500 отбасы «Еңбек» бағдарламасы аясында оңтүстіктен солтүстікке көш түзеді. Әуелгі жоспар бойынша 427 отбасы қоныс аударуы тиіс еді. Алайда солтүстік өңірге қоныс аударуға ниет білдіргендер көп болыпты.
Бұған облыста жүргізілген түсіндіру жұмыстарының да ықпалы зор болған сыңайлы. Өткен жылы облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен БАҚ өкілдері Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Ақмола облыстарына сапар шеккен еді. Сондай-ақ Nur Otan партиясының Түркістан облыстық филиалы да қалалар мен аудандарда тұрғындармен кездесулер өткізіп, «Еңбек» бағдарламасының шарттарын түсіндірген болатын.
«Еңбек» бағдарламасының мақсаты – халқы тығыз қоныстанған оңтүстік өңірлердің тұрғындарын жұмысшы жетіспеушілігі туындап отырған солтүстік облыстарға көшіру. 2015 жылдан бастап бағдарлама аясында Түркістан облысынан солтүстікке 1365 отбасы көшіп барды.
2019 жылы Түркістан облысынан Қостанай облысына 62 отбасы, Шығыс Қазақстанға 115 отбасы қоныс аударған.
288 отбасы – Солтүстік Қазақстанда, 95 отбасы Павлодар облысында жаңа өмір бастауға шешім қабылдады.
Еңбекке қабілетті 895 азаматтың 622-сі тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілген, 47 адам жеке ісін бастапты. Кәсіппен айналысамын деушілерге де жер учаскелері, бос үй-жайлар берілген. Тұрғын үймен қамтылды. Көшуге байланысты мемлекеттік көмек көрсетілді.
Өткен жылы Түркістан облысына солтүстік өңірлерден арнайы 6 топ келіп, тұрғындарды бағдарламаға қатысуға шақырды. Бұл бағытта облыс әкімдігі, жауапты департаменттер үлкен жұмыс атқарды. Жетісай ауданында аймақаралық бос жұмыс орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылып, оған 600-ден аса адам қатысқан. Оларға үш мыңнан астам бос жұмыс орны ұсынылыпты.
Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаевтың айтуынша, «Еңбек» бағдарламасының стратегиялық маңызы зор. Партия филиалы облыс әкімдігімен бірге осы бағдарламаны насихаттауға қатысуға ниетті.
Кез келген түркістандықтың жаңа ортада жаңа өмір бастауына мүмкіндігі мол.
Г. ТҰРҒАНБАЙ