Жиында облыстардың және үш мегаполистің аумақтық сайлау комиссиялары есептерін ұсынды. Қазақстанда сенаторларды тікелей сайлаушылар сайламайды, сайлау кезінде оларды халық атынан өкілдік ететін мәслихат депутаттары таңдайды.
– 2020 жылғы 13 маусым мен 12 шілде аралығында республика бойынша Сенат депутаттығына барлығы 94 кандидат ұсынылды. Салыстыра кетсек, мысалы 2017 жылы Сенатқа кезекті сайлауда – 89, оның алдында 2014 жылы – 88, 2011 жылы 96 кандидат ұсынылған болатын, – деді Ортсайлауком төрағасы Берік Имашев.
Яғни, жыл өткен сайын көп өзгеріс байқалмайды. Осылайша, Парламенттің жоғарғы палатасының 4 сайлауында да 1 сенатор орнына орташа есеппен 5-тен аса үміткерден келуде. Биыл үміткерлердің көбі Алматы облысына (9 адам), Нұр-Сұлтан (8) және Алматы қаласына (7) тиесілі. Ал Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстарында және Шымкент қаласында сенатор мандатына таласушылар аз: орташа есеппен 4 үміткерден ұсынылған.
Бұл жолы өзін-өзі ұсынушылар саны – 82 кандидат немесе 87%-ы. Бұл көрсеткіш 2017 жылы – 92,1%, 2014 жылы – 82,9%, 2011 жылы – 82,7% болған. Өз кезегінде биыл мәслихаттар арқылы 12 кандидат ұсынылды (2017 жылы 7 немесе 7,9% болды).
Сондай-ақ Б.Имашев Сенат сайлауындағы әйелдердің саяси белсенділігін атап өтті: ұсынылған үміткерлердің ішінде 19 әйел жүр, бұл бұрынғы жылдардағыдан жоғары: 2017 жылы – 13, 2014 жылы – 5, 2011 жылы 6 нәзік болмыс иесі бәйгеге түскен-тін.
Үміткерлердің орташа жасы – 51,1 жас (2017 жылы – 51,9, 2014 жылы – 54,1, 2011 жылы – 53,3 жас). Ең жас үміткер 30-да. Ең егдесі – 69-ға толып, 70-ке шыққан қария.
Мамандықтар бойынша 29 инженер, 20 экономист, 12 педагог, 10 заңгер, 10 аграрлық сала қызметкерлері, 7 дәрігер, 3 журналист, 1 саясаттанушы және 1 басқа мамандық иесі қамтылған. Ұсынылған кандидаттардың ішінде коммерциялық құрылымдардың 38 қызметкері, мемкәсіпорындар мен мекемелердің 23 қызметкері, 18 шенеунік, 9 қоғамдық ұйым өкілдері, 2 жұмыссыз адам бар. Сондай-ақ қазіргі іс басындағы 4 сенатор Сенатта қалу үшін өз кандидатураларын ұсынды.
Енді елде Сенат депутаттығына кандидаттарды тіркеу процесі жүріп жатыр: ол биыл 23 шілдеге дейін жалғасады. Өйткені сайлау туралы заңнамаға сәйкес сайлау комиссиялары мемлекеттік органдармен, соның ішінде салық органымен бірлесіп, кандидаттар ұсынған құжаттардың, табыс декларациясының дұрыстығын тексеруі тиіс. 13 шілдедегі жағдай бойынша әзірге тек 62 кандидат тіркеле алды.