Түркістан – бар түріктің рухани астанасы
Түркістан – бар түріктің рухани астанасы
859
оқылды

(Баян Тұяқбаеваға жауап)

  Арнайы тапсырма да болуы ықтимал. «Біткен іске сыншы көп». Дегенмен мақсаты не болса да, Баян Тұяқбаеваның («Городище Туркестан – это святыня, а не развлекательный центр». «Комсо­мольская правда». 10 июнь 2020) «Түркістан қалашығы  – ойын-сауық орталығы емес, киелі мекен» атты сұх­батында берген пікірлеріне ғылыми- танымдық тұрғыдан өз көзқарасымды білдіруді жөн көрдім. Себебі бұл іс Баян ханым айтпақшы, «вакханалия» (шарап құдайының нәтижесі, мастық, жүйесіздік, негізсіздік) емес, шынайы ғылыми пікірталастың нәтижесінде жүзеге асырылып жатқан келелі бастама болатын. Мен өзім Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан бірнеше рет ұйымдастырылған сарапшылар отырысының куәсі болғанымнан да, бұл сынға жауап беруге құқылымын деп есептеймін. Сұхбаттың тақырыбына қарап, Баян ханымның «Қожа Ахмет Ясауи «куллийасына» (кесенесіне) деген жанашырлығы деп ойлауыңыз әбден мүмкін. Бірақ өкінішке қарай, мақсаты да, ұстанымы да, негізгі дәлелдері мен әдісі де кешегі кеңестік идеологиялық шеңберден аспағаны көрініп тұр. Оның үстіне, келтірілген тарихи деректер, әдіснамалық сарап, діни-танымдық анықтамаларыңыз да, сүйенген заң да ескіргенін ескертемін. ҚР 26.12.2019 № 288-VI заңымен «Тарихи-мәдени мұра обьектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңның күші жойылған болатын. Бұл заң кешегі кеңестік идеология кезеңінен қалған, кеңестік музейтану ұстанымына лайық­талған заң болатын. Сонымен, мәселені сезіну үшін де тарихи сананың тереңінен сөз қозғауға тура келеді. Мені ұлт, мәдениет, өркениет арасындағы өзара қатынастың табиғаты туралы мәселе көптен бері толғандырып жүр еді. Бұл тақырыптар туралы өткен күннен жеткен теориялар мен концепциялар жеткілікті, бірақ олардың бүгінгі заман талабына жауап беруге дәрменсіз жақтары көп. Сондықтан Елбасымыз Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру», сонан кейін «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласын жариялады деп санаймын. Себебі мәдениеттің де, өрке­ниеттің  де болмыстық мәні болады. Мақсатым – сол мәннің ұлттың да, оның мемлекеттілігінің де баяндылығы мен дамуының сабақтастық кепілі екенін көрсету. Елбасы өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» атты бағытқа терең мән берді. Сондағы «түрік» атауының өзі біздің ата тарихымыздағы әскери де­мократиялық қабаттан хабар беріп тұрғаны белгілі. Түркі халықтарының соғыс өнері, атты қолға үйрету, әскери қару-жарақ техникалары туралы адамзат тарихындағы орнын әлем мойындайтынын білеміз. Әйтсе де, тарихта түркі тайпаларын тұтастандырып, ортағасырлық ренессанстық мәнге жеткізген, орталық біріктіруші болмысқа айналу үдерісі ислам діні мен өркениетіне тие­сілі екені мәлім. Біздің топырақ расында ислам ренессансын туғызған киелі мекен ретінде Бухари, Жаухари, әл-Жабри, әл-Фараби, Ибн Сина, Матуриди, Исфиджаби, Марғинани, Тарази, Иасауи, Бақырғани, Асан Қайғы және т.б. түркі өркениетінің заңғар шыңдарын дүниеге әкелген. Мұны тарихшылар да «Ислам Арабстанда пайда болды, Түркістанда өркен жайды» деп бағалайды. Сондықтан менің ойымша, түрік өркениеті қабатындағы исламның тарихи орны мен рөлін тану да өзекті мәселе. Әрине, тарихсыз ұлтты да, мәдениетті де, өрке­ниетті де тану әрі басқаға таныту да мүмкін емес. Міне, осы тұрғыдан Түркістан тақырыбы ең маңызды, өзекті мәселе. Рухани жаңғыру – тек адамның санада ғана жаңғыруы емес, сонымен қатар адамның кеңістігі де, уақыты да қайта тұжырымдалуы керек. Сондықтан да  жоғарыда атап өткен тұжырымдамада Елбасы жаңа облыс орталығы ретінде Түркістанды дамыту әрі оның халық­аралық аренадағы беделін жүйелі түрде арттыру қажет екеніне тоқталды. Бұдан шығатын байлам – тарихи сананың жаңғыруына тікелей кеңістіктің де ық­палы басым болады деген сөз. Түркістан сан ғасырлық тарихы бар қасиетті мекен ғана емес, Еуропа мен Азияны тоғыстырып жатқан Ұлы Жібек жолының күретамыры, «Қазақ хандығының астанасы», «күллі түркі әлемі үшін рухани орталық» ретінде тарихи санамызда жатталған, ұрпақтан-ұрпаққа дәстүр сабақтастығымен жеткен құнды да киелі ұғым. Түркістанның осы тарихи орнын қайта жаңғырту мақсатында кеңестік кезеңде белгілі себептермен мән берілмей келген киелі мекенде ол кезде әлі егемендік ел болмасақ та, Елбасы пәрменімен, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Түркістан мемлекеттік университеті ашылды. Мақсат – Түркістанның әлеуетін, экономикасын, саяси-рухани орнын, мәдени ағартушылық тарихи рөлін арттыру. Себебі кеңестік идеологиядан шыққан елге өзінің дәстүрлі құндылықтарына қайта қауышу шарт болғандықтан да, киелі Түркістанды болмыстық келбетіміздің айнасы ретінде ұлттық, мәдени, өркениеттік ерекшелігіміз бен құндылықтарымыздың өзегі екенін мемлекеттік тұрғыдан сезіндіру қажет еді. Осы ғасырдың басында «Түркістанның 1 500 жылдық» мерейтойын жалпыхалықтық мерекеге айналдырдық. Осылайша, Түркістанды халықаралық қауымдастықтар мен жаһандық бұқаралық ақпараттар арқылы әлемге таныттық. Бұған халықаралық ЮНЕСКО  ұйымы назарын аударды. Tyrkistan Түркістан қаласы 2017 жылы Түркі әлемінің мәдени астанасы ретінде жа­рия­ланды. Ал 2018 жылдың 19 маусымы күні Оңтүстік Қазақстан өңірін Түркістан облысы деп атау және облыс орталығын Түркістан қаласына көшіру туралы Жарлыққа қол қойылып, ресми түрде бекітілді.  

Түркістанды қайта жаңғырту не үшін маңызды?

Түркістан – геосаяси, географиялық және климаттық орналасу жағынан да тарихи маңызды мекен. Тарихымызда бұл киелі мекеннің оғыз-қыпшақ кезеңінде «Шауғар», исламнан кейін де «Яссы» және «Түркістан» атаулары болғаны белгілі. Бұл атаулар, әрине түркінің өркениеттік қабаттарын да білдіреді. Бұл жер – ежелгі түркі тайпалары үйсін, қаңлы, қарлұқ, қыпшақ, оғыздардың атамекені. Сыр бойы мен Қаратау барша көшпелі түркі халықтарының панасы болды. Бұл қасиетті мекеннің тарих сахнасына «Түркістан» атауымен шығуында орта ғасырларда исламның жаһанға берген ең басты құндылығы ғылым-білім болатын.  Осы қасиетті топырақтан шыққан ғалымдардың бір тобы әдебиет, философия, тарих, астрономия, логика, музыка, тіл, медицина, шариғат, хадис, құқық салаларына арналған еңбектерімен танылды. Қожа Ахмет Ясауидің туған жері бір ғана Исфиджаб қаласынан Ахмад әл-Исфиджаби, Әли әл-Исфиджаби, әл-Қади әл-Байдауи, Әбу әл-Хасан, Әли әл-Байдауи атты артына мол мұра қалдырған ғұламалар шықты. Сонымен бірге  ІХ-XІІ ғасырларда бүкіл дүниежүзіне өздерінің ғылыми-философиялық, діни еңбектерімен танымал болған Муса әл-Хорезми, Ахмад әл-Ферғани, Әбу Насыр әл-Фараби, Әбу Әли ибн Сина, Әбу Райхан әл-Бируни т.б. ұлы ойшылдар мәдениетке, ғылымға өшпес ізін қалдырды. Сөйтіп, ислам діні барша түркі халқын өркениеттік мәнде тұтастандырып, жаңа болмыстық сипат берді. Адамзат тарихында түркі халқы ислам діні құндылықтарын әлемге паш еткен өркениетаралық көпірге айналды. Бұл аймақ Алтайдан Балқанға дейінгі, Тәңір тауларынан Оралға дейінгі ұлы даланы мекендеген барша түріктің жаңа өркениеттік бесігі бола білді. Осындай киелі бесік бүгін Түркістан деп аталады. Ал Түркістанның «Түркістан» деп аталуы да тікелей Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың тарихи тұлғасына қатысты екені белгілі. Ел аузында «Мәдинада Мұхаммед, Түркістанда Қожа Ахмет» деген тіркес бар. Тарихи санада ғана емес, тарихи таным деректерінде де  ХІІ-ХІІІ ғасырлар түйісінде өмір сүрген атақты парсы шайыры Фарид-ад-дин Аттардың «Құстар тілі» («Лисану ат-тайыр») атты танымал шығармасында Қожа Ахмет Ясауиді «Пір и Түркістан» (Түркі елінің ұстазы) деп дәріптейді. Бүгінгі Түркістан атауы жоғарыда келтірілген «Пір-и Түркістан» деген тіркестен қалған Ясауи бабамыздың сипаты болатын. Яғни, бұл киелі мекен – Ясауи бабамыздың қаласы. Әзіреті Түркістанның қазақ рухани танымы мен мемлекеттілігі тарихында айрықша орны бар. ХV ғасырдың аяғынан бастап Қожа Ахмет Ясауи куллийасы (кесенесі) Қазақ хандығының резиденциясы әрі кешенді пантеонға айналып, әйгілі ғұламалар, хандар мен ақсүйектер жерленгені тарихи шындық. Тарихи деректер бойынша, мұнда отызға тарта қазақ мемлекеттілігіне еңбегі сіңген хан-сұлтандар арулап қойылған. Сонымен қатар қазақтың атақты би-шешендері, батырлары мен абыздары, халық қадір тұтқан тұлғалары жерленген. Міне, «Әзіреті Қаратау әулиенің кені еді» деп «Алпамыс батыр» жырында айтылғандай, Түркістан қазақтың ғана емес, барша түркі халқының киелі орны болса, Әлішер Науаи да Ясауи бабамызды «Түркі елінің құбыласы» ретінде танытып кетіпті. Тарихта Ясауидің рухани ұстаздық қызметіне баға берушілер көп. Расында, бір қаланың атын алатындай Әзіреті Түркістан Қожа Ахмет Ясауи қандай тұлға, қандай мұрасы бар, барша түркі халқына қандай қызметі тиіп еді? Енді осы мәселеге ойысайық.  

Пір-и Түркістан  Құл Қожа Ахмет ясауи кім?

Түркі еліне ислам дінін жая келген қожа, сейіт, бап сияқты сопылық өкілдерінің де рөлі исламды таратуда ерекше болды. Түркі-ислам мәдениеті мен өркениеті XІ-XІІ ғасырлардағы Қарахан мемлекеті кезіндегі түркі тілінде жазылған еңбектер арқылы бар болмысын нақтылады. Ясауидің артына қалдырған өшпес мұрасы оның еңбектерінде жатыр. «Диуани хикмет», «Мират ал Құлуб –Көңілдің айнасы», «Фақрнама», «Рисала» сияқты еңбектері қазір ғылыми айналымға енді. «Диуани хикметін» түркі халқы Құраннан кейінгі қасиетті кітап­қа балап, жаттап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келді. Хикмет айту өз алдына бір дәстүрге айналды. Бүгін осы мұраларды қайта жаңғыртып, кейінгі ұрпаққа аманат ретінде «хикмет оқуларын» қайта ұсынуымыз керек сияқты. Жалпы, Түркістанда исламның түпкілікті орнығуы Қожа Ахмет Ясауи атымен тығыз байланысты. Қожа Ахмет ХІІ ғасырда қазіргі Сайрамда, ол кезде «Исфиджаб-Ақ Су» «Ақ қала» деген жерде дүниеге келген. Әкесі Ибрахим ата, анасы Қарашаш ана да дін ғұламаларынан болған. Бірақ Ахмет жастай ата-анасынан айырылып, жетімдікті көп көрген. Кейіннен әпкесі ГауҺардың қамқорлығында болады. Қожа Ахметтің Ясауи ретінде қалыптасуында Арыстан бабтың рөлі ерекше. Ясауи де хикметтерінде Арыстан бабтың ұстаздығы мен қамқорлығын аса үлкен ілтипатпен атап өтеді. Осы жерде Арыстан бабтың қазақ даласына ислам дінін таратудағы тарихи орны ашылу керек. Оны тек «құрма аңызы» бойынша танимыз. Құрма оған пайғамбарымыздан жеткен аманат. Демек, Ясауи аманат иесі ретінде ислам дінін түркі халықтарына таратып, өзі ұстаз дәрежесіне жеткен. Аңызда Ясауи­дің 99 мың шәкірті болған деседі. Расында бүгінгі Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғыз Республикасы, Таяу Шығыс, Пәкістан, Түркия, Балқан, Орал, Ау­ғанстан, Қотан және т.б. аймақтарда өздерін Ясауи шәкірттеріміз дейтін тарихи тұлғалар тізбегі белгілі. Оның атақты шәкірттері Мансұр ата одан Зеңгі баба шәкірттері  Садыр ата, Баба Түкті Шашты Әзіз, Бәдір ата, Сейіт ата ықпалымен қазіргі Қазақстан аумағы, сол кезеңде билік еткен Алтын Орда мемлекеті Өзбек ханның билігі кезінде исламды толықтай қабылдады.  

Досай КЕНЖЕТАЙ, профессор, теолог

(Басы. Жалғасы келесі санда)