– Еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты карантин режимі тағы екі аптаға созылып, шілденің соңына дейін жалғасады. Ертең үкіметтік комиссия шешім қабылдайды. Азаматтарымыз денсаулығын сақтау үшін карантиннің негізгі талабы – өзіндік оқшаулану шарасын қатаң ұстануы қажет, – деді Қазақстан Президенті.
Ол карантиннен зардап шеккендерге қолдау болатынын білдірді.
– Қазіргі кезде жағдайдың реттеле бастағанының алғашқы нышандары байқалады. Ахуалды толық тұрақтандыру үшін алдағы екі аптаның маңызы зор. Мұқтаж жандарға Үкімет шілде айына 42,5 мың теңгеден төлейді, – деді Қ.Тоқаев.
Осы күні Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен Ведомствоаралық комиссияның отырысында еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру бойынша бірқатар маңызды шешімдер қабылданды.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Атырау облысының кадрлық әлеуетін нығайту мақсатында өңірге 102 жоғары білікті медициналық маман, Маңғыстау облысына 56 маман жіберіледі.
Бір рет қолданылатын үш қабатты медициналық бетперденің бөлшек саудадағы ең жоғары бағасы қазіргі 118 теңгеден 85 теңгеге дейін, яғни 28%-ға арзандатылуы тиіс.
Отандық өндірістің көлемін ескере отырып, өңірлерде дене қызуын түсіретін және бактерияға қарсы препараттардың айлық қоры қалыптастырылды. Қазақстанға дәрілік заттардың 3,5 миллион орамасы жеткізілді. Олар өңірлер арасында бөлініп таратылады. Осы аптада қажетті қосымша дәрілік заттарды жеткізу ұйымдастырылады.
Белгіленген санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталмауына байланысты Денсаулық сақтау, Ішкі істер министрліктеріне, өңірлер әкімдеріне карантин режимінің әшкереленген бұзушылықтарын жоюға бағытталған барлық шараны қабылдау, мобильді топтардың жұмысын күшейту тапсырылды. Бұл ретте карантинді бұзған жеке тұлғаларға – 30 АЕК, заңды тұлғаларға – 230 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салу көзделгені ескертілді.
Сонымен қатар ауруханалардағы сырқаттарды оттегімен қамтамасыз ету мақсатында өңірлер әкімдіктері шұғыл түрде 2 600-ден астам оттегі концентраторын және медициналық газдарды сатып алуда.
«Елде қатаң шектеу шаралары қабылданды. Енді қоғамдық қозғалыстардың әлеуетін жұмылдырып, әр аудан, ауыл мен аулада әрбір тұрғынға карантин режимін сақтау қажеті туралы ақпаратты сапалы жеткізу керек», – деп түйді ВАК жетекшісі Е.Тоғжанов.