Жамбылда 400 дәрігерге қонақүйден орын әзірленуде
Жамбылда 400 дәрігерге қонақүйден орын әзірленуде
Фото: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен алынды
220
оқылды
Соңғы ақпарат бойынша Жамбыл облысында коронавирус инфекциясы бойынша 1866 адам тіркелді. Оның 865-і симптомсыз. Өкінішке қарай, тұрғындардың әлі күнге дейін бетперде тақпай, той-томалақ өткізуінің салдарынан аурулар саны азаймай тұр. 77 науқастың өзі осы жақын күндері тіркеліп отыр. Қайтыс болған адамдар саны – 3. Оның біреуі Павлодар өңірінің азаматы болса, екеуі – тараздық. Қазір науқастарға қажетті  төсек орындарын толықтай әзірлеп отырмыз. 10 компьютерлік томография жұмыс жасап тұр. Бірақ облыс үшін бұл аз екені белгілі. Одан бөлек 48 жасанды дем беретін құрылғы бар болғанымен, олардың санын көбейту жолдары қарастырылуда. Дәрігердің жетіспеушілігін азайту үшін зейнеттегі және оқу орындарын тәмамдағалы отырған жас мамандарды қызметке тартып жатырмыз. Олар үшін 6 қонақүйден 400 орын әзірленген. Медицина мамандары үйлеріне бармай-ақ осы орындарда тынығып, жұмыстарын жалғастыра беруіне болады. – Дәрі-дәрмек мәселесін де кезең-кезеңімен шешудеміз. Бұл бағытта қазір «Супер-Фарм» компаниясы жұмыс істейді.  Сондай-ақ жергілікті бюджеттен 700 миллион теңге бөліп, көрші мемлекеттен дәрі әкелсек деп отырмыз. Алғашқы дәрі-дәрмек жеткізілгеннен кейін тағы 300 миллион теңге қарап, өзге де қажетті медициналық бұйымдар сатып аламыз, – деген Бердібек Машбекұлы одан әрі жамбылдықтарды жағымды жаңалықтан құлағдар етті. Осы таңға дейін жергілікті билікке айтылған сын да, тағылған мін де көп болды. Әсіресе, дәрігердің қабылдауына жете алмай, дәрі-дәрмек тапшылығын  тұрғындар көп көтерді. Енді ауруханаларда «109» бірыңғай байланыс желісі жұмыс жасайтын болады. Осы нөмірге хабарласу арқылы халық дәрігерлерден қажетті кеңес алып, дәрі-дәрмекке қатысты да сауалдарына жауап таба алады. Егер бұл тұтқада отыратын мамандар тиісті деңгейде қызмет көрсетпейтін болса, олардың жауапкершілігі қатаң қаралады, – деді облыс әкімі. Брифингте аймақ басшысы онлайн форматта  жолдаған тұрғындардың сауалдарына да жауап берді.  Ал сөз соңында көпшілікті жалған ақпаратқа сенбей, өзі мен отбасының амандығы үшін сақтық шараларын барынша қатаң сақтауға шақырды.

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы