Қазақстан халқының 99,3% жыл соңына дейін интернетпен қамтылады – министрлік
Қазақстан халқының 99,3% жыл соңына дейін интернетпен қамтылады – министрлік
273
оқылды
Биыл жыл соңына дейін Қазақстан халқының 99,3% кең жолақты интернетті пайдаланатын болады. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі хабарлады. Ақпаратқа сәйкес, биылғы жыл басынан бері 649 шалғай ауылға талшықты-оптикалық байланыс желілері тартылып, кең жолақты интернет қосылды. Ал 2020 жылдың соңына дейін байланыс операторлары барлығы 1250-ден астам ауылды сапалы интернетпен қамтамасыз ететін болады.
«Ол үшін 20 мың шақырым талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылуда. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жүзеге асырылып жатқан жоба 2018 жылы басталды. Оның басты мақсаты – 3700-ден астам мемлекеттік орган мен бюджеттік ұйымдарды, оның ішінде мектеп, аурухана, әкімдік және тағы басқасын кең жолақты интернетке қосу. Сонымен қатар, жоба жүзеге асырыла бастағалы бері шалғайдағы 962 ауыл жылдамдығы жоғары интернетпен қамтылды», - делінген хабарламада.
Цифрлық даму министрлігі Телекоммуникация комитетінің төрағасы Виталий Ярошенконың айтуынша, бұл жоба басқа да жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік туғызбақ.
«Шалғайдағы ауылдарға жылдамдығы жоғары интернетті тарту үшін инфрақұрылым қажет. Қазір байланыс операторлары тиісті инфрақұрылым - «Оптика» желісін тартып жатыр. Бұл, мобильдік операторларға осы «оптоталшыққа» қосылуға және сапалы интернетпен қамтуға мүмкіндік береді. Осылайша, 3G/4G мобильді технологиясы немесе сымсыз байланысу технологиясы бойынша бір ауыл ғана емес, жақын маңдағы ауылдар да кең жолақты интернетке қосылады», - деп атап өтті В.Ярошенко.
Министрлік Қазақстанда интернет желісін одан әрі дамытуға бағытталған тағы бір жоба іске асырылып жатқанын еске салды.
«Оның аясында, 2020 жылдың соңына дейін ұялы байланыс операторлары 3G/4G мобильдік және FWA - FixedWireless Access сымсыз байланысу технологияларын қолдана отырып, тұрғын саны 250-ден көп ауылдардың бәрін кең жолақты интернетке қосады. Министрлік ұялы байланыс операторларымен бірге ынтымақтастық туралы тиісті меморандумға қол қойды. Осылайша, осы жылдың соңына қарай ел халқының 99,3% кең жолақты интернетті пайдаланатын болады», - деді ведомстводан.