Осы орайда, азаматтардың өз кәсібін ашуына жол көрсету, отбасындағы мәселелердің шешілуіне қолдау көрсету, мемлекеттік бағдарламалардың тетіктері туралы кеңес беру мақсатында «Nur Otan» партиясының «Бақытты отбасы» жобасы аясында «Отбасы» орталығы ашылды. – Бұл орталықты ашу көптен бері жоспарда болған. Әрі оның қаланың ортасында орналасуы, тұрғындарға қолайлы ғимаратта болуы да қарастырылды. Сондықтан кеңсеміз қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жанынан ашылды. «Бір терезе» қағидасы бойынша құқықтық, психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, білім беру, бизнеске баулу бағытында көмек көрсететін «Отбасы» орталығы барлық уақытта азаматтарды қабылдауға дайын. Әртүрлі мәселе бойынша кез келген уақытта орталыққа хабарласып, көмекке жүгіне аласыз, – дейді орталық қызметкерлері.
Орал қаласында алғаш рет ашылып отырған орталықта бірнеше салалық бөлімдер жұмыс істейді. Онда көпбалалы аналарға жеке ісін ашуға, арнайы мамандардан қолөнерді, тігіншілік кәсіпті үйренуге, басқа да шеберлік сыныптарын өткізуге, өздерін толғандырған мәселелерге байланысты кеңес алуға барлық жағдай жасалған.