Байыту процесі сумен тазартатын шағын бассейні бар жабық ғимаратта өтеді. Автоматтандырылған өндірістің барлық кезеңін кәсіпорынның басқару орталығы арқылы оператор бақылайды. Жоба қазірдің өзінде «Қоршаған ортаға әсерді бағалау (ҚОӘБ)» мемлекеттік экологиялық сараптамасынан өтті. Qaz Carbon ЖШС-на қарасты өндірістік объекті 2021 жылы іске қосылады.
Кенді өлкеде бой көтеретін жаңа нысан туралы компания акционерлері Ерлан Нығматулин, Давид Кемертелидзе мен ҚДБ басқарма төрағасы Абай Сарқұловтар арнайы өткізілген брифингте хабарлады.
Көмір байыту зауыты «Қазақстан Даму Банкі» АҚ-ның қаржылық демеуімен қолға алынған. Бизнесмендерге 9 млрд 24 млн теңге көлемінде қаржыға 7 жылға несие желісі ашылған. Жобаның жалпы құны 12 млрд теңгені құрайды. Бүгінгі таңда 3 млрд теңгені кәсіпкерлер инвестиция тартып өздері құйған. «Қазақстан Даму Банкі» компанияға «ҚР индустриялық-инновациялық дамуының 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» шеңберінде қарыз беріп отыр.
– Көмірді байыту үшін ылғалды байыту технологиясы қолданылады. Ол шикізаттағы пайдалы қазбаларды тау-кен массасын неғұрлым жіті ажыратуға мүмкіндік береді. Байытудың барлық рәсімі химиялық реагенттерді қолданбай жабық цехта өтеді, бұл қоршаған ортаға келтіретін кері әсерді азайтады. Байыту зауытындағы өндірістік процестерді автоматтандырудың жоғары деңгейі дайын өнімнің сапасы мен технологиясының сақталуын бақылауға мүмкіндік береді. Зауыттың қуаттылығы сағатына 300 тонна немесе жылына 1 800 000 тонна, – дейді Qaz Carbon ЖШС акционері Ерлан Нығматулин.
Болашақ зауыт үшін шикізат ретінде Қарағанды аймағында шығарылған көмір пайдаланылады. Дайын өнімді экспортқа жіберу, сондай-ақ Қарағанды ферроқорытпа зауытында YDD Corporation ЖШС пайдалану жоспарланып отыр.
– Біз бүгін Қазақстанда ірі инвестициялық жобаларды іске асырудың жеткілікті тәжірибесіне ие болдық. Сондықтан таяу және алыс шетел нарығының қажеттілігін анықтап, ішкі нарықты зерттей отырып, жаңа жобаларды іске асыруға кірістік. Іс жүзінде Қазақстанда бірегей инвестициялық климат қана емес, құны жоғары өнім жасау үшін үлкен шикізат базасы бар екеніне көз жеткіздік, – деді Qaz Carbon ЖШС акционері Давид Кемертелидзе.
«Қазақстан Даму Банкі» АҚ басқарма төрағасы Абай Сарқұлов бұл жобаны іске асыру Мемлекет басшысының инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігін арттыруға байланысты тікелей тапсырмаларының орындалуына ықпал ететінін атап өтті. Жаңа зауыт 110 жаңа тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді, әрі құрылысына 500-ден астам адам тартылады. Сондай-ақ зауыт өнімдерін экспорттау еліміздің экспорттық әлеуетін дамытуға жағдай жасайды.
Қаржыландырудың екінші бөлігі қолданыстағы құю өндірісін жаңғырту үшін пайдаланылатын болады. Жоба болат, шойын өнімдерін шығару бойынша қолданыстағы қуаттарды ұлғайтуға бағытталған. 2018 жылы жаңа инвесторларды, оның ішінде шетелдік инвесторларды тарту арқылы зауытты ауқымды жаңғырту басталды.
Зауыт қызметінің негізгі түрі – шойын, болат өнімдерін өндіру, кокс және жартылай кокс өндіру. 900-ден астам болат және шойын өнімдерін шығаратын зауыт іске қосылғанда жылдық жобалық қуаты 120 мың тоннаны құрайтын болады.
2 жыл ішінде зауытты жаңғырту бойынша жүргізілген белсенді жұмыс нәтижесінде инвесторлар қазірдің өзінде 8 млрд теңгеден астам жеке инвестиция салды. 1 216 жұмыс орны құрылды. Компанияның орташа жалақысы 245 мың теңгені құрамақ.
2019 жылы мемлекетке 2,1 млрд теңге сомасында салық төленді. Qaz Carbon ЖШС жаңа жобаларды іске асыру аймақ экономикасын әртараптандыруға және соңғы буын технологиялар трансферті есебінен еңбек өнімділігін арттыруға айтарлықтай серпін бермек.