Қарабалықтағы коуоркинг-орталық
Қарабалықтағы коуоркинг-орталық
234
оқылды

Қостанай облысына қарасты Қарабалық кентінде Nur Otan партиясының аудандық филиалының қолдауымен «Білім орталығы» коуоркинг-орталығы ашылды. Аудандық кітапханадан орын тепкен орталықта балалардың уақытын барынша тиімді әрі пайдалы өткізуге барлық жағдай жасалған.

Өскелең ұрпақтың жан-жақты дамып, әрі интеллектуал, әрі рухани тұрғыда дамып, жетілуіне Nur Otan жағдай жасап, арнайы жоба әзірлеген болатын. Бүгінде мұндай орталықтар шығарма­шы­лық шыңдауға да таптырмас ме­кенге айналып отыр. Қарабалық­тағы коуоркинг-орталықтың ашылуына Мәжіліс депутаты Ирина Аронова қатысты.

«Мектептер мен кітапха­налар­дың жанынан балаларға арналған коуоркинг-орталықтарды ашу – заман талабы. Осындай жерге келу арқылы жеткіншектердің ой-өрісі кеңейіп, шығармашы­лықпен айналысуға құлшынысы артады. Түрлі танымдық іс-шараға қатысу үшін бұл жерлерде барлық жағдай жасалғанын айта кету керек. Меніңше, партиялық жоба­лардың іске асырылып жатқанын жұртшылыққа осындай нақты мы­­салдар арқылы, жағымды нә­ти­желермен көрсете аламыз» дейді депутат.

Аронованың айтуынша, қажет инфрақұрылым жасау арқылы кітапханаларға ағылатын жастар­дың саны арта түседі. Ал бірыңғай электронды кітапхана – білім алу­ға құштарлық оятатын күшті құ­рал. Тұңғыш Президенттің «Ру­хани жаңғыру» бағдарламасында атап көрсеткен маңызды міндет­тердің бірі де – осы. «Бүгінгі таңда біздің кітапхана оқырманға ақ­параттық қолдауды жан-жақты көрсетіп отыр. Сол себепті, «Білім орталығының» кітапханада ашыл­ғаны тіпті жақсы. Алға қойған мақсаттарға жету үшін бұдан артық орын болмас. Өйткені білім алуға ең қолайлы мекен, бәрі қол­жетімді жерде тұрады. Мұндай ор­талықты ашудағы мақсат – қазіргі заманауи трендтерге ілесіп, сай болу. Осылайша, қолдану­шы­ларды біріктіріп, жұмылдырамыз» дейді кітапхана қызметкері Үміт Галеева.

«Білім орталығы» соңғы үлгі­дегі заманауи құралдармен жаб­дықталып, жоғары жылдамдық­тағы интернетке қосылған. Соны­мен бірге, облыста мұндай орталықтың бүгінде алтауы бар екенін де атап өту қажет. Білім өрісін кеңейтуден бөлек, бұл жер­де шеберлік сағаттарын, семинар-тренингтер өткізуге де болады.


Айша ЕРСҰЛТАН