Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы медицина маманының жанайқайы талайдың жағасын ұстатқаны жасырын емес. Аудандағы емдеу мекемесіндегі былықты видеоүндеу арқылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жайып салған Фарида Жанбатырованың артына белгісіз біреулер түсіп, қорқытып жатқаны туралы кеше жазғанбыз. Бүгін арнайы құрылған тексеру комиссиясының қорытындысы шығып, медицина мекемесінің бас дәрігері мен орынбасары жұмыстан босатылатын болды.
«Әлеуметтік желілерде жарияланған Жуалы аудандық орталық ауруханасының медицина қызметкері Фарида Жанбатырованың өтініші бойынша ішкі тергеу жүргізу үшін Жамбыл облысы әкімінің тапсырмасы бойынша арнайы комиссия жіберілді.Комиссия құрамына денсаулық сақтау басқармасының, облыс әкімі аппаратының қызметкерлері және қоғам өкілдері енген. Комиссия мүшелері медицина қызметкерлерімен, медициналық мекеме ұжымымен жеке кездесулер өткізіп, сондай-ақ анонимді сауалнама жүргізді.
Комиссияның алдына айтылған барлық фактілерді объективті және бейтарап түрде анықтау, емдеу мекемесі қызметкерлерінің құқықтарының бұзылуына жол бермеу бойынша нақты шаралар қабылдау міндеті қойылды.
Қызметтік тексерістің алдын ала нәтижелері бойынша Ф.Жанбатырованың кейбір дәлелдері расталды. Ұжымда жағымсыз моральдық-психологиялық жағдай қалыптасқан десек, оған ең алдымен емдеу мекемесі басшылығының өзінің кәсіби міндеттеріне жауапсыз қарауы әсер еткен.
Жіберілген бұзушылықтар үшін ОАА бас дәрігері Б.Алпысбай, бас дәрігердің экономика жөніндегі орынбасары А.Байтореев қызметінен босатылатын болады. Сондай-ақ, Жуалы ауданының әкімі Н. Еркебековке сөгіс жарияланады.
Істің барлық материалдары құқық қорғау органдарына жолданды. Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшылығының жауапкершілігі карантин режимі аяқталғаннан кейін қаралатын болады», - делінген Жамбыл облысы әкімдігінің ресми хабарламасында.
Осылайша жергілікті билік қоғамда қызу талқыға түскен мәселенің нүктесін қойғандай болды. Әккі әдет бойынша басшы мен қосшы қызметінен қатар кетті. Бұл әдісті билік өкілдері Меркі ауданына қатысты да қолданып көрген болатын. Алайда араға көп уақыт салмай Жуалы ауданынан да шу шығып отыр. Демек, мұндай шара көппе сабақ болмайтын секілді. Сонда не істемек керек? ...