Әлемдік тәжірибедегі спутник қала үлгісі
Жоғарыда атап өткен Те-Вудленс сөзіміздің айқын дәлелі бола алады. АҚШ-тың Хьюстон қаласынан 45 шақырым жерде орналасқан Те-Вудленстің іргесі XX ғасырда қаланған. Әу баста, бұл қала тұрғызудың мақсаты экологиялық таза әрі жайлы мекен салу болды. Сөйтіп, қала біртіндеп дами бастады. Әрине, спутник қаланың дамуы экономикаға тірелетіні белгілі. Те-Вудленсте алпауыт компаниялардың филиалы ашылуы мен кей мекеменің көшіп келуі мұнда тіршіліктің жанданғанын көрсетті. Жағдай өзге қалалардың мойын бұрып, кәсіпкерлердің инвестиция құюына әкелді. Қазір Те-Вудленс әлемдегі спутник қала терминінің жарқын үлгісі болып тұр. Деректерге мән берсек, әлемдегі үлкен қалалардың іргесінде спутник қала орын тепкен. Мысалы, Лондонда (Базилдон), Мадридте (Трес-Кантос), Мәскеуде (Зеленоград), Парижде (Эври), Дели (Гургаон) мен Хельсинкиде (Вантаа) бар. Бірқатары жанданып, өз алдына дамып, мемлекетке табыс әкелетін жағдайға жеткен. Мұндайда Сеул маңындағы спутник қалаларды мақалаға арқау етсек болады. Кенгидо аймағында орналасқан спутник қалалар Сеулдің өсуіне ықпал етіп отыр. Ондағы халық саны да көп. Бір ғана Сувонның өзінде 1,24 млн-нан астам халық тұрады. Әрі Оңтүстік Корея астанасы маңындағы қалалар туристік орталыққа айналып үлгерді. Үлкен қаладағы өмір ағысынан шаршап, тіршіліктен қажыған жұрт тынышын спутник қаладан тауып жүр. Өйткені ол жер астанаға жақын әрі бар жағдай жасалған. Кейбір қажеттілік үшін ғана Сеулге бармаса, басқа жағдайға келгенде олар Кенгидоны таңдайды. Осындайда Cushman&Wakefield компаниясындағы стратегиялық консалтинг бөлімінің директоры Илья Кузнецовтың айтқаны еске түседі. Оның айтуынша, спутник қаланы үлкен қаланың қосымшасы ретінде жоспарлау дұрыс емес. Қала дербес дамығанда да адамдар сонда өмір сүруді қалайды. Шағын қалада жақсы жұмыс орындарын ашу жағы да күрделі мәселе екенін алға тартады. Илья Кузнецов тағы бір фактіні естен шығармауды ұсынады. Ол – қала маңында тұратындардың жұмысы ірі қалада екені. Сондықтан көлік инфрақұрылымы мен үлкен қаламен байланыс жайы маңызды.Қосшыны болашақта не күтіп тұр?
Иә, жоғарыдағы маман сөзін оқысаңыз, көз алдыңызға елорда маңындағы Қосшы ауылдық округі келеді. Қосшыны елорда іргесіндегі спутник қала ретінде дамыту жоспары бұрыннан бар. 2017 жылы қараша айында Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола облысы әкімдері астананың агломерациясын дамыту жөніндегі меморандумға қол қойғаны есімізде. Оған Ақмола облысындағы 123 елді мекен енген. Оның ішіне Аршалы, Шортанды, Целиноград ауданындағы елді мекендермен қатар, Ақкөл ауданындағы төрт округ кіреді. Деректерге сүйенсек, қала маңындағы аймақтың жалпы көлемі 256,5 мың гектар екен. Қазір 1 млн 200 мыңнан астам халық агломерация аумағында тұрады. Бұл көрсеткіш 2030 жылға қарай 33%-ға өсіп, 1 млн 600 мың адамға жетеді екен. Демек, жоспар жасағанда келешекті бетке алып, кемшін тұсты дөп тапқан дұрыс. Осы жерден елорда агломерациядағы майшаммен қарайтын мәселе халықтың тығыз орналасуы екені айқын көрінеді. Қосшы ауылы елордадан 25 шақырым қашықтықта орналасқан. Әлемдік тәжірибені ескерсек, тап спутник қаланың нобайына келіп-ақ тұр. Аталған ауылдық округ құрамына Қосшы ауылы, Лесная поляна тұрғын үй алабы мен Тайтөбе ауылы кіреді. Қазір мұндағы тұрғын саны 50 мыңнан асып кеткен деседі. Өйткені арманын астанамен байланыстырған талай жас округтің ертеңіне сеніп әрі қалтасы көтеретіндіктен осы жерді таңдайды. Округ Целиноград ауданына қарағандықтан ауылдың даму деңгейіне солар жауапты. Аудан әкімі Малғаждар Тәткеев бірнеше мәрте ауылды округті жандандырудың жобасы дайын екенін айтқан-ды. Жаңа жұмыс орындарын ашып, әлеуметтік-мәдени инфрақұрылымды көтеру керегін атап өткен. Бәсекеге қабілетті, тұрғындардың өмір сүру сапасы жоғары көпфункционалды аумақ құруға бағытталған мекен екенін де бірнеше мәрте тілге тиек еткен. Осы мәселе төңірегінде елді мекенді сапалы ауызсумен, электрмен және жолмен қамтамасыз ету мақсатында бірнеше жоба іске асып жатқан сыңайлы. Қосшы кентіне 1,8 миллиард теңгенің 200 шақырымды электр желісі тартылған. Халық санына байланысты су қайнарының қуатын арттыру қолға алынған екен. Дамыту жайы турасына келсек, еліміздегі ірі қалалар, Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент қаласы төңірегіндегі проблемаларды шешуге 2019-2021 жылдары қосымша 90 млрд теңге бөлінген-ді. Осыған сай әр аумақтың бас жоспары түзіліп, әрекетке көшкен. Болашақта Қосшы ауылында 9 балабақша салынады. Оның жетеуі 240 орынды және 200 орынды, 280 орында екі балабақша тұрғызу көзделген. Екі спорттық сауықтыру кешені, екі емхана мен бір аурухана бой көтермек. Мектеп мәселесі ауылды округтің басты проблемасы саналатындықтан, мұны шешу де қарастырылған екен. Президент тапсырмасымен Қосшы ауылында 1 200 орынды екі мектеп құрылысы басталады. Әрине, Қосшы спутник қалаға айналуы үшін аймақта әлеуметтік нысан көбейіп, көлік инфрақұрылымы шешілуі тиіс. Осыған орай, округте сауда үйлері мен ойын-сауық орталықтарын салу қажет. Оған қоса, экономикалық ахуалды жақсарту үшін, әлемдік тәжірибені негізге алу жайы тағы бар. Бірақ Қосшыда тұратын халық округтің ертеңіне сеніммен қарайды. Жиі жарық сөніп, су жетпей қалса да, кейде қоғамдық көлік қалаға қатынамаса да болашаққа үмітпен көз тастайды.Көлік жүйесі төңіректегі елді мекенді қамтыса
Елорда төңірегінде тұрғындар тығыз қоныстанған төрт-бес бағыт бар екені анық. Қосшыдан бөлек, Қорғалжын тасжолы бойындағы Қараөткел, Атбасар бағытындағы Талапкер мен Қажымұқан ауылдары, Павлодар тасжолы бағытындағы Қоянды, Қарағанды жақтағы Жібек жолы елді мекендері астанамызды қоршай орналасқан. Егер қаланы жүйелі дамытар болсақ, аталған бағыттар елордаға серіктес қалашықтарға айналуы бек мүмкін. Дегенмен дәл қазіргі таңда бұл елді мекендерге қатысты дер кезінде шешетін бір мәселе бар. Ол – көлік инфрақұрылымы. Елордада салынып жатқан LRT жүйесі әуежайдан жаңа теміржол вокзалы бағытына емес, қаланың сыртқы айналма тасжолы тәрізді төңіректегі елді мекендерді жалғастырар болса, экономикалық тұрғыда да, халыққа қолайлылығы жағынан да пайдалы болар еді. Оның үстіне, қала экологиясына да оң әсер етері анық. Егер LRT жүйесі іргедегі ауылдарды қамтыса, қалаға ағылатын жеңіл көліктер саны да азайып, кептелістен бастап, жолдың тозуына дейін азайтуға мүмкіндік бар. Әрине, бұл біздің пайымымыз. Нұр-Сұлтанға серіктес елді мекендерге LRT жүйесін тартудың техникалық-экономикалық негіздемесін жасаған мамандар жайлы естіген жоқпыз. Бәлкім, есеп-қисап жасағандар LRT тек әуежайдан вокзалға дейін тиімді деген болуы мүмкін. Егер оны біз сөз еткен Қосшыға дейін созып, келесі тізбегін кемі Жібек жолы ауылына жеткізсе, аталған көлікті пайдаланатындар саны күрт өсері анық. Демек, елордаға серіктес қалаларды қалыптастыруда алдымен жан-жақты зерттеу, есеп-қисап керек болып тұр. Әйтпесе, серіктес қала қалыптастыру сәндік үшін жасалатын тірлік емес.Айзат АЙДАРҚЫЗЫ