Дәрігерді дәрменсіз күйге түсірмеңіз
Әрбір дәріні қабылдар алдында аннотациясын оқып, қарасаңыздар. Онда әсер етуі, механизмі, теріс әсері мен асқынуы туралы жазылған. Сол сияқты антибиотикті де бейберекет, дәрігердің нұсқауынсыз қолданса, жанама әсер етіп, арты асқынуға әкеледі. Бұған қоса антибиотиктер түрлі топқа бөлінеді. Мәселен, пенициллин, цефалоспорин, хлорамфеникол, аминогликозидтер, макролидтер тобы бар. Әрбір топтағы дәрінің жанама әсері барын есте ұстаңыз. Нұсқау бойынша пайдаланбасаңыз, құлақтың кереңдігіне, бауырдың зақымдануына алып келеді. Әсері күшті дәріні бейберекет қолданса, бүйрек қызметінің бұзылуына әкеледі. Кейбір дәрілер жүрек қағысын жиілетуі мүмкін. Соның салдарынан жүрек жұмысы нашарлайды. Қандай да бір дәріні сатып алар алдында міндетті түрде дәрігердің кеңесіне сүйеніңіз. Коронавирус қоздырғышын клиникасы мен симптомдарына байланысты емдеп көру керек. Коронавирус инфекциясы жоғары тыныс жолдарын зақымдаған соң, кезек төменгі тыныс жолдарына келеді. Төменгі тыныс жолдары дегеніміз не? Бұл – вирусты пневмония. Бұл екіншілікті бактериалды пневмонияға, жүйелік жетіспеушілікке алып келмес үшін антибиотик қолданамыз. Әрине, бірінші күннен емес, 2-3 күн температурасы түспесе әрекетке көшу керек. Онымен қоса, анализ көрсеткіштеріне қарай, қандағы лейкоцит пен нейтрофил көрсеткіші жоғары болса, биохимиялық анализде С-реактивті ақуызға қараймыз. Ол қалыпты жағдайда 5% болады. Қаншама науқастың анализін бақылап жүрмін, С-реактивті ақуызға ең жоғары дегенде 200-300-ге дейін көтеріліп кетеді. Мұның бәрі – қабыну процесін көрсетеді. Осыған байланысты вирусты пневмонияның ең жеңіл түрінде макролидтер тобына жататын дәрі-дәрмекті қолдану шарт. Бұл тыныс алу жүйесіне, өкпеге жақсы әсер етеді. Сонымен қатар зияны да аз. Цефалоспорин тобын да негізге алуға болады. Қазір екінің бірі осы топтағы дәріні сатып алып жатыр. Егер науқастың 7-8 күн бойы дене қызуы түспеген жағдайда ғана резервтегі антибиотикті қабылдау керек. Ол қандай антибиотиктер? Бізде фторхинолон мен кармоболифиндер тобы бар. Олар резервтегі дәрілер тобына жатады. Мұны қай кезде қолданамыз? Егер вирус организмге түскеннен бастап 3 күннен кейін денесі ауырып, кеудесінде пневмония болған кезде антибиотик ішу керек. Антибиотик ішкен 3 күн ішінде температура сақталса, міндетті түрде қосымша резервтегі антибиотик қажет. Мұның бәрі организмді септикалық шокқа, инфекцио-токсинді шокқа түсірмеудің қамы. Антибиотикті температурам бар екен деп іше беруге болмайды. Вирус жұқты ма, әлде бүйрегі ауырып жатыр ма, анықтау керек. Мүмкін кейбірінің аяғындағы жарасы іріңдеп кеткен болар. Сол себептен дәріханада бар дәріні сатып алып, анаған-мынаған жүгіруге болмайды. Егер осылай жалғастыра берсеңіз, клиникада жүрген дәрігерлер сізді емдеуге қауқарсыз күйге түседі. Науқастар бей-берекет дәріні ішіп, бізге инфекциямен күресу мүмкін болмай қалады. Резервтегі дәрілер барлық жерде тапшы. Олар еркін сатыла беретін дәрі емес. Аталған дәріні науқастар рецепсіз қабылдағаннан, қазір дәрігерлер дәрменсіз. Өйткені ағза септикалық шокқа, инфекцио-токсинді шокқа түседі. Әр дәріні мұқият қабылдау керек. Тағы да қайталап айтамын, бақылаңыз, 3-5 күн ішінде дене қызуы түспесе, антибиотикке көшіңіз. Соның ішінде жеңіл түрін қолданған жөн. Мыңжылқы САЙЛАУҰЛЫ, Президенттің іс басқармасы медициналық орталық клиникалық ауруханасы нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі:Антибиотик бизнесмендердің қалтасын толтырып жатыр
Адамдардың 80%-дан астамында жай ғана жедел респираторлық вирустық инфекция ретінде мұрны мен тамағы қышып, құрғақ жөтел кездеседі. Бір аптаның ішінде температура түсіретін дәрілерді қабылдаған соң организм аурумен күресіп, толықтай емделіп шығады. Бірақ көпшілігінде қорқыныш пен үрей басым. Сондықтан әлеуметтік желіден, WhatsApp-тан келген «рецепті» көріп, дәріханаға жүгіреді. Салдарынан түрлі антибиотик қабылдайды. Оның ішінде левофлоксацин, цефтриаксон, азитромицині бар. Бірақ түптеп келгенде, көбінде 1-2 күн дене қызуы болады. Аздап әлсіздік байқалып, тамағы құрғап, жөтеліп, ары қарай жазылып кетеді. Мұндай науқастарда «1-2 күн антибиотик қабылдап, содан жазылып кеттім» деген жалған сенім бар. Екінші жағдайда емханадан берген азитромицин мен цефтриаксоннан бастайды. Одан кейін 2-3 күн бойы дене қызуы қатты көтерілген кезде «қабылдаған антибиотик әсер етпеді» деп левофлоксацин мен меропенемді ішіп жатқандар бар. Есіңізде болсын, 39˚С-қа көтерілген температура – бұл ағзаның вирусқа берген реакциясы. Егер адам ентікпесе, сатурация көрсеткіші түспесе ешқандай антибиотиктің керегі жоқ. Ағза өзі күресіп шығады. Тек қана температура 38,5˚С-тан асқан кезде парацетамол, антигриппин немесе соны алмастыратын терафлю, фервекс және басқа да дәріні қабылдау керек. Құрамында парацетамол бар дәріні ішсе жеткілікті. Коронавирустың емі ағзаға инфекциямен күресу үшін жағдай жасаудан тұрады. Жалпы, үй жағдайында жеңіл және орташа түрде өтіп жатқан пневмонияға антибиотик тағайындаудың керегі жоқ. Әрине, қант диабеті бар, егде жастағы кісілерге терапевтің нұсқауымен азитромицин немесе цефтриаксон тағайындайды. Басқа жағдайда левофлоксацин, меропенем қабылдау дұрыс емес. Бұл – резервтегі дәрілер. Жалпақ тілмен түсіндіргенде, сіз үй жағдайында аталған дәріні ішсеңіз, ағза соған үйренеді. Ертең жағдайыңыз тіпті қиындағанда бұл дәрілер көмектеспейді. Сізді емдейтін дәрі тобы қалмайды. Сонда жансақтау бөлімі де қажетіңізге жарамауы мүмкін. Антибиотиктердің бірінші қатары – цефалоспорин және пенициллин тобындағы антибиотиктер. Сонымен қатар макролидтер, азитромицин кіреді. Бұл – әсері жұмсақ дәрілер. Профилактикалық түрде таблетка ретінде қабылдаған жөн. Азитромицинді күніне 3 рет 500 мл немесе амоксициллин 500 мл күніне 3 рет ішеді. Бірақ қайталап айтатын нәрсе, коронавирус бактерия емес. Соңғы мәлімет бойынша, ол өкпеде пневмония шақырмайды. Өкпе тіні құрамындағы ұсақ тамырлардың қабынуы әсерінен болатын зақым. Оған қарсы қан сұйылтуға, гормонды реттеуге, цитокин қышқылын емдейтін дәрілер береді. Бөлек-бөлек атауларға тоқталмай-ақ қояйын. Симптомы ауыр өтетін науқасты амбулаторлық жағдайда емдеуге болмайды. Өйткені оттегі жетпесе, 1-2 сағат ішінде өкпесіне толықтай цитокин қышқылы жетпей қалуы мүмкін. Мұндайда дексаметазон тағайындайды. Шын мәнінде, дексаметазон «цитокин дауылын» емдейтін дәрі. «Цитокин дауылы» –иммундық жүйенің шамадан тыс реакциясы. Бұл жай-күйдің кенеттен нашарлауына әсер етеді. Ал антибиотиктер тек бизнесмендердің қалтасын толтырып жатыр. Одан басқа ешқандай қызметі жоқ.Айзат АЙДАРҚЫЗЫ