Адам шығыны жоқ. Яғни, өрт кезінде үйде ешкім болмаған. Отбасы мүшелері апатты жағдай болардан бір күн бұрын Павлодар қаласына қонаққа кеткен. Ертесіне таңғы сағат 4-те Мұратбек Елешевке көршілері хабарласып, үйі өртеніп жатқанын айтқан.
– Біз отбасымызбен бірге Павлодар қаласына қонақта болғанбыз. Сол күні кешке қайтып оралуымыз керек еді. Бірақ жолға таңертең шығамыз деп шештік. Таңғы 4-те көршілерім қоңырау шалып, үйіміз өртеніп жатқаны туралы жайсыз хабарды жеткізді. Ауылға келген кезде өрт толық сөндірілді. Бірақ үйіміздің толықтай жанып кеткенін көрдік. Жиһаздарымыз, керекті заттарымыз, құжаттарымыздың бәрі күлге айналды,–деп болған жайды күрсіне баяндады отағасы.
Бұдан 3 жыл бұрын кредит алған Мұратбек ол ақшаға үй мен жиһаз сатып алғанын айтып отыр. Алайда әзірге тек жарты миллионның екі жүз мың теңгесін ғана төлеп үлгерген. Бүгінгі таңда жұбайы Гаухартас кішкентай баласымен декреттік демалыста. Отбасында төрт бала бар: үлкен қызы 10 жаста, кіші ұлы 2 жаста. Қазіргі уақытта көпбалалы отбасы Гаухартастың апасының үйіне қоныстанды.
«Халыққа көмек» және «Бақытты отбасы» партиялық жобалары аясында Павлодар облысының партия мүшелері көпбалалы отбасыға алғашқылардың бірі болып көмек көрсетті. Павлодар облыстық, аудандық партия филиалдары мен «Jas Otan» Жастар қанатының өкілдері көпбалалы отбасыға азық-түлік, киім-кешек, төсек-орын жабдықтары мен тұрмыстық техникаларды тапсырды. Сондай-ақ Павлодар облысының партияластары бір тәулік ішінде 300 мың теңге көлемінде ақшалай қаражат жинап, отағасына жеке табыс етті. Павлодар қаласындағы Добряков қайырымдылық клубы да қаражат жинауға және гуманитарлық көмек көрсетуге атсалысты. Сонымен қатар Birgemiz қорынан 50 мың теңге көлемінде ақшалай көмек түскен. Бұл қаражатты олар балалардың құжаттарын қалпына келтіруге жұмсады.
«Nur Otan» партиясы Павлодар аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Вера Гейнц көпбалалы отбасыға құжаттарды қалпына келтіру, ресімдеу және әлеуметтік қорғау саласы бойынша кеңес беріліп, көмек көрсетілгенін айтты.