Тегін көмек көрсетіле ме?
Тегін көмек көрсетіле ме?
292
оқылды
Сол себепті ауруханалар мен жедел жәрдем қызметтерінде мобильді бригадалар құру қажеті туындады. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қосымша 3 мың мобильді бригада құры­латынын айтқан. Алайда министр айтқан 3 мың бригаданың қазіргі уақытта  383-і ғана жұмыс істеуде. Бұл қазіргі қиын жағдайда аздық ететіні сөзсіз.  

Мобильді топтардың құны қанша?

Емханалар жанынан құрылатын мобильді бригадалардың қызметі халыққа тегін болмақ. Мобильді топтар дегеніміз –жедел жәрдемнің жаңа қызметі.  Енді әр шақырту бойынша халыққа тегін медициналық қызмет көрсетпек. Ақылы бригаданың бағасы 5 400 теңге болып белгіленген. Ал шығын Міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру қоры арқылы төленетін болады. Министрліктің хабарламасында «Әр шақырту үшін емханаларға 5 400 теңге аударылады. Мобильді топтардың қызметкерлері жеке қорғаныс құралдарымен, пульсоксиметрлермен және басқа да керек-жарақпен қамтамасыз етіледі» делінген. Көшпелі бригадалар үш топқа бөлініп жұмыс істемек. Бірінші топ науқастармен байланыста болғандардан және симптомы барлардан COVID-19-ға ПТР-тест алады. Онда мейірбикелер қызмет етеді. Екінші топ коронавирус расталған науқастарға үйде қызмет көрсетеді. Министрліктің ақпаратынша, қазіргі уақытта 165 мың пациент амбулаториялық жағдайда көмек алып жатыр. Ал бригаданың үшінші түрі  созылмалы, онкологиялық аурулары бар адамдарға және жүкті әйелдер мен балаларға үйінде бақылау жасамақ. Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі біздің елде бар. Сырқатты емдеуге кететін шығындарды Медициналық сақтандыру қоры өз мойнына алады. Алайда нарықтағы жұмыс берушілердің бәрі бірдей жұмысшыларына әлеуметтік пакет, медициналық сақтандыру қызметін ұсына бермейді. Оның үстіне, қазіргідей қиын эпидемиологиялық ахуал кезінде жұмыс орындары қысқарып, жұмыссыздар саны артқанын ескерсек, Міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру қоры есебінен барлығына бірдей қаржы төленеді деп айту қиын.  

Дәрі-дәрмекті тегін ала ала ма?

Қазіргі таңда МӘМС аясында тегін дәрі-дәрмек пен препараттардың тізімі жасалды. Пневмония, ЖРВИ және КВИ-дің жеңіл түрі бойынша үйінде емделіп жатқан азаматтар дәрі-дәрмекті тегін ала алады. Тегін дәрілер тізіміне антибиотиктер мен дене қызуын түсіретін дәрілер кіреді екен. Дәрі-дәрмекті емханалардың жанындағы мобильді топтарға жеткізу жүктелген. «Бұған дейін емхана дәрігерлерімен кеңес өткізген едік. Сол жиында аталған тізім аясында COVID-19 инфекциясына ұқсас және пневмониямен ауырғандарды тегін дәрімен қамти алатынымыз туралы шешімге келдік», – деді Бас санитар. Бүгінде дәріні тегін алу былай тұрсын, өз бағасына сатып алмай жатқан жандар қаншама. Қазақстанда 8 мыңнан астам дәріхана бар екен. Премьер-Министр орынбасары Ералы Тоғжанов олардың тек 30 пайызы ғана отандық өндіріс есебінен қамтамасыз етілгенін айтты. Қалғаны сырттан импорт есебінен әкелінеді екен. Қазақстан азаматтарының барлығы тікелей ем алуға құқылы. Денсаулық сақтау министрлігі ел азаматтарын тұрғылықты жеріне қарамай емдеуге міндетті. Шенділер осы сөзді айтқанымен, халыққа қажетті дәрі-дәрмек аспандап кетті, сонымен қатар ем-домды уақытында ала алмай отыр. Дәрі  жетіспеушілігі анық байқалды.   jedel jardem1  

Қызметтер мүмкіндігінше қашықтықтан көрсетілуі тиіс

Емханалар қашықтан қызмет көрсету форматына көшкен. Жоспарлы көмек пен диагностикалық қызметтер қатаң түрде дәрігерлердің көрсетілімдері бойынша онлайн жазу арқылы жүзеге асырылады. Қазіргі жағдайда емханаларда кезек күтуге, көп адам жинауға жол берілмеуі қажет екені айтпаса да түсінікті. Адам ағзасында вирустың бары нақтыланған жағдайда, ең алғашқы қадам оқшаулану болуы керек. Дәрігерлер де вирустан қорғанудың, оны таратпаудың негізгі жолы осы екенін айтады.  «Амбулаторлық желіде ПТР-тест енгізуге қатысты төрт маңызды құжат қабылданды. Бұл – бастапқы медициналық санитарлық көмек мекемелеріндегі пациенттерге арналған жадынама. Жадынама пациенттерге аурудың алғашқы белгілерін байқау, ауру анықталған кезде не істеу керек деген сауалдарда таптырмас бағыттауыш құрал. Екінші – пациенттерге арнап чек-лист жасалды. Яғни, пациент үйде емделеді. Онымен видеобайланысқа шығу арқылы мобильді топ жұмыс істейді. Чек-листте көрсетілген температура, демнің тазалығы, жүрек соғысы, артериялық қан қысымы, дем алудың қиындығы, жөтел, кеуде тұсының ауыруы, жүректің ауыруы, диарея сияқты ауру белгілері байқалса, ол адамның өзі де, онымен жақын байланыста болған барлық отбасы мүшелері де үй карантинінде болуы керек» деген  Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Махаббат Бекбосынова бұл пневмонияның асқы­нуы, вирустың ауыр түріне айналып кетпеуінің алдын алады деген сенімде. Бүгінде әлем бойынша 11 миллионнан астам адам коронавирус жұқтырып, 500 мыңнан астамы қайтыс болды. АҚШ пен Бразилия COVID-19 жұқтырғандар саны бойынша алдыңғы қатарда. Әлемге ауыз салған пандемия біздің елге де қатты батып отыр. The New York Times мәліметтері бойынша, соңғы екі аптада КВИ-мен ауырғандар саны күрт өсіп, тіркелген елдер саны екі есе артты. Оның қатарында біздің ел де бар. Қазақстан коронавирустың таралу қарқыны бойынша Австралия, Парагвай, Малави, Хорватия, Намибия және Ботсвана елдерін басып озды. Елімізде коронавирус жұқтырғандар саны қазір 50 мыңға жуықтап, 300-ге жуық азамат көз жұмды. Бұл цифрлар күн санап өсіп жатыр. Өткен тәуліктің өзінде 1 403 адам COVID-19 індетімен ауырғаны белгілі болды. Бір ғана 30 маусым мен 6 шілде аралығында 76 адам осы індеттен қайтыс болыпты. Осыдан-ақ біздегі эпидемиологиялық ахуалдың қаншалықты күрделі екенін аңғару қиын емес.  

Сұңқарбек БАТАНҰЛЫ

 width=