Қазақстан аумағында 5 шілдеден бастап карантин шараларының күшейтілуіне байланысты бірқатар жолаушылар пойызының жүру кестесі өзгерді. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлады.
Бұған дейін 1 шілдеден бастап 3 коммерциялық пойыздың қатынауы уақытша тоқтаған болатын.
Олар:
- №19/20 «Нұр-Сұлтан-Атырау»;
- №95/96 « Нұр-Сұлтан-Орал»;
- №701/702 «Нұр-Сұлтан-Алматы».
Еске сала кетсек, бүгін Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Мемлекеттік комиссия отырысында 5 шілдеден бастап елімізде 14 күнге қатаң шектеу шараларын енгізу шешімі қабылданды.
Олардың арасында теміржол көлігімен жолаушыларды тасымалдау бойынша да шектеулер бар. Осыған орай, 5 шілдеден бастап әлеуметтік маңызы бар бірқатар бағыттарға өзгеріс енгізіледі:
1. №321/322 «Алматы – Сарыағаш» жолаушылар пойызы тоқтатылады.
2. Келесі бағыттардың қатынау жиілігі қысқарады:
- №3/4 «Алматы-Нұр-Сұлтан» күнара (күн сайынның орнына);
- № 31/32 «Алматы-Павлодар» күнара (күн сайынның орнына)
- № 67/68 «Нұр-Сұлтан-Өскемен» күнара (күн сайынның орнына)
- №257/258 «Нұр-Сұлтан-Достық» аптасына 1 рет (аптасына 2 реттің орнына).
Айта кетейік, Қазақстан аумағында төтенше жағдай режимі алынғаннан кейін, пойыз қатынасы кезең-кезеңімен қалпына келтіріле бастаған болатын. Бүгінгі таңда жалпы алғанда 93 пойыз рейстерді орындауда.