Деректерді құбылтпаңыз, министр мырза!
Деректерді құбылтпаңыз, министр мырза!
205
оқылды
Өйткені коронавирус пандемиясына қатысты деректер елді алаңдатып тұр. Бірақ Үкімет пен Денсаулық сақтау  министрлігі  соңғы кездері статистиканың өзін «ойната» бастады. Деректерде қайшылықтар көп. «Ауруымызды жасырғанымызбен, өлім әшекерелеп жатқанын» атқамінерлердің түсінбегені ме сонда? Жалпы, статистика дегеннің өзіне түрлі сын айтылып жатады. Амарикалық жазушы Марк Твен  Ұлыбритания  премьер-министрі Бенджамин Дизрэли айтты деп статистикаға қатысты  атышулы  афоризм қалдырыпты. «Өмірде өтіріктің үш түрі бар: жай өтірік, көзіңізді бақырайтып қойып айтылатын бетсіздердің өтірігі және статистика» депті жазушы. Әрине,  статистика деген саланы дәл бұлай тұқырта салуға болмас, бірақ  коронавирус пандемиясына қатысты қазақстандық деректерге қарап америкалық жазушының айтқаны рас-ау деген ойға қаламыз. Өйткені Денсаулық сақтау  министрлігі COVID-19   індетіне шалдыққандар мен одан қайтыс болғандарға қатысты деректерді құбылтып әлек. Симптомды және симптомсыз деп бір бөлген, екеуін қосып та санаған. Ақыры  көз жұмғандарды аптасына бір-ақ рет санайтын болған. Кейін стационарда емделгендер мен амбулаториялық ем алғандар дегенді де қосты. Ал халыққа  мән-жайдың ашықтығы,  шындық керек еді.  

Кісі өлімін  жасыру не үшін керек?

Соңғы мәліметтерге қарағанда,  коронавирус індетінен көз жұмғандар саны еліміз бойынша 264 адамға жетіпті. Бұл – 7 шілдедегі статистика. Ал келесі дерек 13 шілде, дүйсенбі күні жарияланады. Сөйтіп, бақандай бір апта біз коронавирустан қанша адамның көз жұмғанын біле алмаймыз. Бұл жаңалықты маусымның соңында  тағайындалған жаңа Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой енгізген. Осылайша, Елжан Біртановтың кезінде басталған статистикамен  «ойнау»  жаңа сипатқа  ие болды. Сөйтіп,   мейлінше әділ ақпарат таратуы мүмкін дейтін шетелдік ресурстар да біздің атқамінерлер құрған  шырғалаңнан шыға алған жоқ. Қазір әлемдік worldometers.info сайты да, Johns Hopkins  университетінің  есептеуіш  жүйесі де Қазақстанның ресми көрсеткіштерін  жариялап отыр. Ондағы деректер, әсіресе өлім-жітімге  қатысты мәліметтер  бір апта бойы өзгерген  жоқ. Ал ел ішінде  өлім деңгейінің  көбейіп кеткені байқалып тұр. Қазір әлеуметтік желілер көңіл айтуға толып кеткен. Арамыздан кетіп жатқан жас та, жасамыс та көп екені байқалады.  Бірақ Денсаулық сақтау  министрлігі пневмония мен коронавирустың бір-біріне  қатысы жоқ деген  ұстанымға мықтап бекініп алған сыңайлы. Елдегі өлім-жітімді COVID-19  індетімен  байланыстырмауға барын салып жатыр. Мәселен,  Денсаулық сақтау  министрлігі мамандары 29 маусым мен 5 шілде аралығында елімізде 415 адам пневмониядан қайтыс  болғанын мойындаған. Сөйте тұра, олардың нақты қаншасы коронавирус тудырған пневмониядан  көз жұмғанын айта алған жоқ. Ал өздері таратқан статистикаға сенсек, 2020 жылдың 8 шілдесінде ел бойынша пневмонияға шалдыққандар саны 40 257 адам болған. Соның  ішінде 9 523 адам коронавирус  пневмониясымен ауырып жатыпты. Демек, пандемияға қатысы жоқ деп саналған пневмониямен 30 734 адам ауырыпты. Шілденің 3-і күні  еліміздің бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова 2020 жылдың алты айында пневмониямен ауырғандар саны былтырғы жылдың осы уақытымен салыстырғанда 4 есе өскенін айтты. Сөйте тұра,  бұл дерттен көз жұмғандар санының көз өзгермегенін алға тарқан. 2019 жылдың алғашқы алты айында 1 780  адам осы дерттен көз жұмса, 2020 жылы осы уақыт ішінде 1 772 адам өмірден өтіпті. Бірақ маусымда пневмониядан көз жұмғандар саны өскенін мойындаған еді. Яғни, маусымда 628 адам пневмониядан қайтыс болған. Ал 29 маусым мен 5 шілде аралығында тағы 415 адам осы дерттен қайтыс  болғаны айтылды. Бірақ алғашқы 628 адамның қаншасы соңғы есепке кіргенін түсіндірген ешкім жоқ. Міне, дәл осы жерден статистиканы құбылту бірден көзге түседі. Өйткені 628 адамдық есеп  тұтас маусым айы үшін айтылған. Бас санитар дәрігер оны 3 шілдеде айтты. Кейінгі 415 адамның қайтыс  болғаны туралы  дерек 29 маусым мен 5 шілде аралығын қамтиды. Яғни, маусымның екі күні осы есепке кіреді. Демек, Денсаулық сақтау  министрлігі  пандемияға қарсы шараларды ұйымдастыруда кеткен кемшіліктерді жасыру үшін  деректерді құбылтуға тырысып жатқанға ұқсайды. Пневмониядан қайтыс болғандар саны жайлы айтпай, тек  короновирустан  көз жұмды делінген 264 адамды ғана алға тарта береді. Бұл өз кезегінде салалға жауапты басшылардың пандемияны бақылаудан шығарып алғанын, біздегі коронавируспен күрес ісі тек қарапайым дәрігерлердің ғана  иығына артылған жүкке айналғанын көрсетеді. Бәлкім, жаңа министр А.Цой COVID-19  індетінен  көз жұматындардың қатарын азайтып,  эпидемияны ауыздықтаған  қайраткер ретінде көрінгісі келді ме, әлде, шынымен де өзгеше тәсілі бар ма, қайдам, әйтеуір  адам өлімі жайлы деректерді аптасына бір-ақ  рет жариялау туралы бастаманы енгізген. Бірақ статистиканы құбылту  елдегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыра алмайтынын атқамінерлер ұқпаған тәрізді. Халық болса әрі-сәрі күй кешуде. Ал министр А.Цой брифингтің бірінде пневмония стаситикасына қатысты жеке «санамақ» ашылуы мүмкін екенін айтты. Әрі пневмонияның  коронавирустан 2-3 есе көп болуы  мүмкін екенін тілге тиек еткен. Бәрібір нақтылық жоқ. Ал біз министрліктің бұл әрекетін «сасқан үйрек артымен сүңгидінің» кері деп ұқтық. Бәлкім, коронавирус пандемиясын бақылаудан шығарып алғандарын жасырып, жұрттың көңілін  тыныштандыру мақсатын көздейтін шығар.    width=Айсұлу МОЛДАБЕКОВА, әлеуметтанушы: – Меніңше, өлім-жітім статистикасын аптасына жинақтап айту  күнделікті деректердің өсуі байқалғандықтан,  қоғамда белгілі  бір дүрбелең туғызбау үшін жасалған қадам деп білемін. Алайда сол деректің өзін  шынайы, объективті түрде бере алмай отырмыз. Коронавирустан қайтыс болғандар туралы дерекке пневмониядан көз жұмғандар жайлы мәліметтер қосылса, статистика тіптен қорқынышты болайын деп тұр. Ал статистиканы бұрмалау, жасыру саяси және әлеуметтік себептерге байланысты болып отырған сыңайлы. Елдің сыртқы имиджі  үшін де,  халық арасында дүрбелең туғызбау үшін де осылай жасаған болуы мүмкін. Бірақ шынайы жағдайдан қашқан сайын бұқараның наразылығы,  сенімсіздігі, хаос,  дүрбелең одан бетер көбейе береді. Себебі қазір  бірдеңе жасыру мүмкін емес. Әлеуметтік желілерден, мәйітхана алдындағы жағдайдан-ақ өлім-жітімнің күрт өскені  байқалады. Оған бірден-бір себепкер –  COVID-19. Мен өз басым коронавирус қана емес, өзге де сырқаттарға қатысты статистиканы жүйелеп отыратын, орталықтандырылған қызмет  ашу керек деп санаймын. Бізде статистиканы басқару шешімдерін шығарғаннан кейін қолданады. Ондай шешім қабылдаудан бұрын пайдаланбайды. Негізі, басқару шешімдерін қабылдайтын кезде статистика ескерілуі керек. Өлім-жітім себептері нақты көрсетіліп,  тек коронавирустан өлді демей, аппарат жетпеді ме, дәрі жетіспеді ме, орын табылмады ма, маман тапшы болды ма дегендей  қосымша деректер ескерілуі керек. Соған сәйкес, мемлекеттің тиісті өңірлерге қажетті шараларды қабылап отыруына болады. Мамандарды, дәрі-дәрмекті жіберу,  ауруханалар мен стационарларды алдын ала ұйымдастыру тәрізді қадамдар жасауға мүмкіндік туады.  Әйтпесе, қазіргі статистикамыз  шынайы жағдайды көрсете алмайды. Статистика  жинау мен өңдеудегі қателік  коронавирусқа қарсы шаралардың  тиімсіздігін көрсетеді. Біз статистикамен жұмыс істей алмаймыз, оның нәтижесін ескермейміз, оны басқару шешімдерінде қолдана алмаймыз.   coronavirus

Жазылғандар саны «күрт өсті»

Енді мына деректерге қарайық. Coronavirus2020.kz  сайты мен ресми Telegram   каналында 7 шілде күні  жарияланған мәліметтер бойынша  коронавирустан жазылғандар саны елімізде 16 183 деп көрсетілген. 8 шілдеде 16 928 болды. Содан соң сол күні кешке аяқ астынан 34 149 адам деп көрсетілді. Олардың 16 298-і сационарларда, 17 221-і амбулаторияларда емделген десті. 9 шілде күні бұл дерек бірден 35 137-ге жетті. Одан соң «қателесіппіз, деректерді түзеттік» деген мәлімет шықты да, жазылғандар саны 31 277 болды. Ал 10 шілде күнгі сағат 00.00-дегі дерек бойынша 31 815 адам жазылып шықты десті министрлік мамандары. Осылайша,  министрлік деректерді құбылтудың тағы да «теңдессіз  үлгісін» көрсетті. Әрине, індеттен жазылған отандастарымыздың қатарының өскеніне қуанамыз. Бірақ сандарды құбылтудың кесірінен  дәрігерлер еңбегі еш кетуі мүмкін. Өйткені біздегі медицинаны шынымен қуатты деп ойлаған жұрт сақтықты ұмытуы ғажап емес. Содан да болар, журналистер брифингтерде де, әлеуметтік  желілерде де министрлік мамандарына түрлі сауал қоюда. Бірақ мардымды жауап берген шенеунік жоқ. Сала басшылары түлкі бұлғаңға салып келеді. Бірақ онысында қисын болмай тұр. Ұсталып қалуда. Мәселен, журналист Дархан Өмірбек әлеуметтік желіде осы мәселеге  орай «Алексей Цой бүгін коронавирус жұқтырып қайтыс болған, бірақ ресми статистикаға кірмеген 101 адамның барын айтты. Мұның өзін Үкіметіміз өз еркімен айта қоймады. Журналистер коронавирус зиратында ресми деректегіден көп адам жерленгенін әшкерелеген соң ғана мойындауға мәжбүр болды» деп жазды. Бір сөзбен айтқанда, министрлік  өлімді жасырып отыр. Жасырғанда коронавирустан қайтыс болғандар санын азайтып көрсетуге тырысып жатыр. Сол себепті өмірден  өткендердің көбін пневмонияға телуде. Бірақ мұның  қауіпті тұсы бар. Әдетте, өкпе қабынуынан қайтыс болған адамдарды туыстары өз үйлеріне шығарып,  түрлі жоралғыларды сақтай отырып жерлейтіні сөзсіз. Бұл өз кезегінде вирустың  одан әрмен жайыла түсуіне  әсер етуі мүмкін. Екіншіден, өкпенің қабынуы неге өршіп кетті? Коронавиурспен күресеміз деп  жүріп министрлік өзге сырқаттарды ұмыт қалдырған жоқ па? Міне, бұл да өзекті мәселе.  

Шетелде өлім-жітімді күнде айтып жатыр

Әдетте,  шетелдерді мысал етуге құмар жұртпыз  ғой. Індет тарағалы бері көптеген елдің статистиканы күнде  жаңартатыны байқалады. Бәлкім, Қытай мен Солтүстік Корея ғана  деректерді толық ашпауы мүмкін, өзгесі ашық айтады. Өйткені ауруды жасырғаннан абырой таппайтынын өзгелер біледі. Мәселен, Түркияда күн сайын  жариялайды. Ал  халықаралық статистика ұсынатын worldometers.info сайты деректерді мейлінше кеңірек береді. Онда әр миллион адамға шаққанда ауырғандар, жазылғандар, соңғы күндері індет жұқтырғандар, емделгендер, тесттен өткендер, жағдайы ауырлар, қайтыс болғандар тәрізді деректердің барлығы бар. Онда күн сайын вирустың кесірінен көз жұмғандар саны да көрсетіліп тұрады. Johns Hopkins  университетінің деректері де осыған ұқсас. Әрі күнделікті деректердің маңыздылығына назар аударады. Өйткені күн сайын қайтыс болғандар, жұқтырғандар туралы деректерді ашық жариялау сол мәліметтер негізінде індетпен күрес алгоримтін түзуге көмектесетін болса керек. Атап айтқанда, күн сайын өлім-жітім деректерін жариялау аймақ басшыларына  тиісті нұсқаулар беруге мүмкіндік жасайды. Ал деректердің ашық болуы халықтың да сақтық  шараларына немқұрайды қарамауы үшін  қажет. Өкінішке қарай, елімізде  мұндай  деректі жасырып, ел ішіндегі өлім-жітімді пандемияға қатысы жоқ дүние ретінде көрсетуге  ұмтылыс басым. Бұл түйеқұстың аңшыны көргенде басын құмға тығатыны жайлы тәмсілден аумай қалып отыр.   Түйін: Қысқасы, Денсаулық сақтау  министрлігі статистиканы құбылту арқылы пандемиямен күрестің қарқынды жүріп жатқанын көрсетуге барын салып отыр. Іс жүзінде коронавирустан бөлек, пневмонияның да өршіп кеткені, оған COVID-19  пандемиясының тікелей қатысы болуы мүмкін екенін айтуға батылдары жетпеді. Шындықтан қорқатын тәрізді.  

Ардақ СҰЛТАН