Жыл өткен сайын қант қызылшасын өсіруге қызығушылығы артқан Алакөл ауданындағы тындырымды тірлікке диқандарға берілер субсидия оң ықпалын тигізіп отыр. Аудан бойынша 1 063 гектарға тәтті түбір себілді. Жыл басынан бері 18 шаруа қожалығы қант қызылшасын егу үшін 15 миллион теңгенің демеу қаржысына өтінім беріпті.
– Қызылшашыларға жан-жақты көмек көрсетілуде, бұдан әрі де сол қолдау жалғастырылады. Заманауи техникалар, қосалқы бөлшектер, жоғары өнімді гибридті тұқым сатып алынды, субсидия, гербицидтер, жанармай бөліп отырмыз. Алдағы күз сол атқарылған игі істердің нәтижесін көрсетеді деп сенеміз. Мемлекет пен шаруалардың бірлесе атқарған жұмысының арқасында біз қант қызылшасын өңірдегі ең маңызды дақылдың біріне айналдырамыз. Қызылша жинау науқанында белгіленген межеден көрінеміз деген ойдамыз, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Құмар Жұбаев.
Ал Райымбек ауданының Қақпақ ауылдық округіндегі «Үш Қақпақ» өндірістік кооперативі биыл 60 гектардан аса жерге картоп, 400 гектарға арпа, 100 гектардан астам жерге көпжылдық шөп егіп, қазіргі кезде күні-түні осы дақылдарды күтіп-баптауда. Негізі картоп өсіру бағытында құрылған кооператив болғандықтан, алдағы уақытта картоп алқабының көлемін арттырмақ. Аталған өндірістік кооперативтің құрамындағы шаруа қожалықтары «Жетісу» ӘКК АҚ арқылы «МТЗ-82,1» маркалы 12 тракторға, ауыл шаруашылығына аса қажет 32 агрегатқа қол жеткізіпті. Жалпы құны 167 миллион теңге тұратын техникалар 1,5 пайызбен 10 жылға несиеге алынған.
Осылайша, ең шалғай деген ауданның өзінде ел-жұрт ертеңгі күннің қамын ойлап нақты қадам жасауда. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Каюмжан Омаров: «Биылды да жақсы нәтижемен қорытындылайтындығымызға сенімдімін. Шаруаларға қажетті қолдау көрсетілуде. Туындай қалған мәселелер де кешіктірілмей шешілуде. Жаз артынан күздің, одан кейін қаһарлы қыстың келетінін ұмытқанымыз жоқ», – дейді.
Болат АБАҒАН, Алматы облысы