Елордада Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен Ұлттық домбыра күніне арналған онлайн-конференция өтті.
Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков, белгілі жыршы Алмас Алматов, күйші Жанғали Жүзбай және басқа да белгілі мемлекет, қоғам және мәдениет қайраткерлері, шетелдегі Қазақстанның дипломатиялық миссиялары мен қазақтар қауымдастығының өкілдері, этномәдени бірлестіктердің мүшелері мен Ассамблея жастары қатысты.
ҚХА Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев Астана күні қарсаңында өтетін мерекелік күннің ұлттық руханиятымызға қосар үлесі салмақты екенін айтты.
«Домбыра – түгел түркі жұртының, соның ішінде қазақ халқының киесі әрі қазынасы. Әр үйдің төрінде ілулі тұраатын ұлттық аспабымыздың күмбірлеген үні жан дүниемізді тербетіп тұрады. Көз алдымызға кең байтақ даланы, сол даланы жайлаған қалың елді, елдің тұрмыс-тіршілігін елестетеді. Домбыра ұлт таңдамайды. Әннің тілін түсінген, күйдің құдіретін ұғынған кез келген ұлттың өкілі домбыра тартады. Кезінде Надежда Лушникова, Татьяна Бурмистирова, Владимир Питерцев сынды әнші, айтыскер ақындар біздерді қалай таңғалдырған болса, бүгінде Андрей Фендриков, Ольга Сағындықова, Юрий Михуля сынды жас талантты домбырашылар күмбірлетіп күй тартып, ән айтып, ұлттық өнеріміздің дамуына өз үлестерін қосуда. Осы себептен бір отанның иесі – халқымызды, ұлтты ұйыстыратын Ұлттық домбыра күнінің мәні зор», - деді ол.
Жансейіт Түймебаев қазіргі қиын кезеңнен аман-есен шығып, әсем әніміз бен күміс күйіміз күмбірлейтін күнге жетейік деген тілегін айтты.
Онлайн-конференция барысында Ресей, Оңтүстік Африка, Франция, Қырғызстан, Өзбекстан және т.б. мемлекеттерден қосылған қатысушылар бір уақытта домбырада «Балбырауын» күйін орындады.
Қазақстан халқы Ассамблеясының Фэйсбук желісіндегі ресми парақшасы конференциядан тікелей эфир жүргізіп, ZOOM конференц-платформасы арқылы онлайн шараға әлемнің түкпір-түкпірінен 100-ге жуық қатысушы қосылды.
еске салайық, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен, 2018 жылдан бері шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып жарияланды.