Түркістан облысының полицейлері балаларға қарбыздың қабығын жегізіп, қорлық көрсеткен ер адамды ұстады, - деп хабарлайды облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ер адам Ордабасы ауданының тұрғыны болып шықты. Оның айтуынша, оқиға 2019 жылы тамыз айында болған екен. Бірақ, видеоның өзі әлеуметтік желіге бірер күн бұрын тарап кеткен. Бұл жайында балалардың ата-анасы білмеген.
«Ер адам өзіне тағылған айыпты толық мойындады. Сондай-ақ, полицейлер балаларды да тапты. Олардың ата-аналары ішкі істер органдарына арыз жазатындарын айтты, ер адамды жауапқа тартпақшы», - деді Түркістан облыстық Полиция департаментінің өкілдері.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстандағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин Ішкі істер органдарына ресми сауал жолдап, видеодағы ер адамды табуды талап еткен болатын.