Жақында үйлерінде ем-дом қабылдайтын науқастар жаппай дәрі іздеп, ұзын сонар кезекте тұруға мәжбүр болды. Дәріханаларда ыстықты түсіретін дәрілер, антибиотиктердің тапшылығы сезілді. Осыдан кейін фармацевтика саласындағы түйіткілді мәселелердің жәй-жапсары әлеуметтік желілерде қызу талқылана бастады.
Қазақстандағы дәрі жеткізумен айналысатын жалғыз дистрибьютор – «СҚ-Фармация». Бұл компания 2009 жылдың ақпанында Үкіметтің қаулысымен «Самұрық-Қазынаның» қарамағында құрылған. 4 жылдан кейін жалғыз дистрибьютор атанған компания толықтай Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағына өтті. Негізінен «СҚ-Фармация» дәрі-дәрмек заттарын сатып алу жөніндегі ашық сауда-саттықты ұйымдастырумен, дәрі-дәрмек құралдарын, медициналық мақсаттағы бұйымдарды сақтаумен, логистика мәселесімен айналысады. Былтырғы жылы Денсаулық сақтау министрлігі арқылы аталған компанияға 203,5 млрд теңге қаражат бөлінген. Биылғы жылдың бірінші жарты жылдығында бұл сома 249,8 млрд теңгені құрап отыр.
Осы ретте, дәрі-дәрмек тапшылығына әсер еткен факторлар қандай? Ең қолжетімді препараттардың дефицит болуына не әсір етті?
«СК-Фармация» Кеңесінің төрағасы Берік Шарип дәрі-дәрмектер жеткізілімінде айтарлықтай үзіліс болмағанын айтады.
– Бірақ номенклатура үлкен, әрине, коронавирустың қазіргі жағдайында материалдардың жетіспеушілігіне байланысты бірқатар мәселелер бар. Көптеген жеткізу тізбегі жұмыс істемеді. Мысалы, Үндістаннан келетін дәрілердің жеткізілуінде қиындықтар болды. Алмастыруға болатын дәрілер арқылы бұл мәселелерді тез арада шешуге тырыстық, – деді Б.Шәріп.
Оның айтуынша, бөлшек саудада дәрі-дәрмектің жетіспеуі туралы көптеген сұрақтар компанияның call-орталығына жиі түседі. Осы ретте, дәрі-дәрмек бағасын көтеруге байланысты нюанстар бар.
– Біз бөлшек саудаға әсер етпейміз. Кәсіпкерлік кодекс негізінде жеке дәріханалар жұмыс істейді. Денсаулық сақтау министрлігінде дәрілердің шекті бағасы бекітілген. Бұл талапты бұзған жағдайда заң аясында жауапқа тартылады, − дейді «СК-Фармация» Кеңесінің төрағасы.
2 миллион пакет парацетамол тексерістен өтеді
Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова елімізде парацетамолдың 80 түрі барын айтады. Ол таблетка күйінде де, сироп пен свеча күйінде де сатылып жатыр. Парацетамол қазіргі уақытта өңірлердегі дәріханаларға таратылуда.
– Алматыда қазір де бар. Қарағанды облысындағы, Нұр-Сұлтан қаласындағы дәріханаларда да қолжетімді. Алдағы екі-үш күннің ішінде аймақтарға да жеткізіледі, – деді Людмила Бюрабекова. Вице-министр сонымен бірге дәріханаларға вирусқа қарсы препараттар да жетпей жатқанын айтып, жақын арада өңірлердің барлығындағы дәріханаларға жеткізілетінін хабарлады.
Нұр-Сұлтан қаласындағы «Гиппократ» дәріханалар желісіне хабарласқанымызда, парацетамолдан бастап, амбулаториялық деңгейде емделетін лапиновир, ретоновир және гидроксихлорохин дәрілерінің әлі де келмегенін, дәріханаға келгендердің көпшілігі вице-министр таратқан мәлімдемені негізге алып, дәріханалар тиісті препараттарды жасырып отыр деп айыптайтынын жеткізді.
Күні кеше Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой отандық өндірушілер дене қызуын түсіретін препараттардың ірі партиясын жеткізгенін айтты. Оның ішінде ингеверин мен 70 мың қаптама интерафлю жеткізілген. Оның 40 мың қаптамасы алдағы уақытта қоймаларға жеткізіліп, аймақтарға таралады екен. Бірақ мұндай препараттар ем-дом хаттамасына сәйкес амбулаториялық деңгейде ковидті емдеуге қолданылмайтынын ескерткен болатын министр.
Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығының бас директоры Арнур Нұртаев нарыққа шығар алдында 2 миллионға жуық парацетамол пакеті сынақтан өткенін айтты. Сондай-ақ, Қазақстанға әкелуге және сатуға әртүрлі өндірушілерден 1,5 миллион азитромицин пакетін алуға рұқсат алынған. А.Нұртаев та бұл дәрілердің пневмонияға көмегі шамалы екенін айтыпты.
– Ескеретіні, вирустық пневмонияға қарсы антибиотиктер көмектеспейді. Олар тиімсіз, өйткені олар вирустарға емес, бактерияларға әсер етеді. Антибиотиктерді қабылдау тек иммунитетке әсер етеді, − дейді Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығының бас директоры.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов амбулаториялық-емханалық мекемелер үшін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге биыл 120 миллиардтан астам қаражат бөлінсе, 2019 жылы 93 миллиард теңге бөлінгенін айтады. Оның айтуынша, еліміздегі емханалар мен ауруханалар дәрі-дәрмектерді уақтылы жеткізіп, қаржыландырумен қамтамасыз етілген. Ал аптекалардағы дәрілердің жетіспеушілігі жақын арада шешілуі тиіс. Шетелден тиісті дәрілер келеді деп жоспарлануда. Айта кетерлігі, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге арналған тізімде қазіргі коронавирус жағдайын ескере отырып, пневмония, жоғарғы тыныс жолдарының жедел респираторлық инфекциясына қажетті дәрілер де енгізіліп отыр.
Жетіспеушілік неден туындады?
Дәрі тапшылығына байланысты туындаған дүрбелеңге Үкімет дайын болған жоқ. Өйткені, осыдан бір апта бұрын ғана аптекаларда жағдай тұрақты болған екен. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің фармацевтикалық қызметті бақылау бөлімінің басшысы Әсия Молдиманова айтып берді.
– Елордада дәрі-дәрмектің көтерме саудасымен айналысатын қоймалар негізінен филиалдар. Басты кеңселері Алматы, Шымкент, Қарағанды қалаларында орналасқан. Олар қазіргі эпидемиялық жағдайдың ушығуына байланысты алдымен өз қалаларындағы дәріханаларды қамтамасыз етіп жатыр. Енді басқа өңірлерге де дәрілер жібере бастайды. Осы аптада дәрі-дәрмек астанаға жетеді. Дәрінің жетіспеушілігіне әсер еткен екінші фактор, халықтың жаппай көп көлемде дәрі сатып алу әрекетінде болып тұр. Мәселені шешу үшін тиісті мекемелер тарапынан меморандумға қол қойдық. Онда бір адамға берілетін дәрі көлемі шектеледі. Сондай-ақ термометрдің жетіспеушілігі де жақында шешіледі. Бұл тауарлар Қытайдан әкелінеді. Қазір кедендік рәсімдеулерді тездету тапсырылды. Тауар алдымен Алматыға келеді. Шағын дистрибьюторлар жеткізуге кірісіп те кетті. Ең маңыздысы, көпшілік қазір дәрігерлердің қабылдауында болмай-ақ, өз бетінше дәрілерді көптеп сатып алып, емделіп жатыр. Интернеттен ингавирин ішу керек дегенді көріп жаппай сол дәріні қабылдап жатыр. Бұл дәрі біреуге жағады, біреуге жақпайды. Сондықтан алдымен дәрігерлердің нұсқаулығын алып, сосын дәріханаға бару керек,− деді ол.