Еліміздің бас қаласы өзге өңірлердегі жастар үшін «тарту орталығы» саналады. Әкімдіктің дерегінше, 2020 жылғы 25 маусымдағы жағдай бойынша елордалық еңбек жасағында 1,2 мың жас жұмыс істейді. Биыл елордада жастарды жұмыспен қамту үшін студенттік құрылыс және «Жасыл ел» еңбек жасағына осынша жас қабылданыпты.
– Елорда бойынша XVI еңбек маусымы өз жұмысын бастап та кетті. Өткен жылдардағы квота бойынша жылына 975 адам жұмыспен қамтылып келген. Енді жобаның сұранысқа ие екені ескеріліп, 3 жылда – 2020-2022 жылдар кезеңінде жыл сайын 1 200 жасты жұмыспен қамтуды жоспарлап отырмыз, – дейді Жастар саясаты мәселелері басқармасының бөлім басшысы Бақытжан Жүнісбеков.
Еңбек жасағына 14-29 жас аралығындағы кез келген жастың қатысуына мүкіндік бар. Бұл ретте қолдау ретінде көпбалалы және аз қамтылған отбасылардағы балаларға басымдық беріледі. Жұмысшы жастар үш топқа бөлінген. Біріншісі – әлеуметтік жағдайына байланысты іріктелген 14-17 жастағы балалар, екіншісі – 17-22 жастағы колледж, ЖОО студенттері. Ал үшінші ересек топ – жұмыссыз жастар арасынан таңдалған 18-29 жастағы азаматтар.
Б.Жүнісбековтің айтуынша, кәмелетке толмаған балалар Еңбек кодексіне сәйкес, денсаулығына зиян келмейтіндей жағдайда еңбек етіп жатыр. Олардың жұмыс уақыты 4 сағаттан, аптасына 5 күннен аспайды. Бұл топтағы балалар қаладағы саябақтарды тазалау, мектеп ауласын көгалдандыру секілді қызметтер атқарады.
Екінші топтағы балалар қалалық саябақтарда «Астана көгалдандыру құрылысы» мекемесімен бірлесіп, күніне 6-8 сағат әрекет етеді. Ал ересек топтағы жұмыскерлер толық жұмыс кестесімен құрылыс алаңдарында, не «Астана орманы» мекемесімен бірге іс тындыруда.
– Құрылыс алаңдарына көбіне студенттер мен ересек топтағы жастар жіберіледі. Оларға жұмыс беруші жалақы төлейді, біздің тарапымыздан сыйақы да беріледі. Барлық қатысушыларға арнайы жұмыс киімі тігіліп, таратылған, – дейді Жастар саясаты мәселелері басқармасының бөлім басшысы.
Рас, биыл пандемия мен карантин осы салаға өзгерістерін енгізді: «Санитарлық қауіпсіздік талаптарын сақтау мақсатында жастардың бір жерге шоғырланып жұмыс істеуіне жол берілмейді. Таза ауада, ашық кеңістікте 2 метрден кем емес қашықтықты сақтауы қажет. Осы жобаға қатысушы жастар міндетті түрде бетперде, қолдарына қолғап киіп жұмыс істейді. Ең бастысы, жастардың қауіпсіздігі сақталған. Әр адаммен жеке келісімшарт жасалады. Барлық талаптарымен танысып, жадынамаға қол қойылады», – дейді ол.
Нұр-Сұлтан тұрғындарының баспанамен қамтамасыз етілу деңгейі бойынша да жетекші орында. 2008 жылы бұл көрсеткіш Астанада әр адамға шаққанда 21,5 шаршы метрден келетін. Кейін ол 25 шаршы метрге дейін артты. Өзге мемлекеттермен салыстырсақ, мәселен Испанияның астанасы Мадридте және ресейлік Санкт-Петерборда бұл көрсеткіш әр адамға шаққанда – 24 шаршы метрге, Париж бен Лондонда 32 шаршы метрге тең. Елбасы бүкіл Қазақстан, соның ішінде елорда алдына да баспанамен қамтылу көрсеткішін әр тұрғынға шаққанда 30 шаршы метрге жеткізу міндетін қойды.
«Тұрғын үй мәселесін шешу үшін бірнеше бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Биыл тозығы жеткен үйлерден 800-ден астам адам қоныс аударады. Бұдан бөлек, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы аясында 2020 жылы 50-ден астам көппәтерлі тұрғын үй кешенін, 130-дан астам лифтті жөндеп, кейбірін ауыстырамыз. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қолжетімді әлеуметтік тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайтамыз», – дейді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов.
Айта кету керек, еліміздің бас қаласының жалпы ауданы 797,3 мың шаршы шақырымға созылып жатыр.
Айхан ШӘРІП