Қазіргі таңда аймақта коронавирус жұқтырған науқастарды емдеу үшін 400-ге жуық медицина қызметкері үздіксіз жұмыс істеп жатыр. Бүгінгі күннің батыр-лары – дәрігерлер науқастардың өмірі үшін күн-түн демей аянбай күресіп жүр. Медицина мамандары індет қарқын ала бастаған кезден бері үйлеріне бармаған. Олар Ақтау қаласындағы 4 қонақүйге орналастырылған. Атап айтар болсақ, Nur Plaza, Көктем, Анталия және Арман қонақүйлері. Осы орайда, «Nur Otan» партиясының бастамасымен дәрігерлердің қызметін қамтамасыз ету және қолдау мақсатында «Қаражанбас Мұнай» АҚ, «Каз Азот» АҚ, «Каспий Битум» ЖШС, «МАЭК-Қазатомпром» ЖШС және депутаттық фракция мүшелері медицина қызметкерлері орналасқан қонақүйлерге күнделікті қажетті сүт өнімдері мен жеміс-жидек, азық-түлік жеткізіп жатыр.
Сонымен қатар медициналық қызметкерлердің үздіксіз жұмысын жүйелендіру мақсатында «Nur Otan» партиясының ұйымдастыруымен дәрігерлердің жұмысқа қатынауы үшін арнайы 5 микроавтобус қарастырылған. Алдағы уақытта да «Nur Otan» партиясы дәрігерлердің үздіксіз жұмысын ұйымдастырып, жүйелі түрде қолдау көрсетуді жалғастыра бермек.