Аң патшасын ауласында ұстаған
Аң патшасын ауласында ұстаған
665
оқылды
Әуелі қазақ жерінде арыстан мен жолбарыс болған ба деген сұраққа жауап іздеп көрсек. Та­рихи деректерге үңілсек, ертеде қазақ жерінде Азия арыстаны болғаны жайлы айтылады. Кей деректерде парсы немесе үнді арыстаны деген атау алған. Сал­мағы шамамен 160-190 келі тарт­қан екен. Аңызға сүйенсек, соң­ғы азиялық арыстанды Х ға­сырда Дон бойында князь Игорь өлтір­ген. Ал жолбарыстың жөні бөлек. Үлкендерден Сыр бойында Орта Азиядағы ең үлкен жолбарыстың болғанын талай естідік. Бірақ осы күні олардың да қарасы көрін­бейді. Соңғы рет өткен ғасырдың орта ширегінде Балқаш маңынан кездескені ғана айтылады. Тарихи шығар­маларда қалың қамыс пен то­ғайды жағалап, жолбарыс аулау үшін аңшылыққа шығатын хан­дар жайлы әңгіме соның бір айғағы болса керек. Қош, осы жыртқыш аңдар ел аумағында соңғы кездері қайта бой көрсете бастады. Оған Ақтау мен Павло­дар қаласындағы оқиғалар дәлел. 1 мамыр күні Ақтау қаласын­да теңіз жағалауында белгісіз бір азамат жолбарыстың күшігін ертіп жүргені жайлы бейнежазба тарап кеткен болатын. Кейіннен Маңғыстау облысы бойынша та­биғатты қорғау жөніндегі по­лиция қызметкерлері мен аумақ­тық инспекция өкілдері ол аза­матты тапқан болатын. Жол­ба­рыс Ресейдің «Евро-Цирк» ұжы­мына тиесілі екен. Сол кезде Маңғыстау аумағында бір бас ана­лық жол­барыс, бір бас ана­лық арыстан, екі бас жолбарыс­тың күшігі бар екені анықталған болатын. Күн сайын аналықтары 6 килограмм, күшік­тері 3 ки­лограмм ет жейді екен. Қара­саңыз, бұл аңдарды қорек­тендіру де оңай емес. Бірақ бұл өңірде тіркелген бірінші оқиға емес. Жуырда әлеуметтік желіде дәл осы аймаққа қарасты Ақ­шұқыр ауылы маңында қараусыз арыс­танның жүргені жайлы бей­нежазба тарады. Арыстанның Маң­ғыстауға қалай, қашан кел­гені әлі белгісіз болған. Бірақ көп өтпей иесі жайлы ақпарат тарап, арыстанды заңсыз асырағаны үшін 3 жылға дейін бас бостан­дығынан айырылуы мүмкін еке­ні хабарланды. – Бұл – жыртқыш аңға бай­ланысты биыл өңірде тіркеліп отырған екінші оқиға. Мамыр айында теңіз жағасында кездес­­кен жолбарыстың күшігі арнайы цирк үшін Ақтауға жеткізілген. Шамасы, бұл арыстан қолға үй­ретілген. Яғни, иесі бар. Өйткені адамдарға зиянын тигізбеген. Уақытша бөлек орынға орналас­тырдық. Қошқар ата қорымының маңында ұстап отырмыз. Берген етті жеп, су ішті, – дейді Маңғыс­тау облыстық Орман шаруашы­лығы және жануарлар дүниесі инспекциясы басшысының орын­басары Ғаббас Досатов. Осы секілді оқиға Павлодар қаласында да тіркелген еді. Ма­мыр айының басында Ресейден африкалық арыстанның күшігін сатып алған жас жігіт оны еш рұқсатсыз Қазақстанға алып кел­ген. Ізін ала азаматқа 27 мың тең­ге айыппұл салынып, арыс­танның күшігі тәркіленді. Жалпы, Қазақстанда цирктер мен хайуанаттар бағын есепке алмағанда, жабайы табиғатта арыстан мен жолбарыс мекен етпейді. Ал оларды үй жағдайын­да асырауға заң рұқсат ете ме?  – Жерімізде ертеде болған шығар, қазіргі уақытта бұл аңдар мекендемейді. Тек цирктерде немесе зообақтарда бар. Елі­міз­дің заңнамасы жыртқыш аң­дар­ды үйде асырауға рұқсат береді. Тек бірнеше талап бар. Ең әуелі құ­жаттары түгел болуы шарт. Оның үстіне, басқа адамдарға залал келтірмейтіндей оқшаулау керек. Асыраушы аңға тиісті қорегін уа­қытылы бере алуы тиіс. Осы се­кілді талаптарды орындай алса­ңыз, кез келген жыртқыш аңды асырауыңызға болады, – деді Орман шаруашы­лығы және жа­нуарлар дүниесі комитетінің бас­пасөз хатшысы Сәкен Ділдәхмет. Жабайы аңдарды асырап, оны мақтаныш көретін елдер бар. Солардың қатарында Бірік­кен Араб Әмірлігінің бай-бағ­ландары бар. Бірақ 2017 жылдан БАӘ-нің дәулеттілеріне жырт­қыш аңдарды өзімен бірге алып жүруге тыйым салына бастады. Себебі елде жырт­қыш аңдардың көбеюі қо­ғамдық қауіпсіздікке қатер төн­діре бастаған. Сол жыл­дан бастап көшеде немесе кө­лікте жыртқыш аңды өзімен ер­тіп жүрген арабтар 13,6 мың доллар айыппұл төлей бастады.   Түйін:

«Қасқырды қанша бақсаң да, орманға қарап ұлиды» деуші еді. Сол секілді жыртқыш аңдарды үй жануары ретінде асырау да қауіпті көрінері анық. Дегенмен елімізде бұл іске қызығушыларға жол ашық. Тек аң асырай алар жағ­дайыңыз бен тиісті құжатыңыз бол­са жеткілікті.

 

мадиярМадияр ТӨЛЕУ