Коронавирус эпидемиясының өршу кезеңі әлем нарығында мұнай бағасының құлдырауы мен дағдарысымен тұспа-тұс келді. Мұнайға деген сұраныс елдердің өзін-өзі оқшаулау режимінен шығуына қарай ақырындап қалпына келуде, алайда дағдарыстың алғашқы айында мұнай сақтау қоймаларында жиналып қалған мұнай көлемінің молдығынан біршама уақыт бағаның өсе қоймайтыны да белгілі.
ҚПО Бас директоры Эдвин Блом: «ҚПО 2020 жылға бекітілген Жұмыс бағдарламасы мен бюджетке сәйкес сұйық көмірсутек пен газ өндіру бойынша өз міндеттемелерін орындайды. ҚПО коронавирустан туындаған тәуекелдерді ескеріп, мұнай бағасының бірқатар ықтимал сценариінен шыға отырып тиімділікті қамту бойынша барлық қажетті шараларды қабылдайды» деп атап өтті.
«Біз сондай-ақ аталып өткен дағдарыстың ықпалы болған бизнес-процестерді реттейтін жаңа цифрлық технологиялар мен алаңдарды енгізу үшін осы мүмкіндікті пайдалануға тиіспіз. Сонымен бірге, ҚПО осы дағдарыстан бұдан да күшті компания боп шығатынына және болашақта орын алатын сын-тегеуріндерге жақсы дайындықпен келетініне сенімдімін,» – деді Эдвин Блом.
Қазақстандық қызметкерлердің кәсіби өсуі мен біліктілігін арттыру компания үшін өзекті мәселенің бірі болып қала береді. ҚПО бірнеше жыл бұрын келешегінен үміт күттіретін қызметкерлерді анықтау және олардың әлеуетіне және карьерасының жоғарылауына барынша жол ашатын болашақтағы дамуы мақсатында жылдам дамыту бағдарламасын іске асыра бастады. Бағдарлама кәсіби дамудың тиімді жоспарын дайындауда қатысушыларға қолдау көрсетуге және карьералық мақсатын анықтауға мүмкіндік берді. Бағдарлама нәтижесі бойынша қатысушылардың 50%-дан астамы олардың кәсіби және карьералық өсу жоспарына сәйкес жоғарылады.
ҚПО экология мәселесін әсте назарынан тыс қалдырмады. Іс-шаралардың қысқамерзімдісі де, ұзақмерзімдісі де табиғатты пайдаланудың айрықша шарттарын сақтай отырып, бекітіліген жоспарға сай атқарылуда, компания мамандары ұзақ уақыттан бері қабылданады деп жүрген жаңа Экологиялық кодексінің жобасын талқылауға белсенді қатысуда.
ҚПО карантинге қарамастан, атмосфера шығарындыларын, ағын су қалдықтарын, қалдықтарды сақтау және өңдеу, сондай-ақ атмосфералық ауаны, жер беті және жер асты сулары мен топырақтар мониторингін қоса алғанда толық көлемдегі мониторингті ары қарай да іске асыратын болады.
Атмосфералық ауа сапасының мәселесі, Қарашығанақ кен орнына таяу орналасқан санитарлық-қорғау аумақтары мен елді мекендер жіті назарда. Атмосфералық ауа аккредиттелген зертханаларды тарту және нақты уақыт режимінде тәулік бойы экологиялық мониторинг стационарлық станция арқылы күн сайын сынамалар мен талдау алумен өлшеніп жүр.
Бұған қоса, энергия ресурстарын тиімді пайдалану дәрежесі мен одан әрі тиімдірек пайдалану мүмкіндіктерін іздестіруді анықтау үшін жаңа энергетикалық аудит толық іске асырылуда. Келесі кезең тағы бір ауқымды жобаны, яғни энергия ресурстарын пайдалану және парник газдарын кәдеге жарату бойынша ұзақмерзімді жоспар жүргізу болып отыр.
Жақында ғана компания қазақстандық қызметшілердің, сондай-ақ экология мәселесіндегі мердігер ұйым қызметкерлерінің хабарын арттыру үшін экология бойынша семинар өткізді.
Семинарда ресурстарды тұтынудың артуы, пластик қалдықтардың көбеюі және т.б. бүкіләлемдік экологиялық мәселелер талқыланды. Қоршаған ортаға ықпалын азайтуға өз үлесін қосу үшін әркім күнделікті өмірде қолдана алатын бірқатар пайдалы кеңестер мен нұсқамалар берілді. Карантин режимінің әлі де жалғасуына орай, жұмыс онлайн режимде істелуде және таяу арада экология мен энергия үнемдеу тақырыбына бейнесабақтар әзірленетін болады.
Қазіргі дағдарыс әлемдік бизнес-қауымдастығының жұмысқа деген тәсілдерін өзгертуге мәжбүрлеген жаңа жаһандық трендтерді туғызды және ҚПО да бұдан тыс қалмады. Мұнай бағасының құлдырауынан кейін жалғасқан әлемдік коронавирус пандемиясына байланысты сын-тегеуріндерді еңсеру үшін ҚПО өзінің басым бағыттары мен бизнес-процестерін қайта қарауға мәжбүр болып отыр. Бұл бюджет пен жоспарлауды әзірлеу, жеткізілімдерді ұйымдастыру, инфрақұрылым мен қызмет көрсету, басқаларды айтпағанда, компания қызметкерлері мен мердігерлердің өзара қатынасын қоса алғанда көптеген салаларға да ықпал етуі мүмкін.
Қазіргі және алдағы тәуекелдер өзара іс-қимылдың жаңа түрлерінің пайда болуына ықпал етуі мүмкін. Сонымен қатар ҚПО ҚР бақылаушы органдарымен, облыстық атқарушы органдарымен, сала серіктестерімен және мемлекеттік мүдделерді, бизнестің негізгі мақсаты мен корпоративтік құндылықтарды біріктіретін басқа да мүдделі тараптармен тығыз ынтымақтастықты жалғастыратын болады.
ҚПО ұжымы алға бұрынғыдан да нық сеніммен қарайды және аса ірі Қарашығанақ кен орнын Қазақстан Республикасымен тығыз ынтымақтастықта игеру жоспарларын орындауға дайын. Бұл ынтымақтастық уақыт сынағынан өткен, соның арқасында пандемия туғызған қиыншылықты жеңіп, жарқын болашаққа аяқ басатын болады.