Атырау облыстық ауруханасы 400 орындық инфекциялық стационар болатын болды. Аурухананың барлық бөлімі басқа ауруханаларға ауыстырылатын болды.
Бұл туралы облыстық ауруханада өткен пресс-тур барысында белгілі болды.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың айтуынша, бүгінде облыстық ауруханада 120 провизорлық орын, кардиоорталықта 70 провизорлық кереует бар. Сонымен қатар Геолог емханасында 100 провизорлық кереует дайындалуда.
– Қалалық және қала маңындағы емханаларда 267 провизорлық орын ашу жоспарлануда. Мұнымен қоса біз облыстық ауруханадағы бөлімшелерді басқа медициналық мекемелерге өткізіп, онда 400 орындық инфекциялық стационар ашуды көз деп отырмыз, – деді Бақытгүл Хаменова.
Бүгінде Атырау облысында пневмония диагнозымен 321 науқас тіркелген. Оның 82,3 пайызы медициналық мекемелерге жатқызылды.
Қазір өзекті болып тұрған екі мәселе бар. Ол – дәрігерлердің жетіспеушілі және емдеу орындарының барлығына ИВЛ аппараттарын жеткілікті сатып алу.
Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,
Атырау облысы