Жасыл желек шаңды дауылдарды азайтты
Жасыл желек шаңды дауылдарды азайтты
479
оқылды
 Елорда төңірегіндегі орманды ал­қаптың жалпы аумағы Бу­рабай ұлттық паркі орманы көлемінен де асып түседі. Одан бөлек, қаланың да кө­галды алқаптары аз емес. Нұр-Сұлтан қаласы әкімді­гінің ресми сайтының жазуына қарағанда, елорда жасыл белдеуі­нің жалпы ауданы – 14 827 гектар, онда 11 502,2 гектар жерде 9,6 млн-нан астам ағаш (қайың, ше­гіргүл, терек, үйеңкі, қарағай) пен 1,8 млн-ға жуық бұта (қарақат, дерен, үшқат, мойыл) отырғы­зылған. Негізінен ағаштардың жапырақты тұқымы 98,2% болса, қылқан жапырақты тұқымдардың үлесі небәрі – 1,8%. Қолайсыз климаттық жағдай­ды жақсартып, қала халқының жайлы өмірі мен демалысына жағ­дай туғызу мақсатында 1996 жы­лы «Астананың жасыл бел­де­уін» құру мәселесі қолға алынды. Оған Тұңғыш Президент Н.На­зарбаев бастамашы болды. Негізгі жұмыстар 1997 жылы басталып, екі кезеңге бөлінді. Екінші кезең­де, яғни 2012-2020 жылдар аралы­ғында жасыл белдеудің жалпы аумағындағы 8 127 гектар алқап­тың 2 594,9 гектарына 3 174 342 дана ағаш көшеті отырғызылды. Олардың 40,7%-ы қылқан жапы­рақты (шырша, қарағай, балқа­рағай, арша), 59,3%-ы жапырақты (емен, шегіршін, шыбын, шаған, үйеңкі, қарақат) болса, 636,6 гек­тар жерге көпжылдық түйнек, эс­парцет, жоңышқа, т.б. егілді. «Жа­сыл белдеуде орман шаруа­шылығын ұйымдастыру мен жүр­гізудің негізгі міндеті – орман эко­жүйесінің тепе-теңдігін сақ­тап, халықтың жаппай демалуы үшін қолайлы рекреациялық жағ­д­ай жасау. Бұл міндетті шешу үшін қала әкімдігінің бастамасымен 2011-2016 жылдары елорданың жасыл белдеуінің оңтүстік-батыс бөлігі аумағында ұзындығы 25 658 метр асфальтты төсемі бар вело­жол мен велосипедшілердің де­малуына арналған 11 самалжай салынды. Бұл жолдармен жүрген кезде табиғаттың тылсым күшін сезініп, саңырауқұлақтар мен жидектер жинап, түрлі ағаштар мен бұталарды тамашалауға бола­ды. Алаңсыз демалуға арналған жер – таза ауа мен табиғат дыбыс­тары үндескен керемет орын. Сондықтан Нұр-Сұлтан қаласы­ның жасыл белдеуінде орналасқан веложол елордалықтар мен қала қонақтары үшін таптырмас дема­лыс орны болары сөзсіз», – дейді «Астана орманы» мамандары. Қазіргі уақытта қала әкімдігі осы нысанды одан әрі дамытып, екі жалға беру пунктін, жаяу жүргін­шілер жолын (2 шақырым), кросс кантри (6 шақырым), «Қарқа­ра­лы» тасжолы жағынан веложол­дың қосымша шағын шеңберін, әртүрлі спорт алаңдары мен бала­лардың ойын алаңдарын салу жұмыстарымен айналысып жа­тыр. Сонымен қатар қалалық ипподром ауданындағы жасыл белдеу орамдары мен сафари паркі аумағында және «Әуежай бірінші кезек» учаскесінің №82, №84, №85 орамдары аумағында (локатор ауданы) атпен серуендеу үшін ұзындығы 11 500 метр жол салу жоспарланып отыр. Маман­дардың айтуынша, жасыл белдеу арқасында Нұр-Сұлтан қаласы­ның ауа температурасы жылына бас­таған. «Бір жағынан, елорда­ның климаты жаһандық про­цестер әсерінен өзгеріп отырады, екінші жағынан жылдам дамып келе жатқан қала мен оның айна­ласындағы жасыл белдеу жергі­лікті климатты өзгертеді. Желдің орташа жылдамдығы біртіндеп төмендеп келеді. Орман алқапта­ры қар тоқтату қызметін де атқа­рады. Бұл қыс мезгілінде боран мен боран күшінің төмендеуіне әсер етеді. Орман топырағына бай­ланысты шаңды дауыл да бә­сең­дей бастады. Мәселен, 1998 жыл­ға дейінгі кезеңмен салыстыр­ғанда соңғы жылдары шаңды да­уылдың қайталануы 3 есе, боран 1,5 есе және тұман 35-тен 21 жағ­дайға дейін қысқарды. Бұл ретте елорда аумағында жауын-шашын­ның жылдық мөлшері біртіндеп ұлғайып, жаңбырсыз кезеңдердің ұзақтығы да азаюда. Бұл өзгерістер Нұр-Сұлтан қаласының климаты мен оның тұрғындары үшін жай­лы әрі қолайлы екені анық», – дейді «Астана орманы» ЖШС өкілдері. Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қа­ласының Қоршаған ор­таны қорғау және табиғатты пайдалану бас­қар­масы орман ал­қабын құру жө­нін­дегі барлық іс-шаралар көрсетілген Нұр-Сұлтан қаласын көгал­дан­дыруға арналған техникалық-эко­номикалық не­гіз­деме әзір­леу­де. Жұмыс жобасы 2021 жылы аяқ­та­лып, 2022 жыл­дан бастап іске асыру жоспар­ланған.  

А.СҰЛТАН