Енді елімізде шенеуніктерге, бюджет мойнында отырған барлық компания өкілдеріне бұлардың жаңасын иеленуге 3 жылға тыйым салынды. Қаржы министрлігі автомобильдер мен жиһаз сатып алуға ұзақ мораторий енгізілгенін хабарлады.
Қазіргі кезде мемлекет ел бюджетін үнемді жұмсауға тырысуда. Сәйкесінше, шығыстар миллиардтап қысқартылды. Ал жаңа мораторий бүкіл меморганға, ұлттық компаниялар мен холдингтерге, Үкіметке қарасты кәсіпорындар және квазимемлекеттік сектордың барлық нысандарына таралады. Бұдан былай оларға жеңіл көлік қана емес, сонымен қатар арнайы және жедел қызмет автокөлік құралдарын, кеңсе жиһазын алуға рұқсат етілмейді.
«Республикалық бюджеттің параметрлері бюджет қаражатын үнемді жұмсауға бағдарлануда. 2020 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау кезінде 532,8 миллиард теңге сомасындағы шығыс оңтайландырылды. Бұл қаражат COVID-19 індетімен күреске, пандемияның теріс салдарын болдырмауға, азаматтар мен бизнесті қолдау шараларына бағытталды» деп мәлім етті қаржы ведомствосының баспасөз қызметі.
Бүгінде министрлік еліміздің жаңа үшжылдық басты қаржылық құжатын дайындауда. 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджеттің шығыстары да мейлінше ықшамдалды: жаңа бастамаларға қарастырылған шек-лимит 6,4 триллион теңгеге оңтайландырылып отыр. Қазіргі уақытта бюджет жобасы қалыптастырылып жатыр. 3 жылғы ел бюджетінің шығыстарын оңтайландыру және кіріс бөлігін арттыру жөніндегі жұмыс тобы әрекет етуде.