Дәрі қайда, құдай-ау, дәрі қайда?
Дәрі қайда, құдай-ау, дәрі қайда?
367
оқылды
Аймақ­тардағы дәріханаларда ви­русқа қарсы, қызу түсіретін және басқа да қажетті дәрі-дәр­мек тапшылығы туындады. Дәріханалар мен қоймаларда дәрінің кезегін күткендер көп. Коронавирус инфекциясы мен пневмонияның өршуі жағ­дайында ауруханаларда орын жет­кіліксіз, сол себепті көпшілік науқастар үйде ем­делуге және өз бетімен дәрі іздеуге мәжбүр. Мәселен, Қызылордада дәрі де, дәрігер де тапшы. Ал Атырау халқы дәрі таппай, қина­лып кетті. Шымкентте де нау­қастар ауруханаға сыймай, дала­да жатқанын айтып, дабыл көтер­ген еді. Түркістанда да орын тап­пай, кезек күткендер көбейді. Пара­цетамол, аспирин, аскорбин қыш­қылы, тіпті қарапайым қызу өл­шегіш термометр таппай, қинал­ғандар қаншама! Осыдан бір жеті бұрын вице-министр Людмила Бюрабекова парацетамолдан тапшылық көр­мейтінін айтқан болатын. Ол: «Антиретровирусты ингавирин және тамифлю препараты саты­лым­нан жойылып кеткен еді. Бұл дәрілер аптаның аяғына дейін дәріханаларға жеткізіледі. 47 мың қаптама тамифлю және 70 мың қап­тама ингавирин алынды. Тағы да айта кетейін, бұл аталған препараттар коронавирусты ем­деуге қолданылмайды. Бұл дәрілер парагрипп пен жедел респираторлы инфекцияны емдеуге арналған» деген еді.  

Дәрі тапшылығы неден туындады?

Мәселен, Шымкентте 10 күн ішінде 2 айлық дәрі қоры сатылып кеткен. Яғни, шектеусіз сатып алғандар өте көп. Атырауда да бұл жағдай қайталанған. Дәрі күтіп, дәріханаға сандалғандар да жетерлік. Күні бойы кезек кү­тіп, керекті дәрісін таба алмай, қи­налғандарды қайтеміз?! Ха­лық­қа қажетті дәрі-дәрмектің ба­ғасын «қолдан» көтеріп жібер­­гендер де бар. Осылайша, дәрі­ханада «дүрбелең» басталып кет­кен еді. Күні кеше Атырауға дәрі-дәр­мек тиеген жүк көлігі жетіпті. Әкім­діктегілер енді дәрілік пре­параттарға мұқтаждық болмайды деген уәж айтып отыр. Атырау облысы әкімінің орынбасары Ержан Әбілханов: «Бірнеше күн бұрын облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов дәрі тапшылығын жедел түрде шешуге қатысты тиісті тапсырма берген болатын. Соған орай, Алматыдан қажетті дәрі-дәрмектің түрлерін шұғыл түрде жеткізілуін қамтамасыз еттік. Сонымен қатар дәрілер дәріханаларға бұрынғы бағасымен беріледі. Ал дәріханалардың оларды қымбаттатып жібермеуі қатаң қадағаланады», – деді. INKAR ЖШС Атырау фи­лиа­лының директоры Светлана Липатованың айтуынша, дәрі-дәрмектің 430 түрі әкелінген. Оның 50-ге жуығы қазір тапшы болып тұрған антибиотиктер, азитромицин, цефазолин, цеф­триак­сон және инъекцияға ар­налған лидокаин ерітіндісі сынды препараттар екен. Қызылордада тиісті департа­мент апта соңына дейін бұл мәселені шешеміз деп уәде бер­ген. Қалаға қажетті дәрі-дәр­мектің үлкен партиясын жеткізуді жоспарлаған. Оған дейін тұтыну­шыларға олардың орнын алмас­тыратын дәрілерді сатып алуға кеңес берілген екен. Одан бері бір апта өтті.  

«Індет жұқтырамын» деп қауіптенеді

Жамбыл облысындағы жағдай да тұрақты емес. Облыстық Ден­саулық сақтау басқармасы бастығы Марат Жұманқұлов: «Науқастардың саны күн санап ар­тып келеді. Біз қазір қалалық ба­лалар ауруханасынан 340 орын дайын­дап отырмыз. Сондай-ақ облыстық ауруханадан да 300 орын әзірленуде. Байзақ ауданындағы аурухана мен туберкулезге қарсы емдеу мекемесін де стационар ретінде қарастырудамыз. Дәрі-дәрмек тапшылығын жою үшін «СК-Фармация» компаниясымен келіссөз жүргізіліп жатыр. Дәрі тапшылығының алдын алу үшін бір қолға берілетін дәрі санын шек­теуді ойлап отырмыз. Осындай ауқым­ды шараларды қолға ал­масақ, жағдай алаңдатарлық күйде», – дейді. Парацетамол неге қат болып кетті? «Дәрігерлер науқастың еміне парацетамолды ғана жазып бергендіктен, ол тауар тез өтіп кетіп жатыр. Бірақ оның орнын алмастыратын дәріханада тағы 10 түрлі дәрі бар. Оны алуға қорқады», – дейді аймақтағы дәріхана өкілдері. «Бұрындары парацетамол не­месе аспирин сатып алуға дәрі­ханаға 100 адам келетін болса, қазір тәулігіне 500 адам осы тауарды сұрауда. Мұндай жағдайда қанша жерден дәрі әкелсең де, оның қорын сақтап тұру мүмкін емес. Оған қоса, тұрғындар ауырмаса да, «дәрі бітіп қала ма?» деген үреймен, дәрі-дәрмекті үйіп-төгіп алып жатыр. Алайда дәріні дер кезінде қолданбаса, оның сақтау мерзімі өтіп кететінін көпшілік түсінбеуде», – дейді «Әмір және Д» және «Садыхан» дәріханасының өкілдері. Кейбіреулер ауырмаса да, індет жұқтырып аламын деген сақтықпен елден естіген дәрілерін ішіп жатыр. Бұл да қауіпті. «Дә­рігердің анықтама қағазынсыз ішілген дәрі басқа аурулардың қозуына әкеліп соқтыруы мүмкін. Түрлі дәрі ішіп, аллергиямен түсіп жатқан адамдар санының көбеюі – со­ның нақты дәлелі. Сондықтан біз­ге қазір дәрі тапшылығымен емес, ха­лыққа оны тұтыну жолын түсін­дірумен айналысу керек», – дейді «Садыхан» дәріханасы басшы­сының орынбасары.  

Алматы шешімін тапқан секілді

Әкімдік қаланы қажетті дәрі­лермен және термометрмен қамта­масыз ету мәселесі ше­шілгенін айтып отыр. Күн сайын пара­це­тамол, ибупрофен, эффе­ралган, аспирин, тамифлю, ингавирин, азитромицин және сумамед секілді дәрі-дәрмек жеткізілген. 5 шілдедегі деректер бойынша, қаланың дәріханаларына 115 000 дана парацетамол, 30 000 дана термометр, 20 000 дана ибупрофен, 35 000 дана ингавирин және басқа да дәрілер дәріханаға жіберілді. Бү­гін қосымша 150 000 дана пара­цетамол және 50 000 дана тер­мометр жүк түсірілді. 8 және 12 шіл­деде 850 000 дана парацетамол қосымша жеткізілмек. Қазір құқық қорғау орган­дарының деректеріне сүйенсек, тексеру нәтижесі бойынша дәріні, оның ішінде цефазолин, тамифлю және ингавирин 90 дәрілерін заңсыз сату жайт­тары анықталды, оның нәтижесі бойынша тиісті шаралар қабыл­данды, сотқа дейінгі тергеу ісі жүргізілуде. Ақ-қарасын құқық қорғау органдары анықтай жатар, дегенмен ел дерттен қиналып жатқан тұста «ақша табуды» көз­дегендердің бұл әрекетін қалай түсінеміз? «Біреуге жан қайғы, біреуге мал қайғы» деген осы шығар... Ал «СК-Фармация» өкілдері ауруханаларға дәрі-дәрмектің уа­қытылы жеткізіліп отырғанын ай­тады. «Біз тек медициналық ұйым­дарға ғана дәрі-дәрмек жет­кізумен айналысамыз», – дейді олар.  

Қауіп әлі сейілген жоқ

Үйден шықпай-ақ онлайн көмек алуға болады. Өз бетінше емделемін деп, қам жасаудың қажеті жоқ. Тек дәрігер көмегі арқылы ғана қауіптің алдын ала­мыз. Білікті дәрігер, медицина ғылымының докторы, профессор Арай Төлемісова: «Бұған дейін дәріханалар осыншама көп дәрі-дәрмек қажет болады деп жос­парлаған жоқ. Негізі, ауруханаларда дәрілер жеткілікті. Қазір вирусқа қарсы бір ғана дәрі әсер етпейді. Кейбір науқастарға мүлдем бас­қа дәрі қажет болуы мүмкін. Мәселен, бұрын микробтық пнев­мо­ния ауруын антибиотиктер арқылы емдеп жазатын еді. Қазір вирустық пневмония кезінде де бұл антибиотиктермен емдеуге болады. Бірақ олар кей науқастарға кері әсерін тигізуі мүмкін. Әр адамның ағзасы әртүрлі. Біреулер антибиотикті жеңіл қабылдайды, кейбіреулерге аллергия туғызады. Сондықтан науқастарға бірдей дәрі қолдануға тағы болмайды. Басында халықтың өзі вирус барына сенген жоқ. Қазір пневмония өршіген тұста өздері-өздерін «емдеп» кетті. Түрлі әлеуметтік желілер арқылы тараған видеоларға сенеді. Бұл дұрыс емес. Ел арасында дүрбелең тууының да себебі осы секілді, – дейді. Денсаулық сақтау министрлігі коронавирустың әсерінен болған елдегі эпидемиологиялық жағ­дайға байланысты азамат­тардан үйде болуын сұрап отыр. «Өзін-өзі оқ­шаулау және басқа алдын алу шараларын сақтау коронавирус инфекциясының таралуын тежеуге көмектеседі», – дейді министрлік.   P.S.

Соңғы мәліметтерге қара­ғанда, елде 28 мың адам пневмония диагнозымен стационарда жатыр. Олардың 98 % жағдайы орташа ауыр деңгейде, 330 адамның жағдайы ауыр. Денсаулық сақтау министрлігі осылай дейді. Бұдан бөлек, қауіпті вируспен және тұмаудың әр түрімен ауырып жатқандар да баршылық. Маусым айында қаншама жақсы мен жайсаңнан айрылдық. Дер кезінде емдей алмадық па, әлде дертке салғырт қарадық па екен, кім білсін, осы айда жоғалтқанымыз көп. Біз оларды сақтай алмадық. Өзекті өртер өкініш тағы қайта­ланбасын десек, карантин талаптарын сақтап, оқшауланған абзал. Елге қажетті дәрі-дәрмек жеткізіп, қауіптің алдын алайық. Қазір бізге керегі – аман қалу...

 

Гүлзина БЕКТАС