Сонымен қатар мұндағы «Депакин», «Методжект» сынды тағы басқа да дәрі-дәрмектерді еліміздегі медицинада тіркеуде тұрған азаматтарға тегін берілуі тиіс болған. Тексеру кезінде белгілі болғандай, қоймадағы дәрі-дәрмектердің сақталуына ешқандай жағдай жасалмаған және сақталу талаптарын өрескел бұзып отырғанын анықтаған. Яғни, дәрі-дәрмектер емдеу қасиеттерін жоғалтып, адам өміріне қауіп төндіреді.
Осынау рейд кезінде полицейлер фармацевт мамандарының қатысуымен 229 дәрі-дәрмектің түрін айғақты зат ретінде тәркілеген. Олардың ішінде «ЦЕФ 3» – 130 қорап, «Ингавирин» – 80 қорап, «Дексаметазон» – 4 ампула, «Алоэ экстракт инъекция үшін» – 120 қорап, «Методжект» – 480 қорап, «Глюкоза» таблетка – 3 120 тақтайша, «Глюкоза» – 27 бөтелке, «Стекловидное тело» – 2 160, «Парацетамол» – 18 қорап, «Ферсинол» – 2 160 және 2 160 «Аскорутин» бар.
Міне, көріп отырғандай, аталған дәрі-дәрмектер қазіргі таңда ең қат болып, жұрттың сабыла іздеп жүрген препараттары. Ал тәубесін ұмытқандар осылайша қоймаға тығып, бағаның бұдан әрі де көтерілгенін күтіп отыр ма, кім білсін?!
Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов те бірқатар фармацевтикалық компанияларды көріп қайтты. Жалпы, фармкомпания басшылықтарының сөздеріне сенсек, қалаға күн сайын тонналап дәрі-дәрмек келіп жатыр. Дегенмен алушылардың шектен тыс көбеюі дәрі жеткізе алмаушылықты туғызуда.
Шымкент қаласы бойынша жалпы 740 дәріхана бар. Қала басшысының айтуынша, бүгінде жергілікті билік оның 300-ге жуығын бақылауда ұстап отыр. Қалғандары жекеменшік бағытта, өздерінің қалауы бойынша сауда істейді. Ал «Зерде», «Муратфарм» және «Еурфарма» сынды жүйелік ірі компаниялармен әкімдік келісімшартқа отырған. Мұрат Дүйсенбекұлы қалада рейд жүргізу кезінде бірқатар жайтқа көз жеткізгенін айтып өтті. Алыпсатарлардың көп екені, бағаны 5 есе жоғары қойып сатып жатқанын мойындайды.
«Ақ Ниет» ЖШС бас директоры Ержан Ниязалиевтің айтуынша, қаладағы 4 аудандағы 70 емдеу-сауықтыру орнына тиісінше қажетті дәрі-дәрмек жеткізіп тұрған. «Бүгінгі таңда қызметкерлеріміздің 25 пайызы ауырып жатыр. Мәселен, осы бөлімдегі 40 қызметкердің 10-ы жоқ. Алайда соған қарамастан, бар күшті жұмылдырып жоспарды орындаймыз. Шымкенттегі 52 дәріханаға препарат жеткіземіз. Қазіргі таңда дәрі жетіспеушілігінің себебі – сатып алушылар 1-30 маусым аралығында 2 500 пайызға көбейген. Алып жатқан дәрілері бұрын дәріханаларда тұратын. Тіпті, біз қазан айында осы дәрілеріміз өтпей қала ма екен деп қорыққан да едік. Сонымен қатар дәрілерді науқас адамның ғана емес, басқа да жандардың шектен тыс алуы дүрбелең тұғызуда. Әзірге қоймада дәрілер бар. Жолда қаншасы келе жатыр. Елдің дүрлігуіне негіз жоқ, шыдамдылықпен күтсе деп айтар едім», – дейді ол.
Ал «Зерде Фарма» ЖШС директорының орынбасары Дәурен Битеміровтің айтуынша, бүгінгі таңда қоймаға 6 жүк көлігімен дәрі-дәрмек келген. 42 желілік дәріханасы бар компания қаладағы 200 дәріхананы қамтып отыр. «Иә ауырып жатқандар көп. Сондықтан мекемедегі 6 көлік күні бойы тоқтаусыз тасымалдаумен айналысып үлгере алмай жатыр. «Зерде Фарманың» 42 дәріханасынан күн сайын 32 мың адам дәрі сатып алуда. Препараттар дәріханаларға жеткізілген сәттен өтіп кетіп жатыр. Дегенмен сонымен дәрі бітті деген сөз емес. Ертесіне тағы барады. Осы жағын да еске салсаңыздар дейміз», – дейді фармкомпания басшылары.
Бұдан бөлек, күні кеше «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов бастаған партиялық бақылау тобы да рейд шараларын жүргізіп, біраз былықты көзбен көрді. Партиялық бақылау барысында бағаны қолдан өсіру белгілі болған. Сонымен бірге кей дәріханаларда қажетті дәрілер мүлдем жоқ болып шыққан. Ал барының құны белгіленген бағадан қымбат. Бахадыр Мәделіұлы тұрғындарға чекті талап етіп, бағаны көтерген кәсіпкердің үстінен құзырлы органға арыздануды сұрайды.
Иә, дегенмен түптеп келгенде дәрі жетіспеушілігіне жергілікті биліктен бұрын жоғарыдағы құзырлы органның жүйесіздігі себеп болып тұр. Тоз-тозы шыққан денсаулық сақтау министрлігінің дәл бүгін әбден бетпердесі ашылды. Дәрінің бағасы бетімен кетті, тұрғындарының денсаулығы айтпаса да белгілі. Дәріні негізінен шетелден лицензиясы бар ұйымдар алып келеді. Ал лицензияны беретін – Денсаулық сақтау министрлігі. Бақылайтын – осы министрлікке қарасты медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті. Айналып келгенде, балық басынан шіріп отыр...
Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы