Елдегі 44 энергия өндіруші ұйымының 34-інде тариф көтерілген. Шенеуніктерге сенсек, электр қуатының құнын өсіру шамамен 27 мың жұмыс орнын сақтауға жағдай жасайды. Ал карантинде бар ақшасы тақыл-тұқыл таусылуға айналған тұрғындардың тұрмысымен кім санасады? Жыл сайын халықтың қалтасына қол сала бергеннен мәселе шешіле ме?«2020 жылы энергия өндіруші ұйымдардың шығыны (отын сатып алу, ЖЭК сатып алу көлемі, бюджетке төлемдер және жүйелік оператордың қызметтеріне байланысты) ұлғайды. Сонымен қатар стансалар жылдан-жылға тозып жатыр. Қазіргі таңда шамамен 60 пайызы ескірген. Сондықтан электрмен жабдықтау сапасына қауіп төніп тұр» деп хабарлайды Энергетика министрлігінің өкілдері.Әрине, Үкімет мұндай қадамға жетіскеннен барып отырмағаны белгілі. Шынында да, қондырғылардың тозығы жеткен. Тұтынушылардың жарық пен жылуды үнемдеуге салғырт қарауы да кәсіпорындарға орасан салмақ түсіреді. Елімізде электр қуатын пайдалану жылына 3-5 пайыз артып келеді. Ал сағат 18.00 мен 22.00 аралығында бұл көрсеткіш 30 пайызға дейін бір-ақ шарықтайды екен. Оның орнын толтыру өндірушілерге оңай емес. Мойындау керек, Қазақстанда салыстырмалы түрде электр қуатының тарифі төмен. Арзан болғандықтан, тұрғындар көп ретте энергияны үнемдеуге тырыспай, оңды-солды пайдаланады. Соның кесірінен соңғы жылдары қуат көзіне тапшылық сезіле бастаған. «Жағдай өзгермесе, 90-жылдардың күйін кешуіміз әбден мүмкін. Ендеше ықтимал қауіп-қатерді халықтың құлағына құю қажет», – дейді мамандар.
Еліміздегі электр жүйесінің көбі солтүстікте орналасқан. Оңтүстікте «Мойнақ» су электр стансасы іске қосылған. «Балқаш» стансасы орталық өңірді қамтамасыз етсе, батыс аймақ, негізінен энергия көзін Ресейден алады. Шығыста электр энергиясы жеткілікті. Онда үш бірдей су электр стансасы бар. Қалай десек те, республика аумағы бойынша энергия қорын бөлуде біркелкілік жоқ. Электр қуаты бастапқы нүктеден тұтынушыға жету үшін жүздеген шақырымдық ұзын желілер арқылы өтеді. Жол-жөнекей қаншама энергия ысырап болады. Тіпті, технологияның ең озық түрін қолданса да, стансадан шыққан энергияның 10 пайызы далаға кетеді екен.
Осындай проблеманың салдарынан кәсіпорындар тариф бағасын өсіруге мәжбүрміз деп ақталады. Бұл дұрыс па? Қарапайым тілмен түсіндірейік. Қазақстанда коммуналдық қызмет бағасы былай қалыптасады: монополист өз шығынын есептеп, белгілі бір соманы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау агенттігіне өтініш ретінде жібереді. Агенттік өтінішті қарап, шешім қабылдайды. Әлбетте, көбінесе мақұлдайды. Сарапшылардың пайымынша, бұл процеске монополистер мен мемлекеттен бөлек үшінші тарап – тұтынушылар да араласуы керек. Заңнамаға сәйкес, тариф өзгертілмес бұрын қоғамдық тыңдау өтуі тиіс. Бізде мұның бірі де жоқ.
Жалпы, электр стансалары жылу электр стансасы (ЖЭС), су электр стансасы (СЭС), атом электр стансасы (АЭС) деп бөлінеді. Қазақстанда өндірілетін электр қуатының 90 пайызы ЖЭС-терге тиесілі. Өйткені республика аумағында көмір, мұнай, газ тәрізді отын түрлері мол. 2024 және 2027 жылдары Екібастұзда тағы екі ГРЭС-ті іске қосу жоспарланған. Алайда дамыған әлем электр қуатын өндірудің дәстүрлі әдісінен баяғыда бас тартып, басқа тәсілдерге көшуде. Неге? Біріншіден, қазба байлық күндердің күнінде бітеді. Екіншіден, ондай отынды пайдаланатын стансалардың тиімділігі төмен. Үшкіншіден, көмірсутегін пайдаланатын стансалар құрылысының құны геотермал, күн, жел және су электр стансаларына қарағанда анағұрлым қымбат.
Қайтпек керек? «Электр стансалары орналасқан ірі қалалардан жүздеген шақырым шалғайда жатқан шағын кенттер мен ауылдар үшін ең оңтайлысы – жасыл энергия», – дейді мамандар. Рас, елді мекендердің дәл жанындағы күн және жел электр стансалары тек жарықпен, жылумен қамтамасыз етіп қана қоймай, шағын фабрика, дүкен сияқты сауда-саттық, өнеркәсіп орындарын ашып, жергілікті халықты жұмыспен қамтуға да мүмкіндік туғызар еді. Бұл қуат көздері әрі арзан, әрі таза.
Қазақстанда «жасыл экономикаға» ауысу тұжырымдамасы сонау 2013 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген. Тұжырымдама 2050 жылға дейінгі уақытты қамтитын үш кезеңнен тұрады. Оның ішінде «жасыл» инфрақұрылымды құру, су ресурстарын орнықты пайдалану, өнімділігі жоғары ауыл шаруашылығын дамыту, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру, электр энергетикасын жетілдіру, қалдықтарды басқару жүйесін енгізу; ауаның ластануын азайту; экожүйені сақтап қалу секілді бірнеше бағыт бар. Міне, болашақтың экономикасы қайда бағдар ұстайтынын осыдан-ақ аңғарамыз. Елордада өткен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің тақырыбы, онда қойылған отандық өнертабыстар – өз алдына бір төбе.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды жиынында еліміздегі энергетика секторы түбегейлі реформаға мұқтаж екенін ескертті. Үкімет 2030 жылға дейін «жасыл энергияның» үлесін 10 пайызға жеткізуді жоспарлап отыр.
Бірақ мұнда да бір үлкен кілтипан бар. Ол – қазба отын нарығы. Қазақстанда мұнай, газ, көмір өнеркәсібін басқаратын адамдардың дені – Үкіметке жақын адамдар немесе сол Үкімет мүшелерінің өздері деседі. Яғни, «жасыл экономикаға» қарай бет бұрсақ, ірі энергия компаниялары мүлде кірістен қағылады.
Айтпақшы, біреулер тығырықтан шығатын тура жол ретінде атом электр стансасын салуды ұсынады. Қазақ қоғамында қатты талқыланатын тақырыпқа біз тереңдемей-ақ қояйық. Ал жағдай осы қалпында қала берсе, жарық пен жылудың бағасы әлі де аспандай түсетіні анық.