Мәжіліс депутаттары – «Nur Otan» фракциясының мүшелері «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасын дайындады. Заң жобасында 3 кодекске және 3 заңға өзгертулер енгізу ұсынылды.
Құжаттарға енгізілген өзгерістер балалардың құқығын қорғайды. Баланы кемсітуге, атап айтқанда, отбасында, мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде ұрып-соғып жазалауға жол бермейді. Жетім немесе ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалардың баспаналы болуына жағдай жасайды. Сондай-ақ жаңа талапқа сәйкес, кәмелеттік жасқа толмағандарды жазалағандарды әкімшілік жауапкершілікке тарту да қарастырылған. 14 жасқа дейінгі спортшы балалармен халықаралық жарыстарға қатысу үшін еңбек шартын жасасу және тағы басқа ұсыныстар енгізілді.
Заң жобасында ата-аналарға қарапайым мінез-құлық ережелерінен бастап балаларды тәрбиелеу әдісіне дейінгі талаптар, соның ішінде зорлық-зомбылық әрекеттері бар фильмдерге шектеу қою, интернет-ресурстарды пайдалану бойынша ережелер де толық қамтылған.