Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жастар форумында 2020 жылдың қаңтар айынан бастап университет пен колледж студенттерінің шәкіртақысын 25 пайызға өсіру туралы айтқан болатын.
Міне, Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы ОҚМУ студенттері алғашқылардың бірі болып бұл қуанышты жаңалықтың шарапатын көріп бастады.
Университеттің «Жастар орталығына» жиналған шәкіртақы иегерлерін университет ректоры Дария Қожамжарова құттықтап, жастарға оқуда озат болып, биік белестерді бағындыруды тіледі. «Президент тапсырмасы аясындағы еліміздегі жоғары оқу орындарының арасынан алғашқы болып бұл тапсырманы жүзеге асырдық. Оқу орнының қаржылық-экономикалық әлеуетін үнемдей отырып, студенттер мен магистрант, докторанттардың шәкіртақысын 25 пайызға көбейттік. Бүгінгі таңда студенттердің бірқатары бұл қаржыға қол жеткізіп те үлгерді. Қазіргі таңда университетіміз ең басты мәселені білім сапасына және диплом алған соң жұмыспен қамтылу жағына аса мән беріп отыр. Сондықтан теориямен қатар өндіріске ерекше ден қойылған. Жуырда ашылған өндіріс базасынан студенттеріміз көп нәрсені үйренеді деген ойдамыз. Студенттердің әлеуметтік жағдайына мән бергенде ғана сапалы білім болатынын түсінеміз», – деді Дария Пернешқызы.
Ал «Ақпараттық технологиялар және энергетика» жоғары мектебінің 3-курс студенті Ахмади Отыншиев оқу орнының бұл қамқорлығына ерекше ризашылығын білдірді.
«Жастар жылының жабылуы қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының студенттердің шәкіртақысын 25 пайызға көбейту туралы жаңалығын ерекше қуанышпен қабыл алдық. Бұл біздің оқуға деген құлшынысымызды арттырып, белсенділігімізді күшейтеді. Былтырғы шәкіртақым 20 100 теңге болатын, жақында 26 180 теңге алдым. Біз бұған қуаныштымыз», – деді ол.
Айта кетейік, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-де оқитын 28 мың жастың 17 мыңы осы жеңілдікке ие болады.
Назгүл НАЗАРБЕК