Осы бағдарлама аясында Батыс Қазақстан облысындағы Тасқала ауданында әлеуметтік және коммуникациялық мәселелер шешімін тауып жатыр. Былтыр аудан орталығында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен Қ.Сәтбаев және С.Жақсығұлов атындағы орта мектептер күрделі жөндеуден өткізілген. Енді биыл ауданнан ұсынылған 6 жоба аталған бағдарламаға еніп отыр. Осыған орай, Тасқала ауылындағы 28 көше мен 3 шағынауданның автомобиль жолдары, білім ордасы мен мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтеді. Қазіргі уақытта барлық жобалар бойынша конкурс өткізіліп, мердігер компаниялар анықталған.
Жол жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан «Айдана» ЖШС Скоробогатов көшесінде асфальт жамылғысының алғашқы қабатын салып, жұмысты бастап кетті. Осы мердігер компанияға ауылдағы 22 көшені жөндеу тапсырылған. Жөндеу жұмыстары үшін 1 млрд 263 млн 113 мың теңге көлемінде қаражат бөлінген. Ал Ахметқалиев, Саябақ, Шевченко, Панфилов, Халықтар достығы көшелерін жөндеу жұмысы «Ануш Құрылыс» ЖШС-не тапсырылды. Осы мердігермен 329 млн 146 мың теңгеге келісімшарт жасалған.
Одан бөлек, қазақтың көрнекті ағартушы-педагогі Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектеп пен ауданның мәдени ошағы, аудандық мәдени-демалыс орталығының күрделі жөндеу жұмыстарын «Энергия» ЖШС жүргізуде. Мектептің жөндеу жұмысына 160 млн 122 мың теңге бөлінсе, мәдениет үйі үшін 162 млн 946 мың теңге қарастырылған.
Еліміз үшін ауылдардың орны ерекше. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы инфрақұрылымдық мәселелерді шешіп қана қоймай, жергілікті халық үшін жұмыс орындарын ашуға негіз болып отыр. Жалпы, осы алты жоба бойынша 243 жұмыс орны ашылып, соның ішінде Халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы 16 жұмыс орны қарастырылған.