Бас дәрігерлер кабинетте тығылып отырмай,  адамдарға  жағдайды түсіндіруі керек – Бердібек Сапарбаев
Бас дәрігерлер кабинетте тығылып отырмай,  адамдарға  жағдайды түсіндіруі керек – Бердібек Сапарбаев
фото: ашық дереккөз
225
оқылды
Жамбылдықтар жедел жәрдем мен медициналық мекемелердің жұмысының нашарлығына, ауруханалардағы төсек-орындар мен дәріханалардағы дәрі-дәрмектердің жетіспеушілігіне қатысты жиі шағымдануда. Осы орайда Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев бас дәрігерлермен, дәріхана желілерінің өкілдерімен және дистрибьюторлармен кездесу өткізді. Онда қалыптасып отырған жағдайдың себебі мен қордаланған мәселелердің шешу жолдары сараланды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұловтың айтуынша, провизорлық стационарлардағы төсек қорының толтырылуы шамамен 50 пайызды құрайды. Ол дәрігерлер аз болғандықтан, науқастарды қабылдауға уақыттары жетпей отырғандығын алға тартты. Бердібек Сапарбаев қабылдау бөліміндегі дәрігерлер санын көбейтуді тапсырды. «Адамдар ауруханаға келіп, қабылдау бөлімінде бірнеше сағат кезек күтіп отырады. Науқастарға барлық қолайлы жағдай жасаудың орнына ауруханалар одан әрі нашарлатады. Жағдайды тез арада түзету қажет», - деді Бердібек Сапарбаев. Тұрғындар ауруханаға жатқызылғаннан кейін де қажетінше емдеу шараларын ала алмайтындықтарына, дәрі-дәрмектердің жетіспеушілігіне шағымдануда. «СК-Фармация» ЖШС өкілдігінің басшысы Айжан Тортаеваның айтуынша, пневмониямен ауыратын науқастардың көбеюіне байланысты жуырда 25,3 миллион теңгеге шұғыл дәрі-дәрмектер жеткізілді. Ол медициналық ұйымдардың өтініші бойынша дәрі-дәрмектерді жеткізуді жалғастыра беретінін айтты. Бұл мәселені бақылауда ұстау Марат Жұманқұловқа тапсырылды. Дәрігерлер науқастармен ғана емес, сонымен бірге олардың туыстарымен де байланыс орната алмауда. Туыстары дәрігерлерден науқастардың жағдайы туралы ақпарат алмайтынын айтады. Бұл тұрғыдағы шағым уақытша провизорлық стационар болып жабдықталған облыстық көпсалалы балалар ауруханасы дәрігерлерінің үстінен түскен. Аурухананың бас дәрігері Азат Сәтжанов бұл кемшіліктер бойынша жұмыстар атқарылғанын, дәрігерлермен түсіндірулер жүргізілгенін жеткізді. Қазіргі уақытта ауруханада жедел орталық жұмыс істейді. «Бас дәрігерлер кабинетте тығылып отырмай, шығып, адамдарға қазіргі жағдайды түсіндіруі керек. Сонымен қатар, қиын жағдайлардағы азаматтардың денсаулығын сақтау үшін шұғыл нақты шаралар қабылдауы тиіс», - деді аймақ басшысы. Жиында тағы бір өзекті мәселе ретінде жедел жәрдемнің келу уақытының бірнеше сағатқа созылатындығы айтылды. Облыстық медициналық жедел жәрдем станциясының бас дәрігерінің м.а. Ұлпан Пыхыбаеваның айтуынша, диспетчерлік қызметтің жүктемесі екі есеге артқан. «Науқас жедел жәрдем қызметін бірнеше сағат күтетін болса, онда кедергісіз медициналық көмек туралы сөз айтудың өзі артық шығар. Жедел жәрдем бригадаларының санын көбейту және олардың жұмысын жүйелеу қажет», - деп тапсырма берді Бердібек Сапарбаев. Бердібек Сапарбаев денсаулық сақтау басқармасы мен тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмегей отырғандығын ескертті. Аймақ басшысы сондай-ақ дәріхана желілерінің өкілдеріне бағаны шекті бағадан жоғары көтеруге болмайтынын баса айтты. Отырысты қорытындылай келе, Бердібек Сапарбаев коронавирус пандемиясымен күрес жүріп жатқан қазіргідей қиын уақытта мұндай олқылықтарға жол беруге болмайтындығын атап өтті.