасымалдау жүйесінің бейберекетсіздігінен бір көшеге бірнеше маршруттың шоғырлану мәселесі туындаған. Салдарынан аялдамаларда автобустар бір-біріне кедергі жасап, тасымалдаушылар арасында бәсекелестік туындап, ал жолаушылар сол көшелерге көптеп жиналуға мәжбүр болуда. Одан бөлек, Шымкент облыс орталығы болған жылдарда ең алдымен ауданаралық қатынасты жақсарту, көбейту секілді жағдайларға ғана басымдылық беріліп келген екен. Қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов журналистерге берген сұхбатында «Шымкент республикалық статусқа ие қала атанғаннан кейін жолаушылар тасымалына ерекше мән беру керек» деп атап өтті. Себебі қала аумағы кеңейіп, халық саны да артты. Сауалнамаға қатысушылар да осыны меңзеген.
Ал қоғамдық көлік жүйесіндегі реформа бойынша автобустар мобильді қосымша арқылы бақылауға алынып, жол ақысын электронды төлеуге мүмкіндік тумақ. Сонымен қатар жаңа бағыттар ашылып, цифрлы және интеллектуалды жүйе енгізіледі. Жаңа жүйе бойынша қоғамдық көліктердің жұмысы жақсарып, тиімділігі артпақ. Аталған концепция тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де үлкен септігін тигізбек. Енді жүргізушілер арнайы курстардан өтіп, кондукторлардың қызметі қатаң тексерілетін болады, – дейді Мақсұт Пернебайұлы.
Сондай-ақ диспетчерлеу арқылы автобус арасындағы жиілік сақталып, аялдамаға тоқтамайтын жүргізушілер қадағаланады. Бұдан бөлек, сауда орталықтары мен мектеп және басқа да адам көп шоғырланатын аялдамалар реттеліп, шағынаудандарға қатынау жеңілдейді.
Қоғамдық көліктің жұмысын жақсарту кезең-кезеңмен жүзеге асуда. Биыл қоғамдық көлікті жан-жақты модернизациялау, жолаушыларды тасымалдау қызметін жақсарту, қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қолданыстағы маршруттар желісін жаңарту шараларын «Астана LRT» ЖШС жүзеге асыруда.
Атап өтейік, жалпы, қалада қоғамдық тасымалдау саласында 1 047 кестемен 76 маршрут жолаушыларға қызмет көрсетеді. Оның ішінде 836 кестесімен 63-і автобус, 211 кестемен 13-і микроавтобус бар. Жолаушыларды тасымалдау қызметін 24 көлік компаниясы жүзеге асырып келеді. Қоғамдық көлік саласы мамандарының зерттеуінше, арасында қажетсіз маршруттар бар екені белгілі болған. Аталған модернизациялау аясында енді олардың біршамасы жойылып, кейбіріне өзгертулер енгізіледі. Есесіне, автобус бармаған шалғайдағы елді мекендерге жаңа бағыттар қосылады.
Жоғарыда атап өткеніміздей, әлеуметтік маңызы бар болып табылатын барлық қоғамдық көлік субсидияланады. Олай болмаған күнде ескі автобус пен уақытылы жүрмейтін көлік мәселесі қанша жерден жаңалық енгізгенімен, сол күйінде қала береді.
Ал «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Шымкент қаласындағы қоғамдық көліктерде «Төлем» электронды билеттендіру жүйесін енгізу жобасы QazSmartTrans ЖШС-нің жеке инвестициялары есебінен жүзеге асырылуда. Бұл жүйе шілде айының аяғында іске қосылмақ. Электронды билеттің артықшылықтары өте көп. Жолаушыларға көлік картасымен, SMS, QR-код, смартфонды (NFC) қолдана отырып, жол жүру ақысын төлеуге мүмкіндік береді. Көлік картасының бағасы – 500 теңге. Карталардың 4 түрі бар – жалпы пайдаланатын карта, оқушылардың картасы, студенттік карта және тегін жүру картасы. Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне, тыл еңбеккерлеріне (Ерен еңбегі үшін медалімен марапатталғандар) Батыр ана, Алтын алқа, Күміс алқа төсбелгілерімен марапатталғандарға және І-топтағы көру қабілеті нашар зағип жандарға карталар тегін таратылады. Бұдан басқа, оқушыларға мектеп асханаларында көлік картасымен төлеу мүмкіндігі де бар. Демек, Шымкентте осы картамен 14 мың адамның тегін жүруге мүмкіндігі болады. Аталған жүйе аясында жолаушылар тасымалы тарапынан түсіп жатқан табыс та жасырын болмайды. Сонымен қатар жолаушылар әртараптандырылған төлем жасай алады. Мәселен, картамен жолақы – 70 теңге, қолма-қол 100 теңге болады.
Сондай-ақ көлікті жедел басқару мен реттеуді жүзеге асыратын бірыңғай диспетчерлік қызметті құру, қоғамдық көлікті пайдаланушылардың байланыс орталығын құру, жүргізушілер құрамын қайта даярлайтын оқыту орталығын ашу да алдағы күндердің еншісінде тұр.