Рәміздерді сатып пайда табуда
Рәміздерді сатып пайда табуда
408
оқылды
Одан бө­лек, ел­таңба мен тудың су­реті бар сүлгілер, кілемдер де жетіп жатыр. Бұл өз кезе­гін­де әлеуметтік желіде тал­қы­ланып, көп азаматтардың нара­зылығын тудырды. Осыған байланысты заң не дейді? Өзге елдерде аталған әрекетке байланысты жауап­кершілік қарастырылған ба? Мәселеге бойласақ.  

Компания ұсынған тауарлар

Компанияның онлайн дүкеніне (amazon.nl) кіре қалсаңыз, мем­лекеттік рәміздер бейнеленген дәретхана жабдықтары мен аяқ астына төсеуге арналған тауар­лардан көз сүрінеді. Сайттағы дерекке үңілсек, тауарларды RomaniaGH атты өндіруші ком­па­ния ұсынған. Компания ұсақ тауарларға бейнелер салып шы­ғару арқылы танылған екен. Енді еліміздің туы бейнеленген тауарлардың бағасына тоқталсақ. Бұйымдар шамамен 17 доллардан, яғни 7 мың теңгеден басталып, өсе береді. Мысалы, сатылымдағы кілемнің бағасы 28,94 еуроға (13 мың теңгеден асады) бағаланған. Ол аз десеңіз, қол сүртетін ора­мал мен ваннаға арналған перде­лерде, шұлық, қысқа шалбар және бет­пердеде тудың суреті бар. Қысқа шалбар 29,16 еуро тұрса, ту бейнеленген шұлық 12,94 еуродан сатылып жатыр. Дүкен ассортиментінде Қа­зақстанға қатысты тауарлардың мол екенін айттық. Әлеуметтік желіде талай уақыттан бері тал­қыға түссе де, жауапты орындар әлі ресми жауап бермеген. Қазақ­станда мемлекеттік рәміз­дер­ді құрметтемей, мазаққа айнал­дыр­ғаны үшін қылмыстық және әкімшілік жаза қарастырылған. Қылмыстық кодекстің 372-бабы, яғни Мемлекеттік рәміздері туралы заңда: «Қазақстан Рес­публикасының мемлекеттік рәміз­дерін қорлау – екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөл­шерде айыппұл салуға не сол мөл­шерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мер­зімге қоғамдық жұмыстарға тар­туға не екі жылға дейінгі мер­зім­ге бас бостандығын шек­теуге не сол мерзімге бас бостан­ды­ғы­нан айыруға жазаланады» делінген. Бірақ бұл заң шетелдік компанияның сауда-саттығына әсер ете алмауы мүмкін. Се­бебі Қазақстанда шетелдік ком­па­нияның саудасына белгілі бір норма арқылы әсер ету жайы көр­сетілмеген. Сондықтан құзырлы органдар компания сайтындағы тауарларға байланысты қандай да бір шара қолдана ма, ол жағы әлі белгісіз болып тұр. Бірақ дүкен қазақстандықтарға ұнайтын тауарларды да сатып жатыр. Мәселен, Үлкен Алматы көлі, Шарын шатқалы және елі­міздің флорасы мен фаунасы, бүркітшінің суреті бар перделер де сатылымға шыққан. Одан бөлек, ескере кететін тағы бір жайт бар. Дәретхана жабдықтары мен түрлі бұйымдарға тек Қазақстанның ғана емес, әлемнің көптеген елдерінің туы бейнеленіп сатылып жатыр. Олардың қатарын алпауыт елдер де толықтырған. Осы тұста біз өзге елдердің осы мәселеге қатысты көзқарасын бажайлап көрген едік.  

Өзге елдердегі көзқарас

Әртүрлі тауарларға туды бей­нелеуге қатысты өзге елдер­де де нақты тұжырым жоқ екен. Демек, екі жақты пікір қалып­тас­қан. Біреу оны абырой санаса, келесісі заңсыздыққа балайды. Киім сататын дүкендерге бара қал­саңыз, АҚШ-тың немесе Ұлы­британияның туы бейнеленген киімдерді ұшыратасыз. Жа­сыратыны жоқ, олардың қа­тарын­да ішкиім де бар. Оны мақтаныш санайтындар жетерлік. Мысалы, америкалық телешоулардан сол елдің туы бейнеленген ішкиім, жейде, баскиімді көп кездес­тіреміз. АҚШ-та бұл құбылысқа байланысты екі ұдай пікір бар. Мұнда да туға қатысты кодекстер қарастырылған. Ел азаматтарының бір бөлігі бұл кодексті заңды жауапкершілік жүктейтін күші болмаса да қатаң ұстанады. Кодекс талаптары бойынша ілулі тұрған АҚШ туы жерге, еденге немесе суға тимеуі керек, абайсызда тиіп кеткен жағдайда келесі қолданылғанға дейін мұқият тазалануы тиіс. Америка байрағы өзімен қатар тұрған өзге тудан әрқашан бір қарыс биік тұруы қажет екен. Тіпті, белгілі бір мемлекетке, лауазымды тұлға мен беделді халықаралық ұйымға құрмет көрсету мақсатында да оны төмен түсіруге болмайды. Америкалықтар тудың өңін жоғалтпауына, табиғи құбылыстар салдарынан бүлініп қалмауына қатты көңіл бөледі. Мемлекеттік ту жыртылып қалса, қандай да бір зақым келсе пайдалануға жарамсыз деп табылып, өртелу керек. Себебі америкалықтар үшін рәміздің қоқыста немесе аяқтың астында иленіп жатуы – үлкен қорлық. Алайда АҚШ туының ішкиімде, суға жүзуге арналған костюмде бейнеленуі нені біл­діреді? Бұл туралы АҚШ-та білім алған «Болашақ» стипендиясының иегері, UCSD Extension универ­ситеті жанындағы тіл курсының түлегі Әсем Әлмұханбет баяндаған болатын.
– Құрама Штаттарда кез кел­ген жерде ту ілініп тұрады. Үйдің балконында, үйдің кіреберісінде, ғимараттың ең үстіңгі қабатында. Аттап бассаң, туды көресің. Бұл, бір жағынан, өз еліне де­ген құрмет деп ойлаймын. Адам­­дар туды балконына іліп қою­дан қорықпайды, ол үшін жаза­лан­байды. Керісінше, елге деген сүйіс­пеншіліктің белгісі ре­тінде қабыл­данады. Ішкиім мен жүзуге арналған киімдердегі туға қатысты оларда да пікір көп. Оған қатысты талай мақала шыққан. Азаматтардың көбі ішкиімге ту бей­неленгенін дұрыс деп санамайды. Бірақ оны патриотизмге санайтын америкалықтар бар. Себебі 4 шілде, АҚШ-тың тәуелсіздік мейрамында тудың суреті бар киімдердің сатылымы күрт көбейіп кетеді, – дейді отандасымыз.
Қорыта айтқанда, туды аталған тауарларға бейнелеуін дұрыс не бұрыс деп тұжырым жасау қиын. Дегенмен қазақстандықтардың басым бөлігі бұл әрекетке қарсы екені анық. Оған әлеуметтік желі­дегі пікірлер дәлел. Себебі «жауаптылар қайда қарап отыр?» деген сарында пікір білдірген желі қолданушыларында есеп жоқ. Ал осы ісі үшін алпауыт компанияны кінәлауға бола ма, ол да құзырлы органдар еншісінде. Осылайша, патриотизмді киім арқылы танытуға бола ма, мақтаныш па, әлде шектен шыққандық па, бұл жағы да оқырман назарындағы дүние болса керек.  

мадиярМадияр ТӨЛЕУ