Астана медицина университетінің кафедра меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты Нұрила Малтабарова өкпе коронавирустан қалай зақымданатынын айтып берді.
«Бүгінде әлеуметтік желіде клиникалық хаттамаға, коронавирустан өлім-жітімге қатысты ақпарат өте көп. Сондықтан коронавирус инфекциясының ағымының ерекшеліктері және неліктен өлім-жітім орын алатындығын түсіндіргім келеді. Қазіргі уақытта өкпенің ісінуі – бұл тек коронавирус инфекциясы кезінде ғана емес, сонымен бірге ауыр қатерлі жағдайда да қауіпті асқыну. Өкпе тіні ісініп, вирус аралық кеңістікті зақымдай бастайды. Ол жерде сұйықтық жиналады. Өкінішке орай аурудың ауыр сатысында өкпе мен тамырлар арасындағы осынау кеңістікке өте көп су жиналып, өкпе ісінеді. Дәл осы жайт өлім-жітімге алып келуі мүмкін. Даму жолдары өте көп. Бірақ, ең бастысы, вирус өкпе тінін жылдам зақымдайтындығын айтуымыз керек», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Оның айтуынша, артериалды гипертензия, жүрек-қан тамыр жүйесі аурулары, қант диабеті, семіздік сынды сырқаттар кезінде де өкпе қабынуы мүмкін.
«Жүрек-қан тамырлары жұмысының жеткіліксіздігі салдарынан ағзада сұйықтық көбейіп, өкпедегі ісік ұлғаяды. Біз өлім-жітім себебінің бірі өкпе қабынуы болуы мүмкін дегенімізде, бұл инфузиялық препараттардан емес, жүрек-қан тамыры жүйесі жұмысының жеткіліксіздігінен ағзада сұйықтықтың артқандығынан дегенді білдіреді. Мұндай жайт созылмалы аурулар түріндегі жоғарыда аталған тәуекел факторлары бар пациенттердің басым бөлігінде орын алады», - деді Нұрила Малтабарова.