Ақмола облысында кіріп-шығатын күрежолдардың бәрінен блокпосттар алынып тасталды, - деп хабарлады облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук.
Оның айтуынша, әуе және темір жол қатынасына шектеу қойылмағандықтан, автожолдардағы блокпосттар да алынып тасталған. Яғни, облысқа кіріп-шығуда ешқандай кедергі болмайды.
«Ақмола облысы аумағында күрежолдар бойына қойылған барлық блокпосттар алынып тасталды. Алдағы уақытта оларды қайта қою мәселесі әлі қаралған жоқ», - дейді Гүлнәр Пинчук.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында мемлекеттік комиссияның шешімімен 5 шілдеден бастап 2 апталық карантин жарияланды. Соған сәйкес, өңірлер арасындағы жолаушылар автобустарының жүруіне уақытша шектеу қойылған.