Топ мүшелері алдымен кенттің оңтүстік батысында бой көтеріп жатқан тұрғын үй алаңында болды. Барлығы 4 қатарлы 48 пәтерлік тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарын ақтаулық «ЕвроСтрой-А» ЖШС-і 2018 жылдан бастап жүргізуде. Кездесу барысында серіктестік өкілі құрылыс жұмыстары туралы баяндады.
– Тапсырылған жұмысты уақытылы атқарып шығуды көздеп отырмыз. Құрылыс материалдары жеткілікті. Қажетті топырақ қоспаларын осы жерден, ал тастарды Маңғыстау облысына қарасты Жетібай жерінен тасымалдаудамыз. Дей тұрғанмен, бізді толғандыратын мәселе, әкелінген құрылыс материалдарын ұрлау тыйылмай отыр. Сонымен қатар жұмысшы қолы өте аз. Аудандық жұмыспен қамту орталығына өзімізге қажетті мамандарға сұраныс жібергенімізбен, азаматтар келген жоқ. Олар жұмысқа қабылданған жағдайда еңбекақылары да тиісті дәрежеде төленеді, құрылыс жұмыстары да қарқынды жүрер еді, – дейді серіктестік өкілі.
Осыған орай, мердігер мекеме өкілі орын алған олқылықты жою бағытында нақты шаралар қабылданатынын жеткізді. Ал 5 қатарлы 80 пәтерлік тұрғын үйдің жұмысына жауапты атыраулық «SMKA-4» ЖШС-нің өкілі Қадыр Қазыбаев құрылыс жұмыстарын сапалы әрі мерзімінде аяқтауды көздеп отырғанын айтты. Ол сонымен қатар қажетті құрылыс материалдары уақытылы келіп отырғанын тілге тиек етті.
Құрылыс жұмыстарын тексерген аудандық мәслихаттың аппарат басшысы Гүлшара Қабиева, «Nur Otan» партиясы Индер аудандық филиалының Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Әлия Қарашина және сыбайлас жемқорлыққа қарсы арнайы мониторингтік топтың жетекшісі Жанай Амантурлин кездесу соңында аталған нысандарға тұрақты түрде бақылау жүргізілетінін жеткізді.