Мемлекет басшысы өзінің халыққа арналған үндеуінде бүгінгі таңда еліміздің азаматтарын толғандыратын мәселе – індеттің жаппай таралуы мен оған қарсы күрес шараларына тоқталды.
Президент өз сөзінде «Бұл – өте қауіпті, батпандап кіріп, мысқалдап шығатын дерт» екенін айта келе, халқымыз қиын кезеңді бастан өткеріп жатқанын, індет тез тарап, жағдайдың қиындағаны сондай көптеген жанұяларды қайғыға душар етті деп атап өтті.
Пандемияның таралуы тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлем бойынша күрделі болып отыр. Еліміз індетпен күрестің алғашқы кезеңінде уақытылы және тиімді шешімдер қабылдап, инфекцияның таралуын тоқтатқан еді. Бірақ, өкінішке орай, төтенше жағдай алынып тасталғаннан кейінгі кезеңдегі індетпен күрес бойынша жасалынған нұсқаулардың дұрыс орындалмауы, министрліктер мен әкімдіктер деңгейіндегі шенеуніктің өздеріне жүктелген жұмыстарды жүзеге асырудағы қателіктері жағдайдың нашарлауына алып келді.
Президент бұған дейін ағымдағы эпидемиологиялық қиын жағдайды тұрақтандыру, соған қатысты шұғыл шараларды қабылдау үшін енгізілген қатаң карантин өз нәтижесін көрсете бастағанын да тоқталды. Ендігі жерде күн тәртібіндегі нақты мәселерді шешуге шақырды, олардың ішінде тұрғындар мен медициналық мекемелердің дәрі-дәрмектерге қолжетімділігін қамтамасыз ету, ауруханаларда жатын төсектерінің саны мен күнделікті тестілеу қарқынын арттыру, медициналық көмектің аясын кеңейту және елде коронавирустың таралуына қарсы күресетін медициналық қызметкерлер санын арттыру бар. Алғашқы медициналық-санитарлық көмекті күшейту мақсатында 400 әмбебап мобильді топ құрылды. Олардың жұмысының арқасында қазақстандықтар алғашқы медициналық көмектің кешенін өз үйінде, яғни амбулаториялық негізде ала алады. Осы айдың соңына дейін мұндай бригадалардың санын 3,5 мыңға жеткізу жоспарланған. Сонымен қатар індетпен күреске әскерилер тартылып, далалық госпитальдар құрылуда, дәрігерлердің жетіспеушілігі запастағы медициналық қызметкерлерді қайта даярлау арқылы жүргізілуде.
Бұл шаралардың барлығы коронавирустың орташа және ауыр түрімен ауыратын қазақстандықтарға медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Ал дәрі-дәрмек тапшылығына келер болсақ, Мемлекет басшысы қазіргі таңда олар қажетті мөлшерде дәріханаларға жеткізіле бастағанын, сонымен қатар алдағы уақытта мұндай қиындықтар туындамауы үшін шаралар қолданылып, сырттан жеткізу бойынша процедуралар жеңілдетілгенін де атап өтті.
Сонымен қатар індеттің таралуымен қатар еліміздегі тағы бір өзекті мәселе – ақпараттық пандемияға ұрыну болып отыр. Мемлекеттік органдар мен ведомстволардың ақпараттық жұмыстарының кемшіліктері негізінде туындаған ақпараттың жетіспеушілігі теріс әрі жалған ақпараттар көптеп тарауына алып келді. Әсіресе әлеуметтік желілердегі дәрі-дәрмектің жетіспеушілігіне, әртүрлі өзіндік емдеу шаралары туралы ақпараттар дәріханалардағы препараттарды жаппай сатып алуға алып келсе, үй жағдайында өзіндік емделудің соңы қайғылы оқиғаларға соқтырып отыр. Тек байсалды көзқарас, сыни ойлау ғана жалған ақпараттың құрбаны болмауға көмектеседі.
Індетпен күреске еліміздің бар мүмкіндігі жұмылдырылатынын, ешкім қиыншылыққа жеке қалдырылмайтындығы және әр қазақстандықтың өмірі мен денсаулығы үшін күрес жүретіндігін алға тартқан Мемлекет басшысы күйзеліске, депрессияға, немқұрайдылыққа бой алдырмауға шақырды.
Еліміз үшін осындай қиын қыстау кезеңде бірлігімізді танытып, қолдау көрсету маңызды екенін еске салған Мемлекет басшысы қайтыс болған отандастарымыздың туыстары мен жақындарына көңіл білдіріп, қайғыларына ортақтасатынын жеткізді.
Сондай-ақ Президент осы кезеңге дейін пандемия құрбаны болған қазақстандықтарды еске алу үшін 13 шілдені Ұлттық аза күту күні деп жариялады.
Алмас Арзықұлов, Қазақстан Президенті жанындағы ҚСЗИ-дың жетекші ғылыми қызметкері